Мамыр айында өкілеттігі тоқтатылған экс-сенатор Дариға Назарбаеваның алдағы мәжіліс сайлауы қарсаңында "Nur Otan"-ның партиялық тізіміне енуі әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. 

2020 жылғы 2 мамыр күні Дариға Назарбаеваның сенат төрағасы ретіндегі өкілеттігі тоқтатылған. Бұл қызметке ол 2019 жылғы 20 наурызда тағайындалған. Оған дейін әртүрлі жылдары "Хабар" агенттігінің төрағасы, мәжіліс депутаты, вице-премьер қызметтерін атқарған.

Назарбаева соңғы қызметінде конституция бойынша президенттен кейінгі тұлға болған. Әлеуметтік желіде "Тоқаев отставкаға кетіп, оның орнына Назарбаева отырады-мыс" деген әңгіме тараған. Алайда ол ақпаратты ресми орындар әлденеше рет терістеген.
 
Дариға Назарбаев 2013 жылы Қазақстанның ең бай 50 адамының қатарына кірген. Forbes Қазақстан журналы жариялаған елдің ең дәулетті бизнесмендерінің 2019 жылғы тізіміне Назарбаева енбеген.
 
Биыл Дариға Назарбаев айналасында бірнеше даулы оқиғалар болды. 16 тамызда өмірден өткені хабарланған ұлы Айсұлтан Рахат жыл басынан бері әлеуметтік желіде анасы мен нағашы атасы Нұрсұлтан Назарбаев туралы бірнеше шулы мәлімдеме жариялаған.
 
Сондай-ақ Назарбаеваның Лондондағы әскеуде қымбат мүлкі бары туралы ақпараттар шыққан. Назарбаева мен оның үлкен ұлы Нұрәли Әлиевке тиесілі Лондондағы үш қымбат үй бұғатталып, артынша бұғаттан шығарылған. Ұзамай youtube желісінде Дариға Назарбаеваның "День победы" әнін айтып, билеп жүрген видеосы тарады. Кейбір желі қолданушылары видеодағы жағдайды Лондондағы мүліктен бұғаттаудың алынуымен байланыстырған.
 
Осындай видеолар мен өзі жетекшілік ететін Нұрсұлтан Назарбаев атындағы қордың шараларында төбе көрсеткені болмаса, Дариға Назарбаева өкілеттігі тоқтағаннан кейін жұрт көзіне көп түсе бермеді.
 
Енді міне, "Nur Otan" партиясының мәжіліс сайлауына ұсынған партиялық тізіміне еніп отыр. Осы мәселе бойынша Қамшы тілшісіне пікір білдірген сарапшылардың бірі "Назарбаеваның кандидат атануға моральдық құқығы жоқ" десе, бірі бұл – мән беретіндей оқиға еместігін айтты.

Академик Хангелді Әбжәнов Дариға Назарбаеваның саясатқа оралуын құптамайтынын жеткізді.

 

–  Үлкен саясатта мінсіз, кіршіксіз адам жүруі керек деп санаймын. Ал Дариға Нұрсұлтанқызы бір кездері көптеген даулы оқиғалардың ортасында жүрді. Шетелде үлкен ұлы Нұрәли Әлиев екеуінің зәулім сарайларының айналасында да дау шыққаны жұртшылыққа мәлім. Ал ол сарайлардың қандай ақшаға сатып алынғаны мүлде жұмбақ нәрсе. Кесімді айлықпен мемлекеттік қызметте істеген адам ондай мүлікті қай ақшасына алады? Қайтыс болып кеткен ұлы әулеттің жағымсыз жақтарын айтып кеткені тағы бар. Дариға саясатқа келмей-ақ, өзінің жеке шаруаларымен айналысып жүре беруі керек еді. Қазір халық бәрін көріп, біліп отыр. Халықты алдай алмайсың, – деді тарихшы.

 

Ғалымның айтуынша, Дариға Назарбаеваның саясатқа келуіне қажеттілік те болмаған.

– Дариғаның үлкен бастамаларын, үлкен мәселелерді шешкенін көрмедік. Оныкі "Ата даңқымен қыз өсердің" кері ғой. Бұл мәселеде мен Нұротанды қолдамаймын. Нұротан осы арқылы абырой жинай алмайды, – деп атап өтті академик.

Саясаттанушы Әзімбай Ғали ескі күштер мен жаңа күштердің күресі ұдайы жүретінін, түбінде жаңа күштер жеңеді деп санайтынын айтып, президент Тоқаев саяси күрестің жолдарын меңзегеніне назар аударды.

 

– Дариға секілді ескі әкімшілік жүйенің символдары күреске қатысқалы жатқаны таңғаларлық дүние емес. Бірақ қоғам өзінің таңдауын жасайды. Қазір азаматтардың 65 пайызы қалада тұрады. Саяси белсенділік артып келеді. Байқасақ, Тоқаев "біздің демонстрация жасауға құқығымыз бар" деді. Сондықтан саяси күрес жолын президенттің өзі меңзеп тұр, көріп тұр, біліп тұр. Бұл үрдіс күрес арқылы Тоқаевтың жеңісімен аяқталады. Қоғам алға жылжиды. Сүйкімі кететіндердің сүйкімі кетеді. Биліктегі адамдардың десакрализациясы қашып құтыла алмайтын үрдіс, – деді Әзімбай Ғали.

 

Саясаттанушы Дос Көшім Дариға Назарбаеваның үміткерлер тізіміне енуіне маңыз берудің қажеті жоқ екенін атап өтті. Саясаттанушы "Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы болғандықтан ғана Дариға Назарбаеваның тұлғасын ерекшелемеу керек. Оның көктемдегі отставкасы осы сөзді дәлелдей түсіп, "Назарбаев билікті қызына мұра етіп беріп кетеді" деген сценарийді жоққа шығарды" деп айтты.

– Мен үшін Дариға Назарбаева Нұротандағы жүздеген үміткерлердің, белігілі бір бағытты ұстанған топтың бірі ғана. Олардан еш ерекшеленбейді. Дариғадан бөлек, қайтадан ұсынылып отырған бірнеше адам бар. Назарбаева солардың қатарындағы адам ғана. Әңгіме басқада. Саяси оңы мен солын танитын адам қазір жоғарыға (билікке – ред.) бармайды. Өйткені жүйені жалғыз-жарым өзгерте алмайсың. Жүйе деген топ. Ешқандай "кітапхана", "ақорда" деген жоқ Олар біреу-ақ және билікті уыстарынан шығарғысы келмейді. Сондықтан оның ішінде Назарбаеваны бөлек қараудың реті жоқ, – деді ол.

Саясаттанушы Андрей Чеботарёв Дариға Назарбаеваның үлкен саясатқа оралатыны күтілген оқиға болғанын айтып, "ол мәжілісте комитеттердің бірін басқаруы мүмкін немесе мәжіліс спикері атануы ықтимал" деді.

 
Меліс Сейдахметов

Алматы облысы Кербұлақ ауданы Қызылжар ауылында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті философия және саясаттану факультетін бітірген. 2015-2019 жылдары «Президент және Халық» газетінде тілші, шеф-редактор болып істеген. 2019 жылдан бері Қамшы порталында қызмет атқарады. Qamshy.kz сайтының бас редакторы.

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір