29 Шілде, 2020 Барлық аймақтар

ДДСҰ: Коронавирустың таралуына жыл мезгілі әсер етпейді

Көрнекі сурет

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы COVID-19 таралуының маусымдық сипаты жоқ және ауа райының өзгеруімен де байланысты емес екенін айтты. Вирустың таралуын барлығына белгілі қарапайым ғана шараларды қолданып қана тоқтатуға болады, соның бірі – әлеуметтік қашықтықты сақтау, деп хабарлады БҰҰ жаңалықтар орталығы.

– Вирустың таралуына жыл мезгілі әсер ететініне сенуге әзірге негіз жоқ. Оның адамдар көп жиналатын, физикалық қашықтық сақталмайтын жерде таралатыны белгілі, – деді доктор Маргарет Харрис.

ДДСҰ-ға келіп түскен мәліметтерге қарағанда, бүгінде COVID-19 вирусын жұқтырудың 16 301 736 оқиғасы расталып, одан 650 069 адам көз жұмды.

Пандемияның ошағы – Солтүстік және Оңтүстік Америка, онда 8,7 млн оқиға тіркелді. Екінші орында Еуропа – 3,2 млн, одан кейін Оңтүстік-Шығыс Азия (1,8 млн), Шығыс Жерорта теңізі елдері (1,5 млн), Африка – 712 920 және Батыс Тынық мұхиты аймағы 291 993 тұр.

Маргарет Харрис Женевада өткен баспасөз конференциясы кезінде COVID-19 вирусы маусымдық сипатқа ие деген пікірді жоққа шығарды.

– Мысалы, қазіргі кезде жаз мезгілі болып жатқан АҚШ-та індет өршіп тұр, ауру жұқтырудың ең көп оқиғасы сонда тіркелген, – деді Харрис.

Харристің айтуынша, қыс түскен оңтүстік жарты шарда "қызық" жағдай қалыптасқан. Онда маусымдық тұмау емес, COVID жұқтырудың жоғары көрсеткіші тіркелген.

– Оңтүстік жарты шарда тұмау кешірек басталады деп ойлаймыз. Климаты бірқалыпты елдерде тұмау вирусы "маусымаралық" жағдайға оралған, – деді Харрис.

Әзірге елдерге бір уақытта екі вирус – COVID-19 және тұмаумен күрес жүргізу керек болса, жағдайдың қалай қалыптасатынын болжап айту қиын.

– Респираторлық ауру деңгейі жоғары жерде екіншісі тарала бастаса, денсаулық сақтау жүйесіне үлкен жүктеме түседі, – деп толықтырды Маргарет Харрис.

COVID-19-ға тестілеу ақылы болу керек пе деген сұраққа ДДСҰ өкілі бұл шешімді елдердің өздері қабылдауы керек екенін айтты.

– Егер сіз тест жасамасаңыз, онда біз аурудың қайда болғанын білмейміз. Біз сондай-ақ барлық елдерді тестілеу ауқымын және оған қол жетімділікті кеңейтуге шақырамыз, – деді ол.

Ілмек сөздер: COVID-19 Коронавирус

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір