Фото: vnovtk.ru
Мектеп директорлары оқу жылы басталар алдында педагогикалық кеңестер өткізіп жатыр. Әр білім беру ұйымының басшысы ұжымына мектепте оқу жылы қалай басталатынын, штаттық режимде оқитындар үшін қандай санитарлық қауіпсіздік шаралары қабылданғанын, балаларды қашықтан оқыту үшін мектеп қандай платформаны таңдағанын, бағалау жүйесіне қандай өзгерістер енгізілгенін және оқу процесін ұйымдастыруға қатысты өзге де сауалдар бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайларға байланысты 2020-2021 оқу жылы қашықтан білім беру форматында басталады. Ата-аналардың қалауы бойынша мектептерде 1-4 сынып оқушылары үшін кезекші сыныптар жұмыс істейтін болады. Бір сыныпта білім алушылар саны 15-тен аспайды.
Педкеңес барысында педагогтерге оқыту ережелері мен кезекші сыныптарда санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары егжей-тегжейлі түсіндіріледі. Оқушылар мен педагогтердің температурасы күнде өлшеніп, дене қызуы нормадан жоғары болған жағдайда және ауру белгілері анықталса, педагогтер жұмысқа кіріспейді, ал оқушылар үйлеріне қайтарады.
«Егер ата-аналар немесе балалардың заңды өкілдері ниет білдіріп, өтініш жазса, ал мектеп санитарлық нормаларды қатаң сақтауға дайын болса, бастауыш сынып оқушылары мектеп қабырғасында оқи алады. Мектептерде жоғары сынып оқушыларының кабинеттері бос болғандықтан, бұл кабинеттерді де бастауыш сыныптарды оқытуды ұйымдастыру үшін пайдалануға болады. Ата-аналардың өтініштерін сынып жетекшілері қолжетімді байланыс құралдары арқылы онлайн-форматта қабылдайды. Мектеп формасына қатысты: жалпы формаға қойылатын талаптар жойылмайды, бірақ уақытша өзгерістер енгізілді, соған байланысты биыл ата-аналар баланы мектеп формасында немесе басқа да ыңғайлы киіммен жіберу туралы шешімді өзі қабылдайды», – деп атап өтті БҒМ баспасөз қызметі.
Мектептердегі компьютерлер балаларға уақытша пайдалануға беріледі. Сонымен қатар білім басқармалары, бөлімдері қосымша компьютерлер, ноутбуктер, планшеттер сатып алып, қабылдау-тапсыру актілері негізінде оқушыларға тапсырады.
Әрбір өңір, білім беру ұйымы қашықтан оқытуды ұйымдастыратын интернет-платформаны өзі таңдайды. Қашықтан оқыту форматы аясында мұғалімдер мен оқушылар платформа арқылы стриминг жүйесін қолданатын болады.
Сондай-ақ педагогикалық кеңесте мұғалімдерге сабақты ұйымдастыру бойынша ұсыныстар талқыланып жатыр. Шалғайдағы ауылдық елді мекендерде орналасқан шағын жинақты мектептерде күндізгі форматта оқытуды ұйымдастыру мәселесі де назардан тыс қалмайды.
Күн тәртібіндегі тағы бір маңызды тақырып – карантиндік және шектеу шаралары жағдайында 2-11(12) сыныптардағы оқушылардың оқу жетістіктерін бағалау. Педагогикалық кеңестерде білім алушылардың оқу жетістіктерін бағалау жүйесіндегі уақытша өзгерістер талқыланып жатыр.
ҚР БҒМ баспасөз қызметі
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір