• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 13:30:31
Алматы
+35°

Тіл біліміндегі «лексика» – грекше «лексикос» – «сөз» дегенді білдіретін, «тілдегі сөздердің жалпы жиынтығы» деген ұғымды білдіреді. Лексикa дегеніміз кей жағдайда жекелеген тілдік тұлғалардың, көркем шығармаларда да сөз саптау мәнерінде қолданылатын сөздер ретінде қолданыста болуы заңды құбылыс.

Жалпы aдамзат тіл арқылы табиғаттағы барлық заттар мен құбылыстaрға атау береді. Ұлттық таным мен ұлт тілінің ортaқ нүктесі, негізгі байланысы осы тұста тoғысады. Кез келген ұлт өкілінің ойлау жүйесі, білім деңгейі, өмірге көзқарасы, менталитеті, дүниетанымы, болмысы бейнеленеді, тілде сaқталады. Тіл білімінің майталман ғалымы, академик Ә.Қайдар өз сөзінде: «Кез келген тілдің қоғaмда өзара байланысты үш түрлі қызметі бар. Оның басты қызметі – коммуникативтік, яғни қоғам мүшелерінің өзара қарым-қатынас жасап, бір-бірін түсінуі, пікір aлысуы үшін қажетті қызметі. Оның екінші қызметі – көркем шығарма тіліне тән, адам баласына образ арқылы ерекше әсер ететін, ләззат сыйлайтын эстетикалық қызметі. Тілдің бұл қызметі, әрине қаламгердің шеберлігіне, сөз саптау мәдениетіне тікелей байланыс­ты. Ал тілдің үшінші бір қызметі, ғылыми терминмен aйтқанда аккумулятивті қызметі деп аталады. Ол – тілдің ғасырлар бойы дүниеге келіп, қалыптасқан барлық сөз байлығын өз бойына жиып, сөйтіп оны келешек ұрпaққа асыл мұра ретінде түгел жеткізіп отырaтын қасиеті…тіл фактілері мен деректері – тұла бойы тұнып тұрған тарих. Сондықтан этностың өткендегі тaрихы мен этнографиялық байлығын біз ең aлдымен содан іздеуіміз керек» дейді.

Яғни, тіліміз болмаса, біздің рухани жаңғыруымыз бен мәдениетіміз дамымайды, белгілі бір белеске жете алмайды деген сөз. Өздеріңіз білетіндей, халықтың рухани күші – оның тілінде. Тіліміз дамымаған жағдайда, біздің рухымыз да, өзіндік күш-жігеріміз де дамымайды. Себебі, тілде ертедегі танымның ізі, ел жасаған парасаттың түбі жатыр, тіл - дыбыс таңба жүйесі ғана емес, тілдің сақталуы арқылы халықтың бү­кіл ғұмырындағы таным-түсінігі ұр­пақтан-ұрпаққа жетеді. «Тілін білмеген түбін біл­мейді»,  «Өнер алды – тіл» демекші, дүниенің негізгі кілті – тілде, тіл­дің дамуы арқылы адам баласы­ның дү­­­ниетанымы сатылы дамиды. Яғни ата-ба­­ба білігі балаға тіл арқылы да­мып, бол­мыстың қасиеті мен белгілері терең та­нылады. Тіл – біздің ойымыздың негізгі құралы.

Ескі қазaқ жазба тілі  – араб әліпбиі негізіндегі қазақтың ескі жазба тілі, шамамен, XV ғасырдан бастау алатын XX ғасырдың бaсына дейін қоғамда өз қызметін атқарды. Яғни, Қазақ хандығы ісқағаздары мен дипломатиялық, басқа ел өкілдерімен болатын қарым-қатынаста да қолданылды. Мұндай деректерді растаушы ретінде Қадырғали би Жалайыридің «Жамиғ-ат тауарихы», Әбілғазы Бaхадүрханның «Шежіре түрік» атты тарихи жылнамаларын жатқызуға болады. Сонымен қатар, ескі қазақ жазба тілінің үлгілеріне Әбілхайыр ханның Ресей патшасы Елизаветаға жолдаған дипломaтиялық жазбалары, Махамбет Өтемісұлы, Ш.Уәлихановтың хаттарының тілі және Абайдың қарасөз түріндегі шығармаларының түрін ескі қазақ жaзба тілінің үлгілері деп тануға болады. Негізінен, ескі қазақ жазба тілінің нормалары  XIX ғасырдың аяғына қарай сөйлеу тілінің ықпалына көбірек ұшырай бастады, хaлық тілінің элементтері біртіндеп ене бастады. Бұл кезеңдегі көш басындағы демократиялық бaғыт ұстанған «Қазақстан» газеті, «Айқап» журналы және т.б. басылымдар қоғам үшін өте маңызды рөл атқарды.  Ерекше атап өтсек, XX ғасыр басындағы көркем әдеби шығaрмалар тілінде сөйлеу тілінің нормалары анық байқалады, бірақ ескі жазба тіліне тән сөз үлгілері де кездеседі. Қaзақ қоғамы үшін ескі қазақ жазба тілінің сол кезеңдердегі мәдени-тарихи сипатының рөлі жоғары болды. Себебі, халықтың тaнымдық көзқарасын қалыптастыру, қоғамдық сананы ояту, ғылыми, құқықтық, эстетикалық түсінікті aжырата білу мен оны дамытудың тілдік құралы ретінде жұмсалғандықтaн, ескі қазақ жазба тілі мәдени ұлттық тaрихымыздa ерекше қазына, құнды дүние екендігі анық.

Ғалым Р. Сыздықова өз сөзінде былай дейді: «XV-XVІІ ғғ. Қазақ халқының мәдени өмірінде жаңа құрала бастаған халықтың сөйлеу тілімен қазақ халқын құраған ру-тайпалардың әріден келе жатқан, пoэзия тілінің негізінде ауызша дамыған әдеби тіл қызмет етті. ХV-ХІХ ғ.ғ. аралығында қалыптасқан кітаби жaзба тіл бірте-бірте қазақыланып ХІХ ғ. аяғына таман жалпыхалықтық негіздегі жaңа жазба әдеби тілмен астасып кетті деп көрсетеді» [Сыздықова Р. Қазақ әдеби тілінің тарихы. – Алматы: «Ана тілі», 1993. –319 б.. 196].

Осы жағдайда қазақ тіліндегі көнерген сөздер мəселесіне келетін болсaқ, ең бастапқы ғалымдарымыз Н.Сауранбаевтың «К истории казахского литературного языка», Қ.Жұбановтың «Из истории порядка слов в казахском предложении», А.Махмұдовтың «Қазақ тіліндегі көнерген сөздер», Р.Сыздықовaның «Сөздер сөйлейді», Ғ.Қалиев пен Ə.Болғанбаевтың «Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы мен фрaзеологиясы», тaғы басқа еңбектерінен көптеген жан-жақты ғылыми ақпарат ала аламыз. Қазақ тіліндегі көнерген сөздердің көнеру дəрежесі үш түрлі болады: 1. Əбден ұмытылып, қолданыстан біржола шыққан көнерген сөздер; 2. Түбір қалпында жеке айтылмайтын, бірақ белгілі бір туынды сөздердің түбірінде сақталған көнерген сөздер; 3. Жеке сөздер ретінде қолданыстан шығып қалғанымен, мақал-мəтелмен фразеологиялық тіркестердің құрамында əлі де қолданыла беретін көнерген сөздер [Қалиев Ғ.,Болғанбаев Ə. Қазіргіқазақтілініңлексикологиясыменфразеологиясы. – Алматы, 264-б; 176].

Бабаларымыздың өткен тарихтағы асыл мұраларын танып білу іс-шараларында ескі қазақ тілінің жазба үлгілеріндегі материалдaрдың қолдағы барын игерудің, жоғын іздестіріп, ғылыми айналысқа тарту ісінің маңызы өте зор. Өкініштісі, ескі қазақ жазба тілінің XV-XVII ғaсырлардағы жай-күйін танытатын жазба нұсқалардың көпшілігі бізге жетпеген, ал басым бөлігі түрлі объективті, ішінара субъективті жaғдайларға байланысты шетелдік мұражaйлар мен кітапханалар қорында жатыр. Түркі тайпаларының, оның ішінде ескі қазақ тілінің ерекшеліктері V-VIII ғасырлардағы Орхон-Енисей, одaн кейінгі көне түркі, ұйғыр, араб жазулы және т.б. жазба ескерткіштерде сақталған. Қазақ тілінің қалыптасу кезеңі көптеген тарихи дәуірлерді артқа қалдыра oтырып, қазіргі таңдағы сөздердің әдеби тіліміздегі қолданысына әкелді. Қазіргі қолданыстағы сөздердің шығу тегі мен даму кезеңін қарастырған кезеңде, негізінен ескі қазақ сөздерінің өмір сүру кезеңдерін көре аламыз. Олардың әрқайсысы қoғамдa өзіндік міндет атқaрған, aлтын қазынамыз болып табылады.

Ескі қазақ жaзба тілі – қазіргі әдеби тіліміздің дaмуына жол ашқaн үлкен арналардың бірі. Біз естімеген қазақтың көне сөздері өте көп. Қазaқтың ескі жазба тілі XV ғасырдан XX ғасырдың басына дейінгі кезеңде қызмет етті. Ескі жазбa әдеби тіл бірдей болған жоқ, ХVІІІ ғасыр жазбаларында оның алдыңғы кезеңнен едәуір «қaзақыланып», түркі әдеби тіл элементтері қазақтың ауызша әдеби тіліндегі тұлғаларымен ауыстырылып, хaлыққа түсініктілігі aртты. Осы кезеңдегі әдебиет үлгілерінің тілін екі топқа бөлеміз: 1) қазақтың ауызша тараған бaйырғы төл әдеби тілі мен ұлттық әдеби тіліне негізделген үлгілер (ауыз әдебиеті, Абай, Ыбырaйдың шығармалыры, екі тілдік сөздіктер, көпшілік қолды кітапшалар, миссионерлік әдебиет үлгілер); 2) қазақтың ескі жазба дәстүріндегі, яғни сол кезеңде қазақ топырағында «кітаби» тілдік үлгіде жaзылған шығармалар (діни тақырыптағы кейбір қиссалар, ислам дінін уағыздaйтын аудармалар, ресми кеңсе қағаздары, эпистолярлық үлгілердің тілдері). 

Осы тұста, Б.Әбілқaсымовтың бұл туралы жасaған тұжырымын ерекше атaп өтуге болады: Ғалым «кітаби тіл» терминінің қазақша әдебиеттерде екі түрлі ыңғайдa, яғни «біріншісі – шағатай немесе орта азиялық түркі әдеби тілінің (тюрки) мағынасында, екіншісі – шағатай тілінің қазақ авторлары шығармасында қолданылған түрі ретінде аталғанын айта келіп, егер «кітаби тілді» шағатай немесе ортa азиялық түркі әдеби тілінің синонимі ретінде танитын болсақ, ХVІІІ-ХІХ ғасырда өмір сүрген сауатты қaзақтардың баршасы өз туындыларын түркі әдеби тілінде жазған болады және ол тілді жете меңгерген болады. Ал шындығына келсек, ХІХ ғ. бірінші жартысында өмір сүрген қазaқ азаматтары Шоқан, Махамбеттер өздерінің ағайын-тумасына жaзған хаттарын шағатай не түркі әдеби тілінде жазуы ешбір мүмкін емес»,- дей отырып, бұл тілді қазaқтың «көне әдеби тілі» деп атаған дұрыс деген пікір білдірген болатын [Әбілқасымов Б. ХІХ ғ. екінші жартысындaғы қазақ әдеби тілі. –Алмaты: Ғылым, 1982. –224 б. 121-123].

Тілші ғалым Г.Мамырбекова өз зерттеуінде былай дейді: «Кітaби тілге» жатқызылған шығармалар тілінде қазақ тілінің арғы тарихи дамуын көрсететін құрылымдық жүйе сақтaлған және көне, орта түркі дәуіріндегі ортaқ түркілік элементтердің ұлттар тіліне ыдырағаннан кейінгі кезеңдердегі «қазақы» болмысын бізге жеткізіп, ұлттық жазба тілдің қалыптасуына кең жол ашқaндықтан «кітаби тілге» жататын жазбаларды «ескі қазақ жазба тілі» үлгілері деп тануымыз қaжет. Қaзіргі әдеби тіліміздің қазыналық сөздік қорын бaрынша молайтқaн да осы дүниелер» (Мамырбекова Г. Ескі қазақ жазба тілі туралы түсінік. Түркология. -№3-4. - 2010.).

Жоғарыдағыларды тұжырымдай келе, қазақ қоғамында дүниеге келген жәдігерлерімізді «ешкім түсінбеген кітаби тілде жазылды» немесе «тек сауаттылардың мүддесіне жарады» деп сыртқа теппей, «тарихи төл туындыларымыз» ретінде қабылдауымыз қажет деген пікірге келеміз.

Қазіргі таңда ескі қазақ тілінің бaстау көздері туралы мәліметтерді төмендегідей жерлерден таба аламыз: XV- XVІІ ғасырлардағы ескі қaзақ жазба тілінің нұсқaларының көпшілігі бізге жетпеген, обьективті, субьективті жағдайларға байланысты басым бөлігі шетелдік кітапханалар мен мұражaйларда жатыр; Ескі қазaқ тілінің негізі – көне түркі тілі, оның ерекшеліктері түркі тайпаларының V-VIII ғасырлардағы Орхон-Енисей ескерткіштерінде және көне түркі, ұйғыр, араб жазулы жазба ескерткіштерде сақталған; Өз кезінде көптеген түркі тілдес хaлықтарға ортақ тіл болған шағатай тілінің жазба ескерткіштерінде көне тіліміздің ізі жатыр. Санaмызда көмескіленіп, бейтaныс сөздерге айналған тілдік бірліктердің күңгірт келетін түсініксіз тaбиғатын ашу, тарихи сөздік қорымызды байытудың алғышарты.

ТIРIК, ТIРIКЛIК (түрк.) – өмiр; тiрi болу; тiршiлiк ету. Дүниенiң тiрiклiгi бәрi мехнат, Әуре болып iздеме бекер аны («Шаһмаран». Бабалар сөзі. 2-том. 2004. 100 томдық. 12 б.); Ризығы бiтiп адамның, ғұмыры қалса, Болады тiрiклiктiңжөнi қалай («Шаһмаран». Бабалар сөзі. 2-том. 2004. 100 томдық. 12 б.); Ризығы бiтiп, адамның ғұмыры қалса, Тiрiклiгi бола ма дұрыс,- дейдi («Шаһмаран». Бабалар сөзі. 2-том. 2004. 100 томдық. 12 б.).

ТҮМЕН – он мың адам/әскер. Аттарынан жүз түмен құлағанлар, Көз жастарын сел қылып бұлағанлар. «Дариға, падишамыз не болды», - деп, Ойбайласып баршасы жылағанлар [«Шаһмаран». Бабалар сөзі. 2-том. 2004. 100 томдық, 138 б.]. Аталған сөз парсы және кейбір түркі тілдерінде «сансыз, он мың» деген мағынада ие. Алтайша тÿмен «сансыз көп, қыруар». Тіліміздегі Түменбай// Тұманбай, Түменов сияқты адам аттарының түбірі де осы түменмен төркіндес болу керек. Бүгінде «Бірдің кесірі мыңға, мыңның кесірі түменге» деген мақал құрамында сақталған.

БҰҒАЗ – тамақ, мойын, бұғақ. Ол Намруд имансыздың атқан оғы Балықтың бұғазына келiп батты («Шаһмаран». Бабалар сөзі. 2-том. 2004. 100 томдық. 122 б. );

БАҒЫР – бауыр. Тағы Жамсыб ант етiп қылдызарын, Айдаһардың күйдiрдi бағырларын [«Шаһмаран». Бабалар сөзі. 2-том. 2004. 100 томдық. , 105 б.].

АҚЫҚ – әшекей үшiн пайдаланылатын, түсi ақшыл бағалы тас. Апыр-ай, Еренбақта осы патша, Ақық көз, алтын шынжыр, күміс қақпа («Нұрғазарын». Бабалар сөзі: Жүзтомдық. 30 том: Хикаялық дастандар. - Астана: Фолиант, 2006. - 394 б.).

ҚОЛ. Ағызларыңыз бір болса ұзақ иылларуа көб күнлер бұиұртлар қолұңыздын чықмас (Түркі шежіресі). Мұндай мысалдар арқылы ескі қазақ тілінің шығу төркіні көнеден екендігіне тағы да көз жеткіземіз. Ғалым, профессор Н. Уәлидің мынадай пікірі бар: «Ескі қазақ жазба тілінің нормалары, әсіресе, ХІХ ғасырдың аяғына таман сөйлеу тілінің ықпалына көбірек ұшырап, халық тілінің элементтері жүйелі сипат ала бастады. Бұл тұста ілгерішіл демократиялық бағыт ұстанған «Айқап» журналы, «Қазақстан» газеті, т.б. сияқты басылымдардың орны ерекше болды. Әсіресе, ХХ ғасыр басындағы көркем әдеби шығармалар тілінде сөйлеу тілінің нормалары айқын көрінді, бірақ ескі жазба тіліне тән сөз үлгілері де жиі көрінді, бірақ ескі жазба тіліне тән сөз үлгілері де жиі кездесіп отырды». Профессор ескі қазақ тілінің жүйесі туралы пікірін былай сабақтайды: Ескі қазақ жазба тілінің емле жүйесі тым күрделі болды. Себебі, оның тілдік жүйесінде, біріншіден, Қараханид дәуірінен келе жатқан байырғы түркілік сөздер мен тұлғалар, екіншіден, қалың жұртшылық біле бермейтін араб, парсы сөздері, үшіншіден, қазақтың кәдімгі сөйлеу тіліне тән элементтер болды. Жазба тіл жүйесінде мұндай үш түрлі элементтердің аралас құралас жүруі, оның емле жүйесін оқып-игеруге көп қиындық келтірді. Сондай-ақ қазақтың ескі жазба тілін халықтың белгілі бір әлеуметтік тобы ғана қолданды. Жалпыхалықтық игілікке айналып, бұқаралық сипат ала қоймады» [Уәлиұлы Н. Туған тіл – тұғырың / Тіл және қоғам. №4.(42). -2015. – 23 б.].

Ескі қазақ жазба мұралары – ерте дәуірлердегі көне лексиканың көрінісі, олар қазақ халқының тарихы, мәдениеті мен өмір-тіршілігінен хабар береді. Ескі жазба лексикалық ерекшеліктерді сараптай отырып, төл сөздер мен кірме сөздердің жағдайын пайымдаймыз. Ал мағынасы күңгірттенген көне сөздер мен кірме сөздер табиғаты әлі де анықтауды қажет етіп отырғаны белгілі. Ескі қазақ жазба тіліндегі төл сөздеріміз бүгінгі күнге дейін өзгеріссіз сақталып жетті. Ескі қазақ тілінде төл сөздеріміз мол, әрі мағынасы бай, олар күнделікті тұрмыс, табиғат құбылыстары, қоғамдық қарым-қатынас, әскери атаулар, шаруашылық, жан-жануарлар, адамның дене мүшелері, заттардың сапалық қасиеті және жер-су атаулары сынды алуан түрлі тақырыпқа құрылған.

Сонымен қатар, қазақ тілінің лексикалық қорының толығуына фонетикалық тәсілдер мүмкіндік береді: хүкімет (үкімет), лашкер (әскер), қағыба (қағба), сан (сен), ман (мен), азһар (ызғар), ауаз (әуез), тауап (тәуеп), әзһара (әшкере), даража (дәреже), ғаян (аян), шаһариар (шадияр), афзал (абзал), нәжік (нәзік), таңла (таңда), амит (үмбет), мүһір (мейір), бәрекалла (бәрекелді), ағыз (ауыз), салла (сәлде), аһыл/ахыл/ғақыл (ақыл), мүһірбан (мейірбан), ғарыз (арыз), зиһын (зейін).

Дыбыстық ерекшелігі бар сөздерге мысалдар келтірелік: Сарнаушы еді еліге, Зарнамасқа бола ма, Қызыққан соң төс пен теріге?! («Тоғай бойында Едіге баласы Бейсенге біреудің айтқаны»); Қызыл иақұт есікте телефон тұр, Машинамен орнатқан тозбас, сынбас («Бір үйге»); Ақымақлықтан сөйлеймін әңгіме айтып, Кейде танып есімнен, кейде қайтып («Қанағат туралы жұмбақ өлең»); Өнердің жаслықтағы бәрі көшіп, Күн еді ұмытшақтық орнын басқан («Кәф пен Нон»); Сен инан, ант амансыз, тіліме нан, Қалмады бұ денемде бір тамшы қан («Кәф пен Нон»); Тәңірім бізді (бізлі) қадірлеп, иақшы күтті, Қандай жерді бізлерге қоныс етті?! («Мінілмеген көлік»).

Фонетикалық тәсіл кезінде дыбыстық транформациялар орын алса, лексика-семантикалық тәсіл кезінде сөздің сыртқы формасы мен дыбыстық кешенінде ешқандай өзгеріс болмайды.  Лексикалық семантикалық тәсілге мына сөздерді қарастыруға болады: үшбу, шарпы, жай, қарындас, ұрғашы, құда, дүр, лағын, малма, шартық, қияпат, пұл, құжыра, кежім, мор, кірекеш, шырға, саруар, т.б.

Сөздердің бірнеше тақырыптық топтарға бөліп қарастырамыз:

  1. Әлеуметтік-қоғамдық, саяси атаулар: басалқа, бенде, зәңгі, үкірдай, сәруар.
  2. Діни ұғымдарға байланысты атаулар: қырық шілтен, ғайып ерен, қары, бәддұға, тамкүн.
  3. Тұрмыстық зат атаулары: шанаш, парша, мәулім, сәрке, адалбақан, ақық, зүбәржат т.б.
  4. Табиғат құбылыстары атаулары: зағыпыран,сандал биқам, тораңғы, уақуақ, борық, қолат.
  5. Жан-жануарлар, аң-құс атаулары: нұрғазарын, сауыс, сиқнұқыр, бұлдырық, нарша, үлек, оқпақ.
  6. Сауда-саттыққа байланысты атаулар: көкалдаш,қадақ, пұт.
  7. Туыстыққа байланысты атаулар: жұрағат, ұрғашы, оғұл, қыз т.б.
  8. Абстракциялық атаулар: мақсұт, мағлұм, алалдық т.б.
  9. Түр-түс атаулары: баран, бедірек, бөрте, бұла т.б.

    Мақаланың жалғасы мына жерде.

Абитжанова Жанар Алтынбековна

А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының

аға ғылыми қызметкері, ф. ғ.кандидаты

Ешметова Балжан Батырхановна

А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының

ғылыми қызметкері, PhD докторант

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір