• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

05 Қазан, 15:22:56
Алматы
+8°

Қазақстанда төтенше жағдай салдарынан ақысыз демалысқа жіберіліп, табысынан айырылған азаматтарға 2 түрлі жәрдемақы берілмек. Оның бірі – 42 500 теңге мөлшеріндегі, екіншісі – жалақының 40 пайыздық көлеміндегі жәрдемақы. Алайда бұл төлемдер барлық азаматтарға берілмейді.

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев әлеуметтік төлемдерді Әлеуметтік сақтандыру мемлекеттік қоры төлейтінін айтып, оны алудың шарттарымен таныстырды.

Төлемнің алғашқы түрі ұсақ, шағын және орта бизнестің қызметкерлері, жеке кәсіпкерлер, нотариус, жеке сот орындаушысы, адвокат, кәсіби медиатор сынды мамандарға, бірыңғай жиынтық төлем төлеушілерге берілмек. Басты шарт – соңғы бір жылда Әлеуметтік сақтандыру мемлекеттік қорына 3 рет аударым жасаған болуы керек. Жәрдемақы алу үшін жұмысшы емес, жұмыс беруші өтінімді береді. Өтінімді аудандық және қалалық жұмыспен қамту штабтары қабылдайды. Төлемдер төтенше жағдай аяқталғанша созылмақ.

Жәрдемақының екінші түрі – жұмыстан шығып қалғандарға қатысты. Олар жәрдемақыны 1 айдан 6 айға дейін алады. Оның көлемі айлықтың 40 пайызын құрамақ. Өтінім беру үшін жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз ретінде тіркеліп, арыз беру қажет. Арызды онлайн беруге болады.

Мемлекеттік төлем беру механизмі жетілдіруді қажет етеді

Қаржыгер Жасұлан Кушебаев жалақысын конвертпен алатын және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар әлеуметтік төлемнің алғашқы түрін ала алмайтынын айтты.

– Қазақстандағы жұмыс берушілердің біразы көлегейлі экономикада жұмыс істейді. Олардың жалпы ішкі өнімдегі үлесі бүгінде 30 пайызға жеткен. Олар салықты азырақ төлеу үшін қызметкерлерін ресми тіркемейді, ресми тіркесе де қағаз жүзінде жалақысын төмендетіп көрсетіп, қалғанын қызметкердің қолына береді. Аталмыш азаматтар өзінің жұмыс істейтінін растай алмайтындықтан, мемлекет бергелі отырған әлеуметтік төлемді алу мүмкіндігінен айырылады. Бұдан бөлек өзін-өзі жұмыспен қамтушылар да аталмыш жәрдемақыға қол жеткізе алмайды. Бүгінде елде 2 млн-ға жуық адам өзін-өзі жұмыспен қамтып отыр. Олардың қатарына такси жүргізушілері, репетиторлар, мал ұстайтындар, фрилансерлер, даяшы, аспаздар және тағы басқалар кіреді. Мұндай азаматтар ресми еш жерде жұмыс істемей, әлеуметтік қорға қаржы аудармағандықтан әлеуметтік төлемнен қағылады. Осы орайда мемлекеттік төлем беру механизмі жетілдіруді қажет етеді, – дейді маман.

Сарапшы «ақысыз демалысқа шығарылған азаматтардың әлеуметтік төлемді алу-алмауы компаниялардың салықты төлеген-төлемегіне тікелей байланысты» екенін айтты. Егер компания салық төлемесе, жұмысшы әлеуметтік төлемнен айырылады. Яғни компанияның заңсыздығының зардабын қарапайым қызметкер тартады. Маман бұл тұста «жұмыс берушінің заңсыз әрекетіне қарамастан, қызметкерлерге әлеуметтік төлем төленгені дұрыс. Жұмыс берушіге заңсыздығы үшін төтенше жағдай аяқталған соң айыппұл түрінде түрлі шара қолдануға болады» деп атап өтті.

Кушебаевтың сөзінше, жалақының 40 пайызын беруді көздейтін әлеуметтік төлемнің екінші түрі бойынша конвертпен жалақы алатындарға тиетін төлем мардымсыз болмақ.

– Айталық, 150 мың теңге жалақы алатын азаматтың ресми айлығы 70 мың  теңге делік. Қалған 80 мың теңгені қолма-қол алады. Мемлекеттік әлеуметтік төлем жалақының 40 пайызы мөлшерінде болатынын ескерсек, біз мысал еткен азамат ресми жалақы – 70 мың теңгенің 40 пайызы, яғни 28 мың теңге көлемінде ғана жәрдемақы ала алады. Мұндай азаматтар елде аз емес, – дейді ол.

Қаржыгер «аталған азаматтар қолында қаражат барда мемлекетке салық төлемей, енді қиын жағдайға тап болғанда үкіметтен ақша сұрап жатыр деп оларды елеусіз қалдыруға болмайды. Ертең бұл азаматтардың ақшасы таусылғанда, тауар сатып ала алмай, отбасы қиын жағдайға ұшырап, үлкен әлеуметтік мәселелер туындайды. Одан бөлек төлем қабілетінің төмендеуі экономиканы дағдарысқа әкелуі мүмкін. Сондықтан мемлекет бұл азаматтарды қараусыз қалдырмауы керек. Тәжірибе көрсеткендей, қиын жағдайларда экономиканы субсидия мен дотация алға сүйреп, дағдарыстан алып шығады» деп санайды.

Мемлекет шағын және орта бизнесті дағдарыстан алып шығуы керек

Сарапшының пікірінше, әлеуметтік төлемді төтенше жағдай аяқталғанға дейін ғана төлеу – тиімсіз.

– Төтенше жағдай біткеннен кейін де бастапқы 3-6 ай бойы жұмыссыз қалған азаматтар мен компаниялар қиын жағдайды бастан өткереді. Қазіргі таңда бизнес қаржылық дағдарысқа ұшырап жатыр. Бизнес тоқтап қалды. Оны қайта қалпына келтіру үшін кемінде алты ай, кейде бір жылдай уақыт қажет. Жұмыс берушілер аяққа тұру үшін ақысыз демалысқа жіберілген қызметкерлерінің барлығын бірдей қайтадан жұмысқа ала алмайды. Өйткені оларға жалақы төлей қоятын қаражат жоқ. Біраз бизнес жабылып қалуы мүмкін. Сондықтан мемлекет төтенше жағдай біткеннен кейін де бірнеше ай бойы бизнеске қолдау жасауы керек. Мемлекет кезінде банктер үлкен дағдарысқа ұшырағанда миллиардтап қаржы бөліп, оларды құтқарып қалғаны сияқты шағын және орта бизнесті де дағдарыстан алып шыққаны жөн, – дейді Жасұлан Кушебаев.

«Болмашы жәрдемнің өзін қиындатып жіберген»

Әлеуметтік желідегі парақшасында «короновирустың жаһандық дағдарыс зардаптарынан және инфляция соққысынан қорғану үшін Қазақстанның әрбір азаматына 90 мың теңге ($200) көлемінде жәрдем жасалсын» деп ұсыныс білдірген жазушы-публицист Марат Тоқашбаев «қиын сәтте өз азаматтарының әлеуметтік жағдайын қолдауға бермек қаражат мөлшері мүлде аз» деп есептейді.

– Басқа елдер азаматтарын әлеуметтік тұрғыдан қорғау үшін ай сайын орташа есеппен 3 мыңнан 7 мың долларға дейін көмек беріп жатыр. Ал бізде берілетін қаржы жүз долларға да жетпейді. Мұнай мен газ өндіретін, шикізаттарға бай Қазақстан халықаралық пиар жобаларға жомарт болғанымен, қиын сәтте өз азаматтарының әлеуметтік жағдайын қолдауға бермек қаражат мөлшері мүлде аз. Тіпті, сол болмашы жәрдемнің өзін қиындатып жіберген. Айталық, жалақысыз демалысқа жіберілген жұмысшының төтенше жағдай енгізілмей тұрып соңғы 12 айдың кем дегенде үш айында Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына аударымы болуы керек. Жеке кәсіпкерлер мен шағын кәсіпкерлік иелері ондай төлем жасауға қабілетті бола бермейді. Әрі ол заң бойынша міндетті аударым емес.

Сонда бұдан не көріп тұрмыз?

Бұдан біз шағын және орта кәсіпкерлікте істейтін жұмысшылар мен қызметшілердің бәрі бірдей бұл әлеуметтік төлемақыға қол жеткізе алмайтынын көріп тұрмыз. Короновирус індеті мен одан туған дағдарыс жағдайында халыққа әлеуметтік қолдау көрсетудің жетілдірілген жаңа нұсқалары қажет. Халыққа Ұлттық резервтік қордан қомақты қаражат бөлінгені дұрыс!, – дейді журналист.

Меліс Сейдахметов

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір