Ресми дерек бойынша бүгінде Алматы қаласында 2800-ге жуық жеке тұрғын үй көгілдір отынға қосылмаған. Соның салдарынан тұрғындар үйін көмірмен жылытуға мәжбүр. Бұл бір жағынан әуресі көп іс, екінші жағынан қауіпсіздігі төмен. Әрі қымбат. Қоршаған ортаны ластайтыны тағы бар. Алайда үйге газ кіргізу де арзан емес. Сондықтан қала басшысы Бақытжан Сағынтаев тұрғындар үйіне газ қосуы үшін екінші деңгейлі банктер арқылы кредит беру мүмкіндігін қарастыруды тапсырған. Бұл бастаманы алғаш болып қолдағандардың бірі – Halyk Bank. Банк газ орнатуға пайызсыз кредит беруді бастап кетті. Бұдан бөлек тұрмысы төмен отбасыларға көгілдір отынды тегін жалғау жобасын қолға алды.

Фото: Halyk Bank-тің баспасөз қызметі

Halyk Bank басқарма төрағасының орынбасары Дәурен Сартаевтың айтуынша, жоба халықтың әлеуметтік осал тобына жататын және өз үйлерін газбен жабдықтағысы келетін басқа да қала тұрғындарын қамтиды.

 

Көмір жағу қаланың ауа тазалығына кері әсерін беретінін білеміз, сондықтан Halyk Bank халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал тобына жататын тұрғындардың үйлеріне газды тегін қосады. Алматы әкімдігі ұсынған тізімге сәйкес, үйге газды тегін қосу ғана емес, онымен қоса барлық қажетті газ жабдықтарын сатып алуға да көмектесеміз. Ал әлеуметтік тұрмысы төмен отбасы қатарына жатпайтын алматылықтар үшін пайызсыз кредит ұсынамыз. Бұл – біздің қаламыздың әуе бассейнін тазартуға қосқан үлкен үлесіміздің бірі, – Дәурен Сартаев.

 

Газ орнату жұмыстарын Temel Group Stroy компаниясы жүзеге асырып жатыр. Ұйымның атқарушы директоры Аслан Төлеутаевтың газ орнату жұмысы жеке қаралатынын айтты.

– Мәселен, кейбір үйлерде пеш орнатуға арналған бөлек бөлме салу қажет болса, ал кейбір үйде есік немесе терезені ауыстыруға тура келеді. Яғни, газ орнатуға қажетті жабдықтардан бөлек, басқа қажетті тауарды алу, оны орнату жұмыстарын да атқарамыз, – дейді компания директоры.

Зейнеткер, 3-топ мүгедегі Галина Гончарова Halyk Bank-тің арқасында от жағу секілді тауқыметтен құтылғанын жеткізді.

Фото: Halyk Bank-тің баспасөз қызметі

– Мен үйді жиырма жыл бойы көмір жағып, жылытып келемін. Маған бұл өте қиын еді, өйткені аяғым ауырады. Енді, міне Halyk Bank-тің арқасында менің арманым орындалды, бүгін менің үйіме газ қосылды. Бұл игі іске ризашылығым шексіз, – деді зейнеткер.

Үйіне көгілдір отын жалғанған жандардың бірі – жалғызбасты ана Гүлбахрам Бултакова да банк тарапынан жасалған осындай игі іске дән риза.

– Бұрын қызым екеуміз бөлменің дәл ортасында тұрған пешті жағатынбыз. Банктің қолдауының арқасында үйге газ жеткізіліп, үйге жылу жүйесі орнатылды. Олар пеш тұратын бөлмені де өздері тұрғызды, мен банкке шын жүректен ризамын, – дейді жүзі балбұл жайнаған жалғызбасты ана.

 

Halyк Bank тұрмысы төмен отбасылардың үйіне газ қосу үшін 60 миллион теңгеден астам қаражат бөлді. Бүгінгі күні 10 отбасыға газ тегін орнатылды, жыл соңына дейін Наурызбай және Алатау ауданы бойынша 70 астам үйге тегін газ тарту жоспарған.

 

Алматы қаласының кез келген тұрғынында газ жабдығын орнату үшін пайызсыз кредит алу шарттары төмендегідей:

  • Сыйақы мөлшерлемесі – 0%;
  • Займды ресімдегені үшін комиссия – 0,1%
  • Кредиттеу мерзімі – 18 айға дейін
  • Бір жеке тұлға үшін займның сомасы – 309 000 ₸ мөлшерінде

Пайызсыз кредит алу үшін азаматтар келесі қадамдарды орындауы қажет:

– қажетті құжаттардың тізімімен кеңесу үшін аудан әкімдіктерімен байланысу;

– газды қосудың техникалық шарттарын алу және қызметті ұсынатын компаниялармен келісім жасау;

– осы келісіммен кредит алу үшін келесі мекенжайлардағы Halyk Bank-тің екі бөлімшесінің біріне хабарласу:

  • Түрксіб ауданы, Кунгурская көшесі, 2 үй, Halyk Bank, 131832 бөлімшесі;
  • Әуезов ауданы, «Жетысу-4» шағын ауданы, 13 «А» үй, Halyk Bank, 30 ЖСО

Бағдарлама туралы толығырақ банк сайтынан танысуға болады.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір