• USD 424.85

  • EUR 504.21

  • RUB 5.84

  • CNY 65.86

27 Қараша, 05:58:22
Алматы
-5°

Анестезиолог-реаниматолог Ғабит Нұрханұлы Нұр-Сұлтан қаласындағы Көпбейінді медициналық орталықтағы қызметінен негізсіз босатылғанын мәлімдегеннен кейін өзіне қоқан-лоқы көрсетілгенін хабарлады.

Пандемия бойы әлеуметтік желіде вирустан сақтану жолдары туралы тұшымды ақпарат беріп, қоғамға ашықтығымен танылған Ғабит Нұрханұлы бұған дейін facebook-те дәрігерлік есепті қазақша бергені үшін орталық директорының инфекциялық аурулар бойынша орынбасары Татьяна Цечоева қыр соңына түсіп алғанын, ақырында "ротация жасаймыз" деп жұмыс графигіне қоспағанын жазған. Алайда көп ұзамай дәрігер жазбасы өшірілген. Қамшы тілшісімен сөйлескен Ғабит Нұрханұлы мұны "жазба қызу талқыланып, көпшілік көңіл аудара бастағанда құқық қорғау органы қызметкерлері хабарласып, мәселені шу шығармай шешіп беретіндерін айтып, жазбаны өшіруді сұрады" деп түсіндірді. Артынша "Татьяна Цечоеваның туысы" делінген әріптесі Виталий Калина қоңырау шалып, "шулатуды тоқтатпаған жағдайда әңгіме басқаша болады" деп қоқан-лоқы көрсеткенін айтады. Дәрігер "Татьяна Цечоевамен арамыздың сууына о баста қазақша сөйлеуім себеп болды" деп санайды.

Сондай-ақ ол Татьяна Цечоеваның "коронавирус госпиталінде адам ұзақ жұмыс істей алмайды. Қызыл аймақта көп жүрген маманға ротация жасалады немесе бір ай демалуы керек. Кейін жұмысқа кірісе алады. Мұны кез келген кәсіби кадр біледі" деген сөзін теріске шығарады.

 

– "Ротация" деген сылтаумен ұнамаған адамын шығарып, орнына адам алады. Қайта қызыл аймақта көп жүрген адамда иммунитет қалыптасады, егер жаңа адам алып келсе, ол ауырып қалуы мүмкін. Қыркүйек айынан бері бізде бірде-бір медицина қызметкері арасында ауру тіркелмеді. Бәрі – істеп жүрген ескі бригада. Менің жұмысымды бастағаныма 5 ай болды, ең соңғы келгендердің бірімін. Көбіне істеп жүргендерге 7-8 ай болған, – дейді Ғабит Нұрханұлы.

Дәрігер қызметінен босатылғаны туралы бұйрық жоқ екенін, бірақ жұмыс кестесіне де қоспай отырғаны айтады. "Олар графикке енгізілмегеніммен келіспей, өз еркіммен жұмыстан кеткенімді қалап отыр",  деген маман қазіргі таңда басқа жұмыс қарастырып жүргенін жеткізді. Сондай-ақ "кейде әділетсіздікпен алысып шаршағанша, шетелге кетіп, тыныш өмір сүрмеймін бе" деген ой келетінін де жасырмады.

Қамшы тілшісімен сөйлескенде Ғабит Нұрханұлының даусынан қобалжу байқалды. "Айтқандарым өзіме кесірін тигізе ме" деген үрей бар сияқты. Солай ма?" деген сауалға "олар мафия ғой, бірақ осыған бола өлтіріп тастамайтын шығар" деп тұтқаны қоюға асықты. Дегенмен әңгіме соңында айтқандарын жариялауға келісті.

Ғабит Нұрханұлы есімдерін атаған Татьяна Цечоева телефон тұтқасын көтермесе, Қамшы тілшісінің қоңырауына жауап берген Виталий Калина пікір білдіруден бас тартты.

Ал Нұр-Сұлтан қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов еңбек кодексі мен кәсіпорынның ұжымдық келісім-шарттарында қызметкерлерді бір орыннан екінші орынға ауыстыру бар норма екенін, соған сәйкес Ғабит Нұрханұлына реанимация бөліміне ауыстыратыны хабарланғанын жеткізді.

Сондай-ақ басқарма басшысы Ғабит Нұрханұлының "Татьяна Цечоева медицина орталығына туысқандарын жұмысқа орналастырғаны, жұмысқа қабылдау барысында тіл, дін, ұлт секілді ерекшеліктерге назар аударатыны" туралы айтқандарын жоққа шығарды.

Тимур Мұратов Ғабит Нұрханұлы жеке басқа нұқсан келтірген немесе құқықты бұзғаны туралы нақты дәлелдер болған жағдайда, тиісті құзырлы органдарға жүгініп, оны дәлелдеуге құқылы екенін ескертті.

Меліс Сейдахметов

Алматы облысы Кербұлақ ауданы Қызылжар ауылында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті философия және саясаттану факультетін бітірген. 2015-2019 жылдары «Президент және Халық» газетінде тілші, шеф-редактор болып істеген. 2019 жылдан бері Қамшы порталында қызмет атқарады.

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір