• USD 413.12
  • EUR 452.86
  • RUB 5.82
  • CNY 57.92

16 Мамыр, 2020 NEWS

Ақтөбелік белсенді полицеймен жұлқысқаннан кейін қайтыс болды

Азаттық

Ақтөбеде белсенді Серік Оразов 15 мамыр күні өзі тұратын көп қабатты үйдің ауласында полиция қызметкерімен сөзге келіп, жұлқысқан соң біраз уақыттан кейін қайтыс болды. Бұл туралы белсендінің туысы Марат Таңбаев айтты, деп жазады Азаттық. Ақтөбе облыстық полиция департаменті белсенді қазасын растаған. 

Серік Оразовтың қызы Баян Оразова "Үйімізді үнемі полиция торуылдап жүретін. Бүгін (15 мамыр – ред.) полиция сағат 10.30 шамасында жеке шаруасымен шығып бара жатқан әкемді тоқтатып, түрлі сауал қойған. Ауладан шығармаған. Әкемнің "Осы сендердің менде нелерің бар? Жіберіңдер, жөніммен кетіп бара жатқан адаммын!" деп ашуланып тұрған сәті ауладағы камераға түсіп қалған" деді.

Қызының сөзінше, әкесін полиция қызметкерінің жұлқылап жатқанын көріп, көп қабатты үйдің ауласына келіні мен ұлы жүгіре шыққан. Баян Оразова әкесі сол жерде қысылып қалып, туыстары оны пәтеріне алып кіргенін айтады.

Ал туысқан інісі Марат Таңбаевтың сөзінше, Серік Оразов үйге кірген соң біраз уақыттан кейін жан тапсырған.

- Жедел жәрдем ағама көмектесе алмады. Ағамның сүйегіне қазір сараптама жасалып жатыр. Неден қайтқаны ертең, 16 мамырда белгілі болады. Қалай болғанда да үйден сап-сау күйі шыққан адамның өліміне полиция себепкер болды деп ойлаймын, - дейді Марат Таңбаев.

Ақтөбе облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі Серік Оразовтың қазасынан хабардар екенін мәлімдеді және бұл оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің 362-бабы 1-бөлігі бойынша ("Билікті немесе лауазымдық өкілетін асыра пайдалану") сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады. Полиция департаменті сотқа дейін тергеу нақты кімнің үстінен басталғанын айтпады, тек "оқиғаның жай-жапсары қылмыстық тергеу барысында тексерілетінін" жеткізді.

Ақтөбелік белсенді Серік Оразов маусым айында 69 жасқа толар еді. Ол 2016 жылы жерді шетелдіктерді жалға беру заң жобасына қарсы өткен Жер митингісіне, 2019 жылы Қазақстандағы Қытай жобаларына қарсы митингіге, құқық қорғаушылар саяси тұтқын деп танығандарды босатуды талап еткен шараларға, билікке талап айтқан бейбіт митингілерге қатысып, көзге түскен. Бірнеше рет алдын ала жоспарланған бейбіт митингілер алдында полиция Оразовты ұстап, бөлімшеге апарған.

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір