• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 10:46:28
Алматы
+35°

ҚР Президенті Қ.К. Тоқаев 2019 жылы 21 қазанда ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне бекітілген әліпбиді жетілдіру жөнінде тапсырма бергелі бері бірнеше әліпби жобасы талқыланды. Осы жобалар арасынан акут, умлаут және аралас жоба атты үш нұсқа іріктеліп алынып, 2020 жылы 14 ақпанда жалпыхалықтық талқыға түсті. Ал 2020 жылы 5 наурызда бүкіл Қазақстан бойынша, 10 наурыз күні Алматы қаласында аталған үш жобадан таңдалып алынған умлаут нұсқасын жетілдіруге қатысты талқылау жиындары өтті.

Бекітілген әліпбиді жетілдірілмес бұрын, алдымен и мен у-дың дыбысын біріктіріп не ажыратып жазу мәселесі түбегейлі шешімін тапқаны жөн еді. Онсыз әліпби мәселесінде де, емле ережелерін түзу мәселесінде де қиындықтар кездесе бермек. Бұл екі әріптің дыбыстарын біріктіріп жазуға негізделген әліпби, оларды ажыратып жазуға негізделген әліпбиден өзгеше болуы тиіс еді.

  1. I) И МЕН У-ДЫҢ ДЫБЫСЫН БІРІКТІРІП ЖАЗАР БОЛСАҚ:

Қазіргі талқыланып отырған нұсқа и мен у-дың дыбысын біріктіріп жазуға негізделген әліпби. Оны [у] дыбысына /u/ таңбасы, [и] дыбысына /і/ таңбасы берілуінен және келтірілген мысалдарынан аңғаруға болады. Сонымен қатар осы нұсқа бойынша су, суу, киім, тиін секілді сөздерді құрамындағы и мен у-дың дыбыстарын тарқатып жазар болсақ sūu (SŪU), sūuyu (SŪUYU) немесе sūuūu (SŪUŪU), kıiım (KIİIM), tıiın (TIİIN) деп жазылып, u-лар мен i-лер қатар тізілмек. Кезінде Алаш арыстары араб графикасында ұқсас таңбалардың қатар тұруын «қаздай тізілген уау-лар» деп ұнатпағаны, ықшамдаудың да сол кездерде басталғандығы тіл тарихынан белгілі.

 Артықшылықтарын айтар болсақ:

1) Бір дыбыс – бір таңба ұстанымына негізделуі;

2) Жуан дауыстылардың жіңішке сыңарлары акут емес, умлаут арқылы ажыратылуы;

3) Жоба авторлары бұл нұсқаның артықшылығы ретінде ықшамдау принципін алдыға тартып отыр.

vdae

Бұл нұсқаға қатысты ескертулер:

1) [и (й)], [і] дыбыстарына /İi/, /Iı/ ұқсас тірек таңба берілуі:

Қазақ тілінде и мен і әріптері іргелес келетін сөздер қатары көп болғандықтан, [и (й)], [і] дыбыстарына ұқсас /İi/, /Iı/ тірек әріп берілмеген жөн. Нәтижесінде киім, иі т.б. көптеген сөздер kiım (KİIM), iı (İI) деп, екі ай (і) таңбасының қатар келуі арқылы жазылмақ (Алаш арыстарының «Қаздай тізілген уаулар» деп бір таңбаның қатар келуін құптамағаны тіл тарихынан белгілі).

2) [ы], [і] дыбыстарының тірек таңбалары бірдей болмауы:

 [a] - [ә], [o] - [ө], [ұ] - [ү] дыбыстарына берілген таңбалардан байқағанымыздай жуан дауыстылардың жіңішке сыңарларына жүйелі түрде умлаут диакритикасы берілген (/a/ - /ä/, /o/ - /ö/, /ū/ - /ü/). Алайда осы жүйелілік [ы] мен [і] дыбыстарына келгенде бұзылып кеткен (/y/ - /ı/).

3) [ы], [і] дыбыстарының таңбасы әліпбиде ретімен орналаспаған;

4)  [и] және [й] дыбыстарына бір ғана /İi/ таңбасын беру:

[и] және [й] дыбыстарына бір ғана /İi/ таңбасын беру салдарынан сайда, Айда сөздері мен Саида, Аида есімдері Aida, Saida деп бірдей жазылмақ. Сонымен қатар байиды, кейиді, мойиды сөздері baiidy, keiidı, moiidy болып, қос ай әрпі арқылы жазылмақ.

5) «Бір дыбыс – бір таңба» қағидасын ұстанамыз деп, диграфтардан арылғанымызбен, бір таңбаға бірнеше дыбыстың жүгі артылып отыр. Оған дауыссыз [у] дыбысы мен жат сөздердегі дауысты [у] дыбысына және [ыу], [іу], [ұу], [үу] қосар дыбыстарына бір ғана /u/ таңбасы берілгенін, сонымен қатар дауыссыз [й] дыбысы мен жат сөздердегі дауысты [и] дыбысына және [ый], [ій] қосар дыбыстарына бір ғана /і/ таңбасы берілгенін айтуға болады. Байқап отырғанымыздай /u/ таңбасы алты дыбысқа, /і/ таңбасы төрт дыбысқа арқау болып отыр.

6) Емле ережелер түзу кезінде қиыншылықтарға тап боламыз:

Qiyn (қиын), jiyn (жиын), suyr (суыр), siyr (сиыр), qiyr (қиыр), quyr (қуыр) секілді т.б. сөздердің қалай буынға бөлінетіні, қалай тасымалданатыны туралы Жаңа емле ережелерін айтылмаған болатын. Бұл мәселе тағы да қайталанғалы тұр. Сонымен қатар Түркия, Франция, Италия т.б. ел атаулары алдыңғы емле ережелеріндегідей Türkia, Fransia, Italia деп берілетін секілді. Мұндай жағдайда аталған ел атауларын қалай буынға бөлер едік? Tür-kia ма, Türk-ia ма, Tür-ki-a ма? Яғни бұл сөздердегі /і/ таңбасының дыбысы дауыссыз [й] ма, [ій] қосардыбысы ма, әлде шеттілдік дауысты [и] ма?

Ескертулерді шешу жолдары:

1) Егер әліпби и мен у-ды біріктіріп жазуға негізделсе и-дің үлкенін пернетақтадағы нүктесіз /I/ таңбасымен, кішісін нүктелі /i/ таңбасымен қалдырған жөн. Ал дауыссыз [й] дыбысына /Jj/ таңбасын берген дұрыс болмақ. Сонда сайда Айда сөздері Sajda, Ajda, ал Саида, Аида есімдері Aida, Saida болып түрліше жазылмақ. Сондай-ақ байиды, кейиді, мойиды сөздері де bajidy, kejidı, mojidy деп жазылып, екі ай /і/ таңбасы қатар келмейтін болады.

2) Негіздеменің бірінші пунктінде «Жаңа әліпбиде дауысты дыбыстардың жіңішке сыңарын белгілеуші диакритикалық таңба ретінде умлаут алынды» деп тұр. Жуан [ы] дыбысына /y/ таңбасы берілген жағдайда, оның жіңішке сыңары [і] дыбысына умлаутты /ÿ/ таңбасы сұранып тұр емес пе?! Мысалы, ыс – ys, іс – ÿs, тыс – tys, тіс – tÿs, тыңшылық – tyŋşylyq, тіршілік – tÿrşÿlÿk. Бұл жағдайда [и (й)], [і] дыбыстарының да тірек таңбалары (İi/Iı) түрленіп, киім, иі сөздері kiÿm (KİŸM), iÿŸ) деп, ұқсас таңбаның қатар келуіне жол берілмейтін болады. Тиын - tiyn болғанда, тиін - tiÿn болмай ма?! Әрине көзге оғаш көрінгенімен, жоғарыдағы ереже осыны талап етіп отыр. Ал әліпби авторлары бұл оғаш көріністен қашқақтау үшін, өздері түзген ережені өздері орындамай отыр. Сондай-ақ қазақ кирил әліпбиінде [i] дыбысына /і/ таңбасы беріліп келгендіктен, латын графикасынан да /i/ таңбасы берлілгені дұрыс секілді көрінеді. Алайда бұл, шындап келгенде, кирилдегі /у/ таңбасын латын графикасындағы акутты /ý/ таңбасына ауыстырғанға ұқсас құбылыс болуы мүмкін.  

3) [ж] дыбысына /Ȥȥ/ таңбасын беру пернетақтадағы бос таңбаларды пайдаға жарата алмауды білдірмек. Яғни [й] дыбысына /Jj/ таңбасын берген жағдайда [ж] дыбысына өзге түркі тілдеріндегідей, пернетақтадағы /с/ таңбасы өзінен-өзі сұранып тұр және кейбіреулер керек етіп жүрген әліпбидегі ABC реті де сақталады. 1931 жылғы әліпбиде де [ж] дыбысының тірек таңбасы осы /Сс/ таңбасы болған, (яғни ол кезде [ж] дыбысына /Çç/ таңбасы берілген болатын). Ал әліпбиге [ч], [ц] дыбыстарын енгізу дегеніміз жат сөздерді орыс орфографиясынан тікелей транслитерациялауға жол ашып, орыс тіліндегі дыбыстауы бойынша айтуды жалғастыра береміз дегенге саяды. Бұл екі дыбысқа арнайы таңба бергеннен, кирилде қала берген артық.

4) [ң] дыбысы диакритиканың санын азайту мақсатында 1931 жылғы әліпбидегідей /ŋ/ таңбасымен қала бергені жөн.

5) Көптеген әріптестер әліпбидің осы нұсқасындағы [у] дыбысына /w/ таңбасын, [и (й)] дыбысына /y/ таңбасын беруді ұсынып жүр. Бұл нұсқада и мен у-ды біріктіріп жазуға негізделгендіктен және /y/, /w/ таңбалары әлемдік тәжірибеде дауыссыз дыбыстарға тән болғандықтан, и мен у-ға бұл екі таңбаны беру қисынға келмейді. Ондай жағдайда су, бу сөздері sw, bw деп, ки, би сөздері ky, by деп жазылмақ. Бұл дегеніміз сұр, бұр сөздерін ср, бр, яғни sr, br деп, кір, бір сөздерін кр, бр, яғни kr, br деп жазғанмен барабар болмақ.

6) Әліпби ауыстырудағы негізгі мақсаттарымыздың бірі тілімізді кеңес кезінде мәжбүрлі түрде енгізілген дыбыстардан тазарту десек, бұл нұсқадан /в/ әріпін алып тастаған жөн. Бұл дыбыстың таңбасы А.Байтұрсынұлының төте жазуында да, төте жазу негізінде жасалған 1931 жылғы латыннегізді қазақ әліпбиінде де болмаған. Шеттілдік сөздердегі [в] дыбысын қазақ тіліне дауыссыз [у] дыбысы және ыңғайына қарай [б], [п] дыбыстарымен де игеруге болатыны белгілі.

IІ) И МЕН У-ДЫҢ ДЫБЫСЫН АЖЫРАТЫП ЖАЗАР БОЛСАҚ:

Егер ғалымдарымыз и мен у-дың дыбысын ажыратып жазуға келісер болса, ондай әліпби жобасы А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында жасалған және ол бір-екі жылдың емес бірнеше жылдық еңбектің жемісі. Айта кету керек, ескі қыпшақ тілінде, қазіргі түркі тілдерінде қазақ тіліндегі [ый], [ұу], [ій] қосардыбыстарының баламалары ажыратылып жазылады. Мысалы СИЫР сөзін ескі қыпшақ тілінде сыйыр, қарақалпақ тілінде sıyır, қырым татарлары sıyır, sığır,  құмық, ноғай тілдерінде сыйыр, башқұрт тілінде һыйыр, түрік тілінде sığır, inek, өзбек тілінде sigir, түркімен тілінде sygyr, ұрым тілінде сыгыр деп жазады. Ал СУ сөзі ескі қыпшақ тілінде сұу, башқұрт тілінде һыу, қырғыз, қарашай-балқар тілдерінде суу, қарайым, қырым татар, құмық, ноғай тілдерінде сув, өзбек тілінде suv, түркімен тілінде suw, қарақалпақ тілінде суў, тофа, шор, хакас тілдерінде суғ, шуваш, якут тілдерінде уу (ұу) деп, ИНЕ сөзі ескі қыпшақ тілінде ігне, қырғыз, ноғай, қарашай-балқар тілдерінде ийне, қарақалпақ, қырым-татар тілінде iyne, әзербайжан тілінде iynə, өзбек тілінде igna, түрік тілінде iğne, түркімен тілінде iňňe, ұйғыр тілінде يىڭنە [йиңне], шор тілінде инге, ИТ сөзі ескі қыпшақ тілінде ійт, қарақалпақ тілінде iyt, ноғай тілінде ийт, ұйғыр тілінде ئىت [ійт], ұрым тілінде йит, тофа тілінде ыът деп жазылады. Байқап отырғанымыздай қазақ тіліндегі сиыр, су, ине, ит сөздеріндегі ый, ұу, ій қосардыбыстарының баламалары өзге түркі тілдерінің ешқайсысында ықшамдалмай тарқатылып жазылады.

Жоба авторлары бұл нұсқаның артықшылығы ретінде қазақ сөзінің үндесім әуезі, морфем құрамы, буын тұрқы, тасымал жігі, сөйлеу ырғағы толық сақталатындығын айтып отыр.

Кей әріптестеріміз и мен у-дың дыбысын тарқатып жазар болсақ, сөздердің тұрқы созылып кететінін бұл әліпбидің кемшілігі ретінде айтып жүр.

 gb

Дегенмен бұл әліпбиге де өз тарапымыздан ескертулер мен ұсыныстарымыз бар. Енді соларға тоқтала кетсек:

1) Жоғарыда айтқанымыздай, әліпби ауыстырудағы негізгі мақсаттарымыздың бірі тілімізге мәжбүрлі түрде енген кірме дыбыс таңбалардан құтылу десек, бұл нұсқадан /ч/, /в/ әріптерін алып тастаған жөн. [Ч] дыбысы тілімізге [ш] болып, [в] дыбысы ыңғайына қарай [б], [у], [п] болып игерілетіні белгілі. Мысалы, бір ғана чиновник сөзіндегі [ч], [и], [о], [в], [и] дыбыстары тілімізге [ш], [е], [е], [у], [і] түрінде игеріліп, бұл сөз шенеуінік деп айтылады. Тіпті игерілгеннен кейінгі [у] мен [н] дыбыстарының арасында естілетін [і] дыбысының таңбасы да жазылады.

2) Осы нұсқада дауыссыз [у] дыбысына берілген /w/ әрпі  кейбірімізге түрпідей көрініп жүр. Бірінің уәжі ақылға қонымды болса, енді біреулері орынсыз уәж айтып жүр. Біздің ойымызша, бұл таңбаны өзге таңбаға ауыстыру қажет болып жатса, дауыссыз [у] дыбысына 1931 жылғы әліпбидегідей /v/ таңбасын берген жөн.

3) /і/ таңбасына қатысты «төл сөздерде – і, кірме сөздерде – и болады» деген ескерту арқылы бір ғана /і/ таңбасына табиғаты бөлек екі дыбыс беріліп отыр, сонымен қатар /u/ таңбасына қатысты «төл сөздерде – ұ, кірме сөздерде – у болады» деген ескерту арқылы бір ғана /u/ таңбасына табиғаты бөлек екі дыбыс беріліп отыр.

4) [Ұ] және [і] дыбыстарына қатер төнгелі тұр:

Егер кеңес кезіндегі ғалымдар «/у/ әрпімен төл сөздердегі [ұ] дыбысын да (улт, тул, тур, Нурсултан), кірме сөздерде кездесетін дауысты [у] дыбысын да (университет, прокуратура) таңбалаймыз» деп, төл [ұ] дыбысы мен кірме [у] дыбысына бір ғана /у/ таңбасын бергенде қазіргі қазақ тілі өзге түркі тілдері секілді [ұ] дыбысынан айырылып қалар еді. Сол сияқты «/и/ әрпімен төл сөздерде [і] дыбысы (ини, ким, тил, дин) және кірме сөздерде [и] дыбысы (министр, интернет) таңбаланады» деп, төл [і] дыбысы мен кірме [и] дыбысына бір ғана /и/ таңбасын бергенде, қазіргі қазақ тілі өзге түркі тілдері секілді [і] дыбысынан айырылып қалар еді. Сондықтан ұсынылған әліпбидегі бұл ескертуді «КІРМЕ СӨЗДЕР ҚАЗАҚ ТІЛІНЕ ТОЛЫҒЫМЕН ИГЕРІЛІП ЖАЗЫЛАДЫ» деп ауыстырып, кірме сөздердің бәрін қазақ тіліне игеріп алған жөн.

Бұл нұсқада алдыңғы нұсқадағы аталған кемшіліктердің көпшілігі кездеспейді деуге болады. Мысалы:

Бұл әліпби бойынша киім, иі т.б. сөздер kiyim (KİYİM), iyi (İYİ) т.б. деп жазылмақ, яғни қатар жазылатын ай әріптерінен құтыламыз;

Жуан дауыстылардың жіңішке сыңарларына ұқсас тірек таңба беру жүйелілігі (a- ä, o-ö, u-ü, ı-i) сақталады. Мысалы, ыс – ıs, іс – is, тыс – tıs, тіс – tis, тыңшылық – tıŋşılıq, тіршілік – tirşilik;

Сайда, Айда сөздері sayda, Ayda, ал Саида, Аида есімдері Aıyda, Saıyda (немесе тілімізге икемдеп Ayıyda, Sayıyda) деп түрліше жазылады. Сонымен қатар байиды, кейиді, мойиды сөздері bayıydı, keyiydi, moyıydı болып, қос ай әрпінсіз жазылады;

Qiyn (қиын), jiyn (жиын), suyr (суыр), siyr (сиыр), qiyr (қиыр), quyr (қуыр) секілді т.б. сөздерді буынға бөлу, тасымалдау мәселесі шешілетін болады. Яғни қиын қиын, жиын, суыр, сиыр, қиыр, қуыр секілді сөздер qıyın, jıyın, suvır, sıyır, qıyır, quvır деп жазылып, qı-yın, jı-yın, su-vır, sı-yır, qı-yır, qu-vır деп буынға бөлінеді. Ал Түркия атауы Türkiya деп жазылып, Tür-ki-уa деп буын жігі ажыратылады (Бәлкім Түркияны «Türkiyе» деп бейімдерміз).

/і/ және /u/ таңбаларына қатысты ескертуді «КІРМЕ СӨЗДЕР ҚАЗАҚ ТІЛІНЕ ИГЕРІЛІП ЖАЗЫЛАДЫ» деп өзгертер болсақ  «Бір дыбыс – бір таңба» қағидасына қоса «бір таңба – бір дыбыс» қағидасын да ұстанатын боламыз;

Ғалымдар арасында әліпбиді диграфсыз, диакритикалық белгілерсіз «бір дыбыс – бір таңба» ұстанымында болуын жөн көріп жүргендер бар. Ондай әліпби қажет болып жатса 1931 жылы құрастырылып он шақты жыл қолданыста болған, и мен у-дың дыбысын тарқатып жазуға негізделген латын графикалы қазақ әліпбиін аздаған өзгерістер арқылы жаңғыртуға болады. Ол туралы «1931 жылғы әліпбиді жаңғыртсақ» атты кішігірім мақала жазған болатынбыз. Бұл әліпбидің ең үлкен ерекшелігі қазақ әліпбиінің атасы А.Байтұрсынұлының төте жазуынан тікелей ауыстырылғандығы деуге болады.

Орта ғасырларда халықаралық тіл деңгейіне көтерілген қыпшақ тілінен орыс тіліне көптеген сөздері енді. Қазіргі орыс тілінде қ, ғ, ы, ұ, ү, ө, і т.б. секілді қыпшақ тіліне тән дыбыстар бар ма? Жоқ әрине. Тіпті дауыссыз у да жоқ. Жат сөздерді түпнұсқа тілдегі дыбысталуы бойынша қабылдау тілдің даму үдерісі болса, қазір орыстар тілін қыпшақ тіліне тән қ, ғ, ы, ұ, ү, ө, і дыбыстарымен дамытып алар еді. Араб елдеріне француздар да, ағылшындар да, италияндар да испандар да, түріктер де, қала берді қыпшақтар да ықпал етіп, араб тіліне осы халықтардың тілінен қаншама сөздер, терминдер енді. Кейбірінен әлі де еніп отыр. Сол сөздердің барлығы араб тіліне толық игерілді, әлі де игеріліп отыр. Сондықтан да кірме сөздер үшін дауысты [и] және [у] дыбыстарының таңбасын әліпбиге енгізбеген жөн.

Алдымен кейбір кірме дыбыстардың таңбасынан құтылып, и мен у-әрпі бар кірме сөздерді орыс не ағылшын орфографиясы бойынша жаза тұрайық, кейін реттеп алармыз деу үлкен қателік. Халық бастапқы кезде неге үйренсе, соған дағдыланады. Ал дағдыны өзгерту қиынның қиыны, яғни оны өзгерту үшін графиканы қайта өзгертуге тура келуі мүмкін. Қорыта айтарымыз, ұлттық тілімізді барынша қорғап қалғымыз келсе, қай нұсқаны қабылдасақ та, кірме сөздерді толығымен икемдейтін әліпби қабылдайық. Қазір оған үлкен мүмкіндік болып отыр. Бір-ақ рет берілетін мүмкіндікті жіберіп алмауға барымызды салайық.

Қалдыбай Арыстанбекұлы Қыдырбаев

Нұр-Мүбарак университетінің доценті

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір