06 Шілде, 2020 Саясат

"Қола мүсін, зәулім мектеп". 80-ге толған Назарбаевтың атында нелер бар?

Түркістанда Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа қойылған мүсін

6 шілде – Қазақстанды 30 жылға жуық үздіксіз билеп, былтыр наурыз айында өз еркімен президенттіктен  кеткен Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күні. Ол бүгін 80 жасқа толып отыр. Назарбаевтың туған күні былтыр өзінің есімі берілген ел астанасы Нұр-Сұлтан қаласының күнімен тұспа-тұс. 

Соңғы жылдары Қазақстанда азаматтардың қарсылығына қарамастан, Назарбаевқа ескерткіштер қойылып, оның есімі көшеге, вокзалға, саябаққа, мектепке беріле бастады. Кейбір сарапшылар бұны "жеке басқа табыну" деп есептейді. Ал билікшіл көзқарастағы адамдардың ойынша, бұл – Назарбаевқа көрсетілген құрмет.  Қамшы тілшісі  интернеттегі мәліметтерді негізге ала отырып, Қазақстанда және шетелдерде Назарбаевтың аты берілген көшелер мен нысандарға шолу жасады. 

НАЗАРБАЕВТЫ ҚАЗАҚСТАННАН ТЫС ЖЕРЛЕРДЕ ДӘРІПТЕУ

Әлемнің бірнеше мемлекетінде Қазақстанның экс-президентінің атында көше бар. Ең алғаш 2007 жылы Ресейдің құрамындағы Шешен Республикасының астанасы Грозный қаласындағы орталық көшелердің біріне Назарбаевтың аты берілген. Кейін 2010 жылы дәл осы Грозный қаласындағы мектептердің бірі де Назарбаевтың есімімен аталды. Бұдан бөлек, Ресейдегі Қазан (Татарстан астанасы) және Магас (Ингушетия астанасы) қаласында Назарбаев атындағы көше бар.

ывап

Грозный қаласындағы Назарбаев атындағы мектеп

Қазақстанның экс-президентіне Ресейден басқа да посткеңестік елдердің бірнешеуі көше беріп, монумент қойған. Олардың қатарында Армения, Қырғызстан және Украина бар.

Арменияда Назарбаевтың атында көше болса, Қырғызстанда оған 2005 жылы  үлкен ескерткіш қойылды. Ал Украинаның Днепродзержинск қаласында президент Назарбаев оқыған кәсіптік колледжде 2011 жылы  Назарбаев музейі ашылып, президенттің мүсіні орнатылған. 

Қазақстанмен бауырлас ел боп саналатын Түркияда Назарбаевқа деген құрмет ерекше. Интернеттегі ақпаратқа сай, қазір бұл елде Назарбаев атындағы төрт көше және үлкен бір ескерткіш бар. 

Йордания астанасы Амманда да Назарбаевқа бір көше берілген. 

уа

Түркияда Назарбаевқа қойылған ескерткіш

НҰР-СҰЛТАНДАҒЫ НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ

Назарбаев есімімен байланысты нысандардың көп бөлігі Қазақстанның астанасында. 

Бұл қалада оның атындағы нысандар 2000 жылдан бері пайда бола бастады. Ең алғаш Назарбаев есімі берілген нысандар қатарында президент архиві мен кітапханасы тұр. Олардан бөлек,  ел астанасында тұңғыш президент мұражайы мен Назарбаев университеті бар.

Қаладағы темір жол вокзалы мен әуежай да Назарбаевтың атында. 

Қазақстанның ірі қалаларының бәрінде жұмыс істеп жатқан "Назарбаев зияткерлік мектептерінің" алғашқысы да дәл осы ел астанасында ашылған. 

Назарбаев  2019 жылы өз еркімен президенттіктен кеткеннің ертесінде-ақ оның атындағы нысандар көбейе бастады. Ол кете сала орнына келген сол кездегі сенат спикері Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың пікірін тыңдамастан, Астана қаласын Нұр-Сұлтан деп өзгертті. Бұған қоса, Тоқаев барлық облыс орталықтарындағы орталық көшелердің бірін Назарбаевтың атына өзгерту туралы бұйрық берді. 

80 жылдығы қарсаңында ел астанасында Назарбаевтың аты берілген тағы бір ескерткіш бой көтерді. Ол ескерткіш Ұлттық қорғаныс университетінің алдына қойылды. Бұл университет те Назарбаевтың атында. 

ывер

80 жылдығы қарсаңында Назарбаевқа қойылған ескерткіш

Алматыда 2010 жылы бірінші президент саябағы ашылды. Ал 2011 жылы саябаққа оның үлкен ескерткіші орнатылды.

Тұңғыш президент атындағы саябақ Тараз, Қызылорда және Ақтөбе қаласында да бар. 

Экс-президент туралы осы уақытқа дейін көптеген фильмдер түсіріліп, кітаптар жазылды. Елде оған өлең шығарған ақындар да, ән арнаған композиторлар да көп. 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір