• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

15 Қараша, 22:34:18
Алматы
+12°

Әр уақыт, әр кезең өз жүйесін, өз "ауа райын" қалыптастырады. Ал қазір әлем халықтарының абыр-сабыр кезеңді бастан кешіп отырғаны жасырын емес. Жаппай халықты жалмап жатқан аты жаман вируспен дүниежүзі елдері карантин жариялап, күрес жүргізіп келеді. Алайда үзіліске де, дағдарысқа да қарамайтын, кезек күттірмейтін мәселелер болады. Дүниежүзілік экономикалық форумның жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексіндегі рөліне назар аударсақ, Қазақстанның бастамалары көңіл қуантады. Соларға тоқталып өтейік.

ҚР тәуелсіздік алғалы бері көптеген халықаралық тарихи маңызы бар шешімдер қабылдағаны белгілі. Біріншіден, 1991 жылдың 29 тамызында қабылданған ядролық қаруды таратпау мен қарусыздандыру бастамасы. Бұл – қазақстандықтар арасында ғана емес, бүкіләлемдік қоғамдастық тарапынан кең қолдау тапқан тарихи әрі батыл шешім. Екіншіден, 1992 жылы құрылған Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК), яғни құрлықтағы мәні зор қауіпсіздік құрылымы. Азиядағы бейбітшілік пен қауіпсіздікке үнқатысу және ынтымақтастық арқылы ғана қол жеткізуге болатынын жария еткен бұл бастама Азия елдері басшылары тарапынан үлкен қолдауға ие болды. Үшіншіден, Батыс пен Шығыстың заманауи нақты жағдайларын есепке ала отырып, солтүстік Еуразия мен Орталық Азия елдерінің біртұтас экономикалық, саяси кеңістігін біріктіруді мақсат еткен Еуразиялық одақтың құрылуы. Сондай-ақ, БҰҰ-ның 100 жылдығына ұсынған 2045 жылға дейінгі Стратегиялық бастаманы үлкен жетістіктер қатарына қосуға болады. Мұнда барлық ұлттардың әлемдік ресурстарға және нарыққа қолжетімділігін қамтамасыз етуге тиістігі, адамзаттың дамуына септігін тигізетін үлкен жауапкершілік көрініс табуы керектігі басты назарға алынған.  

Әрине, кенжелеп даму кемшілікке жатпайды. 29 жыл – салыстырмалы түрде, ұзақ мерзім емес. Осы уақыт аралығында Қазақстан әлемнің дамыған алпауыт елдерімен иық тірестіретін деңгейге жетті. Халықаралық  проблемаларды шешуде үлкен рөл атқарып келеді. Беделді ұйымдарға төрағалық ету де еліміздің беделін арттырды. Жетістіктер қатарына әлемнің сарапшылар қауымдастығына әлем экономикасы мәселелері жөнінде ашық және бұқаралық пікірталастарды жүргізуге жағдай жасайтын көпфункциялы G-Global платформасын, әлем назарына іліккен EXPO-2017 көрмесін қосамыз. Биыл ғана Астана қалалық туризм бойынша, сегізінші жаһандық саммитті өткізу мүмкіндіген ие болғанымыз туралы қуанышпен хабарлаған болатынбыз.

Қазақстанның экономикада, саясатта, мәдениет және спортта жеткен жетістіктері сан алуан. Еуразия құрлығындағы басты шараның бірі саналатын Астана экономикалық форумына 2019 жылы әлемнің 74 елінен сарапшы, кәсіпкер, саясаткер мен ғалымдар қатысқаны белгілі. Расында, жаһандық мәселелерді шешуде белсенді ынтымақтастық аса маңызды. Бүкіләлемде жасыл экономикаға арналған экожүйе жоқ. Біздің елімізде өткен форумда осы мәселе талқыланып, Қазақстан мен Сауд Арабиясы тиісті келісімге қол қойған болатын.

Әлемдік мәселелерді көтеретін шаралардың бастамашысы болу – еліміздің жетістігі. Еліміз тау қозғалса да қозғалмайтын, дау іздесе де жау іздемейтін, дарақыланса да дандайсымайтын халық. Тарих көрсеткендей, Қазақстанның жаһандық идеялары мен бастамалары бүкіләлем өкілдерінің жүректері мен саналарынан орын тауып, біртіндеп іске асу үстінде.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір