• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 22:28:31
Алматы
+35°

Өткен жылдың соңында Қытайдың Хубэй провинциясының Ухань қаласында белгісіз вирус тарай бастады. Кейіннен бұл вирусқа Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Covid-19 деген атау берді. Соңғы ақпарат бойынша, коронавирусты әлемде 169 мыңнан астам адам жұқтырып, одан қаза болғандар саны 6 мыңнан асқан. Бүгінде вирус 130-дан астам елге таралды. Олардың арасында Қазақстанда бар. Ресми дерек бойынша, елде 9 адамнан вирус табылған. Олардың дені Еуропадан келгендер. 

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы "пандемия" деп атаған коронавирустың алдын алу мақсатында Қазақстанда президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен бір айлық төтенше жағдай жарияланды. Президент жарлығына сәйкес, мектептерде демалыс ерте басталып, жоғары оқу орындары қашықтан білім беруге көшті. Ал коронавирус табылған басқа елдерде жағдай өрбіп жатыр? Қамшы тілшісі АҚШ, Оңтүстік Корея және Қытайда жүрген қазақстандықтармен сөйлесіп сол туралы сұрап көрді. 

АҚШ-тың Колифорния штатында білім алып жүрген Әсем Әлмұханбеттің айтуынша, көптеген мектеп пен оқу орындары онлайн жүйеге көше бастаған. Дегенмен офлайн жүйеде жұмыс істейтін оқу орындары да бар. Мұндай жүйедегі университет студенттерінің жеке почтасына коронавирустан сақтану жолдары туралы ақпарат жіберілген. 

– Осы аптадан бастап мен оқып жатқан "Internexus" тіл орталығы да онлайн жүйеге көшті. Қазір спорт залдарда адам бұрынғыдан әлдеқайда аз, тіпті кей ресторандар жабылып жатыр. Сауда орталықтары бұрын таңертеңгі 10:00-ден кешкі 21:00-ге дейін жұмыс істейтін болса, қазір таңертеңгі 11:00-ден кешкі 19:00-ге дейін ғана жұмыс істейді. Сонда да сауда орталықтарында жүрген адамдардың да азайғанын байқауға болады. Дүкендерде арнайы қызметкерлер келушілердің қолына санитайзер себеді. Америкалықтар дүрлігіп жатқан жоқ. Тіпті көшеден медициналық маска киген адамдарды көп көрмейсіз, – дейді Әсем Әлмұханбет. 

Әсем Әлмұханбет америкалықтардың дүкендерден азық-түлікті көптеп алып жатқанын байқаған. 

– Бір қызығы, дәретхана қағазы және жеке гигеналық заттар ерекше сұранысқа ие. Неге екенін түсінбедім. Біз бүгін 4-5 дүкеннен іздеп, дәретхана қағазын таппадық. Тіпті арнайы сайттан тапырыс бергіміз келген, бірақ оларда да жоқ болып шықты. Бұрын кешке дүкен сөрелерінде азық-түлік толып тұратын. Ал қазір таңертең және түсте дүкенге барсаңыз өзіңізге керекті азық-түлікті ала аласыз, бірақ кей сөрелер толықтай бос тұрады. Осыдан 2-3 күн бұрын америкалықтар азық-түлікті көптеп алып жатқанын көргенмін. Бірақ ең бастысы азық-түліктің бағасы қымбаттамады, – дейді АҚШ-тағы қазақстандық студент. 

ап

 

ацмфв

Ал аты-жөнін жасырын қалдыруды сұраған Қытайдағы этникалық қазақ елде карантин тоқтатылғанын айтты.  

– Қытайда ақпан айының ортасынан бастап карантин жарияланды. Ешкімді сыртқа шығармады. Тіпті сырттан құлыптап кетіп жатты. Мұның бәрі сақтық үшін жасалды. Қытай осылай жасау арқылы коронавирус жұқтырғандардың санын азайтты деп ойлаймын. Қазақстанда да осындай қатаң тәртіп орнатса дұрыс болар еді. Қазір Қытайда жағдай тұрақталып қалды. 2-3 күн бұрын карантин тоқтатылды. Қазір көлік қатынасы жайлап-жайлап тұрақталып жатыр. Мектептер 23 наурыздан бастап офлайн жүйеге көшеді, – дейді Қытайдағы этникалық қазақ. 

Ал коронавирус көп тарлалған елдердің бірі – Оңтүстік Кореяда жұмыс істеп жатқан Асқар (өтініші бойыша, аты-жөні өзгертілді) есімді шымкенттік азамат бұл елде жағдайдың тұрақты екенін айтады. Сөзінше, ол қазір Оңтүстік Кореядағы Чхонджу қаласында жұмыс істеп жатыр.

– Жағдай тұрақты болғанымен коронавирус жұқтырғандардың саны күннен күнге көбейіп жатыр. Бірақ халық бұрынғыдай жұмыс істеп жатыр. Елде ешқандай дүрбелең жоқ. Дүкен сөрелерінде азық-түлік жеткілікті. Бірақ медициналық тұрғыдан жағдай жақсы жасалған, – дейді ол. 

 

Әсел Болатқызы

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір