• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 14:32:39
Алматы
+35°

Соңғы 5-6 күнде әлеуметтік желіде "Қазақша жаз" қозғалысы пайда болды. Қозғалыс белсенділері елдегі ірі компаниялардың әлеуметтік желідегі парақшасында орыс тілімен қатар қазақша да мәлімет беруін мәдениетті түрде сұрап, мәселе көтереді. Нәтижесінде бірнеше мекеменің парақшасын қазақша сөйлетті. Қамшы тілшісі қозғалыс ұйымдастырушыларының бірімен сұхбаттасты (есімін атамауды өтінді). 

"Қазақша жаз" қозғалысын құрушының бірі қозғалыстың қалай құрылғаны жайлы баяндап берді.

– Бұл қозғалыс 20 шілде күні құрылды. Қозғалысты құру идеясы Instagram әлеуметтік желісінде бірнеше белсендінің "Qazaq Republic" киім бренді компаниясының парақшасына жазылған талап-тілегінен басталды. Олар компания парақшасына "Мәліметтер неге тек орыс тілінде жазылған? Қазақша жазбалар неге жоқ?" деп сыпайы түрде пікір қалдырады. Кейін дүкеннің басшылығы талаптарды назарға алып, парақшаны қазақ тілінде де жүргізе бастайды. Осыдан соң, біз, тұтынушылар мәдениетті түрде өз талабымызды қойсақ, нәтиже беретініне көзіміз жетті. Өзіміз секілді қазақша ақпаратқа сусап жүрген адамдардың басын қосып, Telegram арнасынан арнайы чат аштық. Қазақстандағы ірі компаниялардың бәрінен қазақша да ақпарат беруін, әлеуметтік желідегі парақшаларын қазақша да жүргізуін сұрауды жоспарладық. Бір күнде топқа 300-дей адам жиналды, – дейді ол.

Ол қозғалысты құруды аса керемет идея деп ойламайтынын жеткізді.

– "Қазақша жаз" қозғалысын құру керемет идея деп ойламаймын. Тіл мәселесі біздің қоғамда пісіп жарылайын деп тұрған жара екені анық. Бәріміз де елдегі ірі компаниялардың тұтынушысымыз. Samsung-тың гаджетін пайдаланамыз, Glovo арқылы тамаққа тапсырыс береміз дегендей. Осындай ірі бизнес әлемінің де өз ойлағаны бар шығар. Тауар сатып, өнім шығаратын компаниялар тұтынушыларымен байланысты көбіне орыс тілінде жүргізеді. Бізге осы ситуация ұнамайды. Елдегі ірі компаниялар әр адамның қазақша да ақпарат алуға құқы бар екенін түсінсе дейміз, – деді қозғалыс құрушыларының бірі.

Оның айтуынша, қозғалыстың құрылғанына бір апта толмаса да нәтижесі көңіл қуантады. Қозғалыстың талап етуімен елдегі ірі Samsung, KFC, Qazaq Republic, Glovo, Chocofamily, LG секілді компаниялар әлеуметтік желідегі парақшасында қазақша да ақпарат бере бастады.

– Қазақша ақпарат беруін талап етуіміз Qazaq Republic киім брендінен басталды. Қазір олар сипаттамасын да қазақша жазатын болды. Қазақша-орысша посттар сала бастады. Одан кейін Samsung компаниясынан қазақ тілінде де ақпарат беруін сұрадық. Олар да өтінішімізге құлақ асты. Әлеуметтік желідегі парақшасын қазақ тілінде жүргізе бастады. Бұдан соң қозғалыс мүшелері KFC, Glovo компанияларынан парақшасын қазақша жүргізуді сұрады. Бұл мақсатымыз да орындалды. Келесі межеміз елдегі "Chocofamily" деген ірі холдинг болды. Олардың Әлішер Елікбаев атты өкілімен келіссөз жүргіздік. Арнайы мамандар іздестіріп жатқанын айтып, қазақша да ақпарат беретініне уәде берді. Одан соң LG компаниясы да әлеуметтік желідегі парақшасын қазақша жүргізуді қолға алды, – деп қозғалыстың жетістіктерін атап өтті ол.

Qazaq Republic киім дүкені

Қозғалыс өкілінің айтуынша, белсенділер сұранысын елеусіз қалдырып отырған компаниялар да бар.

– Әлеуметтік желіде парақшасын қазақша жүргізуді сұрап, пікір жазсақ та елемей отырғандар бар. "Starbucks Қазақстан" мен "Mechta" компанияларынан желідегі жазбаларын қазақша да жазуын сұрадық. Жекемізге "Өтініштеріңізді басшылыққа жеткіздік" деген жауап қайтарды. Алайда әлі күнге дейін парақшаларында ақпаратты қазақша бермеді. Ал Технодом ара-тұра қазақша жазып жүр. Біздің талап-тілегімізді орындамаған мекемелер қазақ тіліндегі ақпараттарды тұрақты бермейінше, мақсатымыздан бас тартпаймыз, – дейді ол.

Оның сөзінше, "Қазақша жаз" қозғалысының бағытын қолдап, көмектесіп жатқандар аз емес.

– Біздің идеямызды қолдайтын, іске асыратын адамның кез келгені – демеуші. Бұл – қоғамдық шара, уақытыңызды ғана бөліп жасайтын нәрсе. Ал рухани тұрғыда көмектесіп жатқан адамдар бар. Әлеуметтік желідегі парақшасында жүз мыңдаған оқырманы бар адамдар бізді қолдап жатыр. Қозғалысқа қосылып жатқан өнер адамдары да баршылық. Жақын арада "мега жұлдыздарымыз да" қатарымызға қосылады деп үміттенемін, – деді ол. 

Құндызай Өтеген

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір