• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

08 Желтоқсан, 22:47:05
Алматы

"Қазақстан Республикасының парламентi және оның депутаттарының мәртебесi туралы" заңға сәйкес, VI шақырылымдағы мәжіліс депутаттарының мерзімі 2021 жылдың наурыз айында аяқталуға тиіс. Соңғы кездері ел ішінде қоғамда "парламент сайлауы мерзімінен бұрын болады" деген болжам жиі айтылып жүр. Мұндай пікірдегі сарапшылар көбіне  елдегі бұған дейін болған сайлаулардың мерзімінде өтпегенін алға тартады.

Парламент сайлауы қарсаңында елде партия құруға ұмтылғандар  бар. Олар сайлауға дейін өз партияларын тіркей ала ма? Қамшы тілшісі "партия құрамыз" деп жүрген бірнеше белсендімен сөйлесіп, қандай жұмыс атқарып жатқандары туралы сұрады. 

"Демпартия" қол жинап жатыр

Былтыр қазан айында билікке қарсы "Демократиялық партия құрамыз" деп мәлімдеп, бірақ әлі күнге дейін партияларын ресми тіркей алмаған саясаткер Жанболат Мамай "бүгінгі заңнамамен партияны тіркету өте қиын шаруа" дейді. 

Мамайдың айтуынша, Демократиялық партия бастамашыл топтың қолын жинауды қайта бастапты. 

– Біз бастамашыл топты қайтадан жинауымыз керек болып тұр. Өйткені желтоқсан айында Әділет министрлігіне тапсырған мыңнан астам адам қолының уақыты өтіп кеткеніне байланысты жармасыз болып қалды. Қазір қайтадан жалғастыруымыз, бастамашыл топтың мүшелерін жинауымыз керек. Біз бірінші съезден кейін біршама сабақ алып, жақтастарымыздың санын одан да көп қылып тапсыруды жоспарлап отырмыз. Қазір қол жинау процесіндеміз, – дейді ол. 

Мамай бастаған Демпартия белсенділері былтыр желтоқсан айында бастамашыл топтың қолын жинап, Әділет министрлігіне құжат тапсыр құрылтай съезд өткізуге рұқсат алған. Алайда Демпартия "Құрылтайға келмек болған өңірлердегі жақтастарымызға қысым көрсетілді. Көбі негізсіз қамауға алынды"  деп Алматы қаласында жоспарланған партияның құрылтай съезін өткізбей, билікке қарсы митинг жариялаған еді.

"Билік парламент сайлауына дейін ешқандай жаңа партияны тіркемеуі мүкін"

Жанболат Мамайдың пайымдауынша, парламент сайлауы 2021 жылдың қаңтар айында өтеді, билік сайлауға "қуыршақ партияларды" ғана қатыстыруы әбден мүмкін. 

– Меніңше, алдағы парламент сайлауы қаңтар айында өтеді. Қазіргі кезден бастап есептесек, жарты жылдай ғана уақыт қалды. Сондықтан парламент сайлауына дейін Демократиялық партияны бүгінгі заңнамамен тіркеу – өте қиын шаруа. Бірақ біз оған қарамастан жұмысымызды істей береміз. Партия құру үшін міндеттелген шарттың бәрін орындаймыз. Билік қайтадан өздерінің қуыршақ саяси партияларын сайлауға қатыстырып, қайтадан өтірік парламентті жасақтағысы келсе, онда қазіргі жағдайда ешқандай саяси партияларды тіркемейді. Ал ондай жағдайда біз өзіміздің сөзімізді қатты етіп жеткіземіз. Үлкен-үлкен акциялар ұйымдастырамыз. Біз қазір барлығын бақылып отырмыз. Меніңше, сайлауға әлі жарты жылдай уақыт бар. Сондықтан біраз нәрсе уақыт еншісінде, – дейді Мамай. 

Қазақстанда саяси партия құру қиын екенін "ХАҚ" (Халыққа адал қызмет) қозғалысының жетекшісі Тоғжан Қожалиева да айтып отыр. 

– ХАҚ қозғалысы партия болуды көздеп отыр. Алайда билік "партиямызды тіркейді" дегенге күмәнмен қараймыз. Қазірдің өзінде бізге билік тарапынан түрлі қысым көрсетіліп жатыр. Біздің ойымызша, билік парламент сайлауына дейін ешқандай жаңа партияны тіркемеуі мүмкін. Алайда біз алған бетімізден қайтпаймыз. Партия құру жұмысы жалғасады. Бұған дейін партияны тіркету үшін алғашқы қадам жасадық. Әділет министрлігіне бастамшыл топтың құжаттарын өткіздік, бірақ кері қайтарылды. Алдағы уақытта бастамашыл топтың құжатын Әділет министрлігіне тағы да өткіземіз, – дейді Қожалиева. 

Оның сөзінше, ХАҚ қозғалысын қолдайтын азаматтар өте көп.

– Қазір бізді қолдаушылардың саны күннен-күнге артып келеді. "ХАҚ" қозғалысының жақтастары Солтүстік Қазақстан облысында ғана жоқ. Ал басқа өңілердің бәрінде біздің бастаманы қолдап отырған азаматтар өте көп, – дейді ол. 

Егер сайлауға дейін жаңа партия тіркелмесе...

Қамшы тілшісі Қожалиевадан да, Жанболат Мамайдан да "Елдегі жаңадан құрылып жатқан өзге ұйымдармен бір партияға бірігу жоспарларыңызда жоқ па?" деп сұрады. "ХАҚ" қозғалысның жетекшісі де, әлі тіркелмеген Демократиялық партия жетекшісі де "Ондай жоспар жоқ. Өзіміз ұстанған бағытпен жүреміз" деп жауап берді. 

Тоғжан Қожалиева "ХАҚ" қозғалысы парламент сайлауына дейін партия ретінде тіркелмеген жағдайда, "сайлауды бастан-аяқ бақылаймыз" дейді. Оның айтуына қарағанда, қозғалыс белсенділері қазір бақылаушы дайындаумен де айналысып жүр.

Ал Жанболат Мамай парламент сайлауына дейін партиялары тіркелмеген жағдайда қандай позиция ұстанатындарын ашып айтпады. Ол "Өте белсенді позиция ұстанамыз. Оны бәрі сол кезде көреді" деп қысқа қайырды.

Қамшы тілшісі осы мақаланы жазу барысында "партия құрамын" деп жүрген бизнес-тренер Ахметбек Нұрсиламен де хабарласты. Әуелде "сұрақтарыңызға  Whatsapp мессенджері арқылы жауап беремін" деген Нұрсила кейін жауап қайырмады. 

Қазақстанда тіркелмеген "Көше" партиясының белсенділері соңғы кездері өздерін "нағыз оппозициямыз" деп жүр. Бірақ 19 мамырда Нұр-Сұлтан соты "Көше" партиясын "экстримистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салды. Оның кейбір мүшелері қудаланып жатыр. "Көше" партиясына 2009 жылдан бері шетелде тұратын экс-банкир Мұхтар Әблязов құрған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысымен бір ұйым" деген айып тағылды. Ал "ҚДТ" қозғалысының жұмысына Қазақстанда 2018 жылдан бері тыйым салынған, бірақ Еуропарламент бұл қозғалысты "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атаған.

Қазір Қазақстанда "Nur Otan", "Ақ жол", "Қазақстан коммунистік халық партиясы", "Бірлік", "Ауыл", "ЖСДП" және "Азат" партиялары ресми тіркелген. Оның үшеуі – "Nur Otan", "Ақ жол" және Қазақстан коммунистік халық партиясының өкілдері қазіргі парламентте отыр.

Мият Кәшібай

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір