• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 18:33:37
Алматы
+35°

«Nur Otan» партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев партияның жастар фракциясы – "Jas Otan"-ның 20 жылдық мерейтойымен және келе жатқан Тәуелсіздік күні мерекесімен құттықтады.

Назарбаев тәуелсіздік жылдары қол жеткізген негізгі жетістіктерге тоқталып, осы жолда үлкен жұмыс атқарылғанын атап өтті.

– Мен бүгінгі таңда күллі қазақстандықтар мақтан тұтатын табыстарымызға жету қаншалықты қиын болғанын жақсы білемін. Өскелең ұрпақ қолда барды қадірлеуге, Отанымыздың әрі қарай өркендеуін ойластыруға, өз елін мақтаныш етуге тиіс. Жастар мүддесі әрдайым менің басты назарымда, – деді "Nur Otan" партиясының төрағасы.

Тұңғыш президент егемендік жылдары елімізде нақты әрі тиімді әлеуметтік лифттер құрылғанын айтты.

– Менің бастамаммен ел үшін ең күрделі кезеңде іске қосылған «Болашақ» бағдарламасымен 15 мыңға жуық жас қазақстандық білім алды. Бес жыл бұрын Назарбаев Университеті студенттерінің алғашқы легі түлеп ұшты. Осы жылдардың ішінде оқу орнында бес мыңға жуық маман даярланды. Мемлекет іске қосқан әлеуметтік лифттердің арқасында мыңдаған жас қазақстандық табысқа жетті, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

«Nur Otan» партиясының төрағасы партияның жастар қанатының мүшелеріне пандемия кезіндегі қайырымдылық шараларына және волонтерлік қызметке белсене атсалысқаны үшін зор ризашылығын білдірді.

Сондай-ақ ол жастар белсенділігі әрдайым саяси прогрестің қозғаушы күштерінің бірі болғанына назар аударды.

– Қазіргі кезде жігерлі әрі бастамашыл болудың маңызы ерекше. Өйткені біз тез өзгеріп жатқан әлемде өмір сүріп отырмыз. Көпшілікке таныс өмір салты артта қалғаны сөзсіз. Технологиялар мүмкіндіктеріміздің әлеуетін айтарлықтай арттыруда, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы елді дамыту және Қазақстанның тәуелсіздігін нығайту ісіне жастардың белсене атсалысуының маңызын атап өтті.

– Ел ертеңі мен ұлт тағдыры жастарға тікелей байланысты. Қазіргі ұрпақ заман талабына сай дамып отыруы керек. Бүгін айтылғандардың бәрін менің өсиетім деп түсініңдер, – деді Қазақстанның тұңғыш президенті.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір