• USD 412.55
  • EUR 468.66
  • RUB 5.79
  • CNY 58.8

22 Мамыр, 2020 Аймақтар

Маңғыстаулық 6 жасар бала бір айда дүниежүзі картасын жаттап алған

qamshy.kz

Маңғыстау облысының, Мұнайлы ауданында әлемнің 200-ден астам елі мен олардың астаналарын жатқа білетін дарынды  бала тұрады, деп хабарлайды «Маңғыстау» телеарнасы. 6 жасар  Жігер Берікбайұлы елдердің мемлекеттік туын дөп көрсетіп, президентін, валютасы мен қысқаша тарихын мүдірмей айтады. Ол мұның бәрін карантин кезінде жаттап алыпты. 4 жасында әріп танып, кітап оқыған алғыр бала биыл бірінші сыныпты үздік бітірмек. Айта кетейік, ол ешқандай да қосымша білім орталықтарына барған емес. Отбасының төмен тұрмысы ақылы орталықтарға қатынау тұрмақ, қарапайым көрнекі құралдар алуды көтермейді. Бірақ, бұл білімпаз сәбидің дүниені тануына кедергі келтірмепті.

¤Жігер осылай сұрақ қойған кез келген адамға кідірмей жауап бере алады. Ойы ұшқыр. Жады мықты. Әлем елдерінің астанасын ғана емес,  сол елдерге  қатысты қызықты мәліметтерді де жаттап алған. Дүниежүзі картасынан кез келген елді лезде  тауып береді. Қазір   ол ағылшын, орыс, араб  тілін  үйреніп жүр.

-Арабша білемін. Сөздерін білемін. Жаза аламын. +Ағылшын тілін үйреніп жатырмын. Ағылшын тілін жаза аламын, оқи аламын. + Мен Норвегия, Швеция және Канадаға барғым келеді. Канада мен Швеция Норвегия үшеуі таза мемлекет. Мен мамам мен әкемді саяхатқа шығарып, мемлекеттерді көрсетемін, дейді Басқұдық ауылындағы №9 мектептің 1-сынып оқушысы Жігер Берікбайұлы.

Зейінді бала  Абай мен  Мұқағалидің өлеңдерін де сүйіп оқиды. 1-2 оқығаннан-ақ жаттап алады. Ол қатарластары секілді гаджеттен ойын ойнамайды. Интернетті тек қана әлем елдеріне қатысты ақпарат алу үшін қолданады. Асық, футбол ойнағанды ұнатады. Жігердің есте сақтау қабілетінің жоғары екенін ең бірінші байқаған әжесі немересін өзі оқытады.

-4 жасынан бастап кітапқа қызығушылығы болды. Біз оны үйде оқыттық. Сауат ашу кітаптарын, нулевойдың кітаптарын оқыттық. Алғыр болып оқып кетті барлығын. Содан бірінші классқа барғаннан кейін оқу озаты болды. Сөйтіп жүргенде карантин басталды. Мына "Атлас картаны" тауып әкеліп бердім. Осыдан суреттерін көріп, карталарды қарап, қызығушылығы басталып кетті. Карантинде бос жатпай, түгел мемлекеттердің астанасын, қай жерде жайғасқанын, президенттері  туларын бәрін үйренді, дейді әжесі Зиба Тәңірбергенова.

Талабы таудай Жігер болашақта әлемді аралап, кереметін көруді армандайды. Сол үшін де бірде-бір сабақты жібермей оқиды.  Нәтижесі де жаман емес.  Енді жазғы демалыста  дүниенің төрт бұрышында орналасқан елдердің әнұранын жаттап алуды мақсат етіп отыр.

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір