• USD 422.01

  • EUR 452.06

  • RUB 6.75

  • CNY 62.72

27 Мамыр, 05:32:08
+17°

Былтыр күзде мемлекет басшысының зейнетақы қорындағы шектік мөлшерден асқан қаражатты өз иелеріне беру туралы бастамасы баршамызды қуантқан еді. Бұл талайлардың баспаналы болуға үмітін үрледі десек те болады. Алайда шындап келгенде, халықтың жылдар бойына зейнетақы қорына жинаған қаржысы өзіне қолжетімді болмай тұр. Былай қарасаң, сол жасына лайықты керекті соманы жинап қойған. Шектік мөлшерден асқан қаражат – біреулердің тырбанып жүріп еңбек етіп, тіпті бірнеше жерден алатын жалақысынан жырып отырып, зейнетақы қорына бағытталған өз қаржысы.

 Бірақ әлеуметтік жағдайыңды көтереді деп үміттенген сол қаржыңа өзің иелік ете алмай, керісінше миллондаған қарызға батып, ақырында айыппұл төлесең ше?

Еліміздің бір тұрғыны ретінде өз басымнан өткен жайды баяндайын. Мемлекет басшысының шешімі шыға сала, қордағы қаражатымды тексердім. Шотымдағы жинағым шектік мөлшерден екі миллион теңгеге жуық  асып тұр екен. Ойланбастан, баспаналы болуға жұмсаймын деп шештім. Алайда, іле-шала  нарықта осыған дейін көздеп жүрген бір бөлмелі пәтерлердің бағасын қарасам, талып түсе жаздадым. Күні кеше ғана 11-12 миллион шамасында  тұратын ондай пәтер бағасы бірден 18-19 миллионға бір-ақ секіріпті.

 Өтініш беріп, қордағы артық екі миллионды «Отбасы» банкінен есеп шот ашып түсіріп те қойдым. Кезекті рет Enpf-otbasy.kz платформасында мәртебемді тексергенде, Отбасы банкке барып, мақсатымды нақтылау қажеттігін көрсетіпті. Банкке бардым. Қызық осы жерден басталды. Банк операторы 45 күн ішінде алатын үйімнің құжаттарын әкеліп көрсетуімді және зейнетақы қорынан алған қаржымның үстіне ақша құйып, алатын үйімнің елу пайыз мөлшерін жинап әкелсем ғана Отбасы банк арқылы үйлі болатынымды жеткізді. Әйтпесе қаржы кейін қарай БЖЗҚ қайтады екен.

Қазір нарықтағы бір бөлмелі пәтердің бағасы 20 млн. екенін ескерсек, 10 миллион теңге қолымда тұруы керек екен. Яғни зейнетақы қорынан алған 2 миллионымның үстіне тағы сегіз млн. өз қалтамнан құюуым керек. Сонша ақша қолымда тұрса, зейнетақы қорындағы екі миллионды күтпей-ақ осыған дейін үйлі бола бермеймін бе?! Оның үстіне 45 күннің ішінде үй бағасының да түсе қоймайтыны белгілі. Зейнетақы қорынан екі млн, алдым екен деп, құны ышқынып тұрған үйді жанталасып, қалайша небары 45 күннің ішінде  рәсімдей қоямын?! Ендеше, дәл осы жағдайда БЖЗҚ-дағы шектік мөлшерден асқан қаржыны алу жүйесін халыққа тиімді жүйе деп айта аламыз ба?! 

Амалым құрып, ең болмаса жер алайыншы дедім. Сөйтіп едім, менеджер: «Жер алу үшін құрылыс компаниясы арқылы жерді көрсетіп, сметаңызды бекіттіріп аласыз. Сосын екі жыл ішінде ол жерге үй тұрғызуыңыз керек. Үлгермесеңіз, айыппұл төлейсіз (!)» деді. Мәссаған! Өзі орта шаруаның там-тұмдап жинаған аз-маз қаржысына құрылыс компаниясын араластыру қаншалықты дұрыс? Бәлкім мен болмашы ақшамды тиімді игеру үшін танысымның арзанырақ қызметіне жүгінгім келетін шығар?! Өкінішке қарай, зейнетақы қорындағы қаражатты игеру кезінде мұндай мүмкіндіктер қарастырылмапты.

42500 теңге үшін вирусқа қарамай, құжат дайындап, шыбын жанынан 42500 артық болған халыққа екі миллион көп ақша болып көрінгені рас. Тіпті Отбасы банкіне салып, үстіне ақша жинап, үй бағасы түсуін күтіп, ілдәлап үйлі болуды ойлағаным да рас. Бірақ жеме-жемге келгенде тұрғын үй алу үшін елу пайызына да жетпейтін, жер алайын десем екі жылда ол жерге үй сала алмайтындықтан зейнетақы қорындағы қаражатымды кері қайтарудан басқа амалым болмай тұр...

Демек, жалғыз мен емес, мен секілді талай жанның ақшасы кері қайтары да анық! Сонда тетіктері халық мүддесіне сай ойластырылмаған бұл жүйеден не үміт, не қайыр?! Ендеше, елге ешқандай пайдасы жоқ нәрсені дырдай қылып жарнамалау жай халықты алдау ма? Халыққа осылай жақсы атты көріну кімге керек болды екен?... 

Қуаныш Ерсұңқар

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: жер бжзқ баспана

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір