• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 12:10:10
Алматы
+35°

Қазақстан билігі елде коронавирус өршіп, ауырған азаматтар ауруханға сыймай, дәріханаларда дәрі жетіспей жатқан тұста елдің экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 80 жылдығы мен ел астанасы Нұр-Сұлтан қаласының күнін атап өтті. 5 шілде күні елдің барлық аймағында екінші рет карантин жариялаған билік той-жиынға тыйым салған болатын. Бірақ 6 шілде күндіз Нұр-Сұлтанда биліктің ұйымдастыруымен концерт өтіп, түнге қарай ойын-сауық арты отшашуға ұласты. 

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің мәліметінше, отшашу Есіл өзенінің (Орталық саябақ) жағалауында, Ботаникалық бақ (Қабанбай батыр даңғылы жағынан) және Пушкин – Абылайхан көшелерінің қиылысында болған. Қалалық әкімдік отшашуға бюджеттен қаржы бөлінбегенін, шара демеуші қаражаты есебінен ұйымдастырылатынын хабарлады. Бірақ оған кім демеуші болғаны еш жерде нақты айтылмады.
 
6 шілде күні түнгі сағат 23.30-дан кейін Нұр-Сұлтанда болып жатқан отшашудың видеолары әлеуметтік желіде тарала бастаған кезде билік әрекетін сынап жазған желі қолданушылары көбейді. Олардың арасында қарсылығын өлең арқылы танытқан ақындар да бар. Қамшы тілшісі желі қолданушыларының реакциясына шолу жасап, ондаған пікірді назарыңызға ұсынып отыр. 

"ӨЛІКТІҢ ҮСТІНЕ БИЛЕУ ДЕГЕН ОСЫ"

Facebook желісінде жазылған пікірлерден карантин кезінде ойын-сауық жасап, салют атқан билік әркетіне деген қарсылықты байқауға болады. 

Есдәулет Қызырбекұлы, журналист: 

– Өліктің үстіне билеу деген осы.

Жанболат Мамай, оппозиция белсендісі, саясаткер: 

– Назарбаевтың құрметіне атылған салют. Мыналардың есі дұрыс па өзі? Адамдар қайтыс болып жатыр індеттен. Дәрі-дәрмек жоқ. Ауруханада орын жоқ. Індеттің таралу қарқыны бойынша әлемде алдыңғы орындарға шықтық. Ал билік жарықшақ атып жатыр! Кісі өлімдеріне қуанып жатсыңдар ма? Аспирин тауып бере алмай жатып қайдағы салют?! Ай билік, оңбайсыңдар! Түгел ауыстыру керек мына жүйені!

Ерлан Төлеутай, әнші, желі белсендісі: 

– Адам тозаққа да үйренеді, үш күннен кейін бір-біріне от шашып ойнайды дейді. Ауруханаларда тозақ орнаған. Моргтерде өшірет. Астанада салют атып жатыр...

Нұртай Ерназар, желі қолданушысы: 

–  Мынадай ауыр сəтте отшашу жасамай-ақ үнсіз ғана тойлайық деуге ешкімнің батылы жетпеген-ау сірə! Ел аман болса той көп қой, қоя салыңдар деуге көкемнің де "құдіреті" жетпепті. Бізді қойшы, үйренгенбіз ғой, сырттағы жұрт не ойлайды?.. Трагедия үстіндегі той ретінде тарихта қалмаса болғаны.

Қуаныш Еділхантегі, желі белсендісі: 

– Мынадай жағдайда салют атып той тойлау – қай тұрғыдан алып қарағанда да тым ерсі, ақылға сыймайтын көргенсіздік.
 
Осыдан екі-үш күн бұрын болса да, мысалы аурудың таралуы жөнінен әлемде бірінші орынға шыққанымыз туралы хабар шықпай тұрып тойланса да ештеңе емес, ал сол хабарды естіп отырып той тойлау, оның үстіне карантин жағдайында тойлау – азғындықтың нағыз шегі деп ойлаймын. "Вишенка на торте" дегеніміз осы – моральдық тұрғыда әбден азғындадық.
 
 

Күлтегін Аспанұлы, желі қолданушысы:

– Элита есінен танғанша той тойлатып жатыр. Отшашудың жанып-өшкен әр жарқылынан сапасыз медицинаны әспеттеген жүйенің кесірінен дер кезінде қажетті жәрдем көрмей, дертіне дауа таппай жан тапсырған қазақстандықтың рухын көрем. Жұрттың жылағысы келеді еңкілдеп...
 
Бақытжан Қосбармақов, журналист: 
 
Күңкілдейміз, кіжінеміз, азар болса, боқтаймыз, қарғаймыз. Ертең бәрібір бәз баяғы тірлігімізге кірісеміз: қойшы қойына, тойшы тойына кетеді, саудагер базарына кетеді. Қайтадан аптека адақтап, дәрі іздейміз, өлген туысымызды, жақындарымызды жерлейміз. Жылаймыз, жоқтаймыз, күрсінеміз, күңіренеміз. Өтінеміз, жалынамыз. Күңкілдейміз, кіжінеміз, безбүйрек өкіметті тағы гүж-гүж сыбап-боқтаймыз, тағы жүз-жүз лағнет жаудырып қарғаймыз. Одан арыға бармаймыз. Ертеңіне бәз баяғы тірлік, баяғы өмір. Міне, қазақтың тірлігі, міне, қазақтың өмірі!
 
 
 
 
"ОТ ПЕН ДЕРТ АЙҚЫНДАП БЕРГЕНДЕЙ, БИЛІК ПЕН ХАЛЫҚТЫҢ АРАСЫН"
 
Елдегі эпидемиологиялық жағдайда қарамасатан, бас қалада ойын-сауық өткізіп, салют атқан билік әрекеті ақындарды да бей жай қалдырмады.  Facebook желісінде Есей Жеңісұлы, Жұлдызай Ысқақ, Нұрқанат Қайрат сынды ақындар қарсылығын өлең арқылы жеткізді. 
 
Жұлдызай Ысқақ, ақын: 
 
"Отшашу...
Қаралы ел...
Қара түн,
"О, неткен үйлесім, жарасым!"
От пен дерт айқындап бергендей,
Билік пен халықтың арасын..."
 
 
Нұрқанат Қайрат, айтыскер ақын: 
 
"Астанада той тойлап, от шашуда, 
Сала алмапты бір адам ноқтасын да. 
Қарыны мен мансабын ойлайтындар, 
Қарапайым қазақты жоқтасын ба?!"
 
 
 
Есей Жеңісұлы, журналист, ақын: 
 
"Ескерткішің бар енді таза мыстан,
Тұтты, сірә, қызғанып аза дұшпан.
Күллі әлемнің өкпесі күйіп жатыр,
Сенің тойың бітпеді-ау, Қазақстан...
 
Билігіңде ешкім жоқ шала милы,
Бірақ шаруаң қалмай-ақ барады игі.
Бетпердесін иекке түсіре сап,
Бетке ұстайды топ адам қаралы үйді....."
 
 
Қазақстанда жыл сайын 6 шілдеде ел астанасы мен елдің экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күні бірге тойланады. Билік биыл да коронавирусқа байланысты енгізілген карантинге қарамастан, жылдағы дәстүрінен айнымады. Алайда биыл Астана күні құрметіне жоспарланған шаралар онлайн режимде өтті.
 
Соңғы ресми ақпаратқа сай, елде коронавирусқа шалдыққандар саны 48 574 адамға жетіп отыр. Осы уақытқа дейін олардың 16118-і ауруынан жазылып шықты. Ал 264 адам індеттен көз жұмды. 

Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар алғаш рет наурыз айының басында анықтала бастады. Артынша елде екі айға жуық төтенше жағдай режимі жарияланып, қалалар карантинге жабылды. Мамыр айының ортасында билік төтенше жағдай режимін алып, карантин шектеулерін жеңілдете бастағанда вирус жұқтырғандар саны күрт өсті. Соңғы айда елде күніне кемі 1000 адамнан вирус анықталып жүр. 

Қазір елдегі дәріханаларда дәрі тапшы. Ауруханаларға науқастар сыймай жатыр.

 

 

 

Мият Кәшібай

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір