Қамшы редакциясына Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Күршім ауылының Табысбек Кангилда есімді тұрғыны хабарласып, "аудандық сот өзін негізсіз жауапкершілікке тартып отырғанын" жеткізді. Тұрғынның айтуынша, шіріп құлап жатқан теректі отынға алып кетпек болғанында, полицейлер "ағашты заңсыз кестің" деп айыптап, үстінен әкімшілік іс қозғаған.

Оқиға 2020 жылғы 30 қыркүйекте болған. 

– Ауыл маңында мал жайып жүріп, терек құлап жатқанын көрдім. Кейінірек трактормен келіп, үйге отынға алып кетпек болғанымда полиция қызметкерлері ұстады. Полицейлер теректі өсіп тұрған жерінен кесіп алғанымды айтсам, жеңілдік болатынын, әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама ғана толтыратынын айтты. "Егер өзі құлап жатқан ағашты алдым десең, бөтеннің мүлкін ұрлау болады, жазасы ауыр, сотталып кетуің мүмкін" деп қорқытты. Сондықтан қорыққанымнан полиция қызметкерлерінің айтқанына келістім, – дейді тұрғын.
 
2020 жылдың 4 қараша күні сот шешімімен Табысбек Кангилда әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің (ӘҚБтК) 381-1-бабы 1-бөлігі негізінде (ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу, жою немесе зақымдау) кінәлі деп танылып, көлік құралы тәркіленіп, 10 АЕК көлемінде айыппұл салынған.

Табысбек Кангилда соттың бұл шешімімен келіспейді. Өйткені шынайы жағдай істе баяндалғандағыдай болмаған.

– Оқиға болған жерді қарау хаттамасына фото тіркелген. Сол жерде "мен кесіп алды" делінген ағаш түбірінің фотасы бар. Бірақ фотоны әдейі дұрыс көрінбейтін етіп шығарған. Ол фотадан ағаштың не кесілгені, не өзі шіріп құлағаны дұрыс көрінбейді. Мен өзім сол жерге барып сол ағаштың түбірін фотоға және бейнетаспаға түсіріп алдым. Мен ұсынып отырған фотада ағаштың кесілмегені, керісінше өзі шіріп құлағаны анық көрініп тұр. Ағаштың бөлінген жері тегіс емес, егер ағаш арамен кесілген болса, ағаштың түбірі тегіс болу керек. Егер балтады десек, онда да балтаның іздері ағашта қалып, ағаш ұшкыншалары болуы керек және ағаш фотодағы секілді түбірінен бөлінбейді. Ал фотадан ағаштың ортасы ағарып, шірігені байқалады. Бұл ағаштың өзі шіріп, құлағанын маман түгілі қарапайым адамға да көрініп тұр. Айтқандарымды оқиға болған жерге барып, көз жеткізуге болады. Өсіп тұрған ағашты алғаным жоқ, тек өзі шіріп құлап қалған ағашты алмақшы болдым, – дейді ол.

Суретте Табысбек Кангилда

Табысбек Кангилда Қытайдан көшіп келген қандас. Кирилл әрпін танымайды. Табысбек Кангилдан полиция қызметкерлері кириллше жазылғанды оқи алмағанын пайдаланып кеткенін, ал сот қосымша жағдай жасап, аудармашы тағайындамағанын мәлім етті.

– Қытайда қазақ тілі араб әліппесі негізінде оқытылды. Сондықтан қазақша сөйлегеніммен, "кириллица" әріптерімен жазылған қазақ жазуын танымаймын. Қазақстанға көшіп келгелі арнайы курстарды оқитын мүмкіндігім болмады. Сотқа қазақша мәтінді оқи, жаза алмайтынымды айтқанмын. Соған қарамастан тексеру кезінде және сот процесі кезінде осы жағдай ескерілмей, маған аудармашы берген жоқ. Іс материалдарында менің қолыммен жазылған жазу жоқ. Тек қолдарым ғана бар. Полиция қызметкері трактор мен тіркемені уақытша қайтарып бергенге қолхат жазуымды сұраған кезде мен жаза алмаған соң, ол қолхаттың мәтінін компьютермен өзі теріп, маған қол қойғызды. Бұның бәрі менің "кириллица" әріптерімен жазылып-оқылатын қазақ тілін білмеуімнің дәлелі. Сонымен қатар іс жүргізу тілін білмегендіктен, полиция тексеру жүргізген кезде және сот процесі кезінде адвокат менің мүддемді міндетті түрде қорғауы керек болған. Бірақ сотқа адвокат қатыстырылған жоқ, – дейді Табысбек.

Күршім ауылының тұрғыны кесіп алды делінген теректің құнын сот 722,28 теңгеге бағалаған. Бірақ сот үкімі бойынша Табысбек Кангилданың құны бір миллион теңге тұратын тракторы мен тіркемесін тәркілеген.

– 2020 жылғы 4 қарашада Күршім аудандық соты мені ҚР ӘҚБт Кодексінің 381-1-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп тауып, негізгі жаза ретінде 19446 тенге айыппұл салып, қосымша жаза ретінде Қытай Халық Республикасында шығарылған трактор (мемлекеттік номері F 402 AME) мен тракторға тіркемені (мемлекеттік номері AWDF 920) мемлекет пайдасына тәркіледі. Мен соттың шығарған бұл қаулысымен келіспеймін. Біріншіден, мен жасаған құқықбұзушылық салдарынан мемлекетке келген зиянның мөлшері және маған тағайындалған жазаның мөлшері сай емес, Мені бір ағашты заңсыз кесті деп айыптап отыр. Келтірілген залал мөлшері небәрі 722 теңге 28 тиын. Соған қарамастан сот маған айыппұл салып қана қоймай, менің тракторымды және тіркемесін тәркілеп отыр. Қазіргі уақытта осындай трактор мен оның тіркемесі шамамен 1 миллион тенге тұрады. Мен осы трактор мен тіркемені банктен кредит алып сатып алған болатынмын. Несие әлі күнге дейін өтеліп біткен жоқ. Менің кәмелетке толмаған бес балам бар. Жұбайым сол балаларға қарап, жұмыс істемейді. Мен осы трактормен жаз айларында ауылдастардың шөбін шауып, оны тасып, табыс тауып отырмын. Қыс айларында осы трактормен даярлаған шөптің арқасында ауылдастардың ірі кара малдарын үйге алып бағып беремін де, сол үшін ақша аламын. Өзімде мал жоқ, Менің тракторымды және оның тіркемесін тәркілеп алып қойған жағдайда мен бес баламды қалай асыраймын? Бұл трактор қазіргі уақытта менің жанұямды асырап отырған жалғыз табыс көзі, – дейді араша болуды сұраған Табысбек.

Сот қаулысы шыққан соң өзіне адвокат жалдаған Табысбек аталған іске қатысты аппеляциялық шағым түсірген. Қазіргі уақытта осы оқиғаға қатысты сараптама тағайындалып, істің ақ-қарасы анықталып жатыр.

Бек Байтас

Журналист

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір