• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 13:59:28
Алматы
+35°

03 Наурыз, 2020 Саясат

"Бояушы" дегенге Әшімбаев сақалын бояпты

Тұп-тура осылай айтпасқа лаж да жоқ. Өзін "саясаттанушымын" деп салмақтап айтар тұста салмақсыз саңғытып отыратын айтқыш көп қазір. Соның бірі тағы көңіліне "қайғы" алып толғапты. Елден кеткен орыс үшін етегі жасқа толып. Дәлірек айтқанда, Қазақстаннан білімді орыс кетіп, надан қазақтар толтырып жатыр екен бұл елді.

Фото: ашық ақпарат көздерінен

Сонда ол кім болды дейсіз ғой, өзін "өзгешіл" ойымен-ақ саясаттанушы атандырып жүрген Данияр Әшімбаев деген пақырыңыз бұл. Қауіпті ойдың иесі. Таразының екі басына орыс пен қазақты қатар қойып (міне нағыз ұлтараздық тудыру), не десе де қатты дауысы шыға қоймайтын қандасын "сойып" айттым деген түрі болса керек, stanradar.com сайтына суырылып-ақ сұхбат беріпті.

Бақсаңыз, оның айтуынша былтыр елден 45,2 мың адам көшіп кеткен. Алайда "бұл Қазақстандағы халық санының азаюына әсер еткен жоқ. Себебі сырттан көшіп келіп жатқан этникалық қазақтар баршылық" дейді әдепкі тіл ұшы ойында. Сосын "Бұлардың көпшілігі орта білімді" дей келіп:

"Сайып келгенде біреу кетіп, бір келіп жатыр. Кетіп жатқандар оқып-тоқыған жастар, келіп жатқандар этникалық қазақтар. Олардың – білімі, жұмыс өтілі жоқ. Олар осында көшіп келіп, мемлекет есебінен күн көргісі келеді”, – дейді Әшімбаев.

Осылайша, өз қандасы – өз қазағын білімі мен жұмысы жоқ делбе-кезбе есебінде көрген "саясаттанушы" елден кеткен орыспен өкіріп-өксіп қоштасардай емеурін танытады келіп. "Оқып-тоқыған" жастар деп тағы емешегі үзіліп-үзіліп айтады епті сөзін.

Сонда дейміз, бір елдің саясаты туралы сәлиқалы сөз айтуы тиіс "саясаткеріңіз", соңғы жаңалықтардан хабары жоқ болғаны ма? Мәселен, ол үшін дерек сұрамай мына бір дап-дайын дәйекті таусап көріңіз. Қазақстанда маңдай алды қанша университет болса дейміз, соның тым көп мөлшерінде тек қазақтар оқып жатқаны жасырғысыз шындық емес пе? Мейлі, этникалық қазақ, мейлі жергілікті қазақ болса да.

Ал ол емешегі үзілген "оқып-тоқыған" орыс жастары қайда дейсіз бе? Олардың дені кәсіптік орта білім беру мекемелерін жағалайтыны тағы да рас. Сосын да үйіңде телевизорың бұзылып, тегенең тесілсе де солардың сопаң етіп жетіп келетіні сондықтан болса керек.

Әрине, бұл бір ұлтты тұтас "орта білім" алып жатыр деп Әшімбаевша дәйексіз кемсіту емес. Орыстардың техника тіліне үйірлігі себеп бұған. Ал қазақ керісінше баласын тырмалап көзін ашқаннан "президент болады", "әкім болады кейін" деп немесе "дәрігер болғаннан жақсысы жоқ", "мұғалім болайын деп тұр" деген қалыппен құлақ сіңісті етіп өсірмей ме?

Бұндайда қандастың да қазақ екенін, көшпелі өмірден кеше қол үзген этникалық қазақтың (мүмкін дәл осы көнеден тіні үзілмей келген дәстүршіл көзқарасын "білімсіздік" дей ме екен осылар да) бұл түсініктен алыс тұрып ойламайтыны тағы мәлім. Тіпті, бұл туралы соңғы уақытта жиі де айтылып келеді. Бұған ешкім көз жұмбаса керек. 

Ендеше, этникалық қазақ туралы "Олардың – білімі, жұмыс өтілі жоқ. Олар осында көшіп келіп, мемлекет есебінен күн көргісі келеді" деп "шағып" сөйлеген сабазыңыздың өз білімі де шамалы болып тұрғаны ғой. Өйтпесе, Қазақстанның ең зәру мамандықтары білім-ғылым мен медицина саласында қаншама қандасы жүр сол Даниярдың?! Ал кәсіпке тірелетін "шағын және орта бизнес" деген ұран шыққан жерде тағы да сол "білімсіз" қазағы жүрген жоқ па қалбаң қағып? Бұл туралы нақты деректерді тағы да ұсына жатармыз...

Әлде, Әшімбаев секілді "алакөз" адамдар шетелден қандасы асып, бар байлығын жолы мен "документіне" шашып, бойында күп-күрең қазақы қаны тасып келгенде берілген "ерулік" есебіндегі аз қаржыны Қазақстан үкіметі өмір бойы қалтасына құйып отыр деп ойлай ма екен. Егер, "ерулік" деген тек қазақтың ғана еншісіндегі ұғымды орысша ойлайтын Даниярлар білмесе, бұны "адаптациялық" қаражат деп түсіндіру керек-ау бұларға.

Қытайдың арандай аузына алақандағысын салып, басы аман өткен торғайдай қазаққа онсыз да шетел асып жатқан қаражаттын жұқанасын көп көрсе, оны да бермесін. "Аш құлақ та тыш құлақ" дейік сөйтіп...

Жоқ, "сасық ауыздан" шыққан сөз мұнымен бітпепті. Оның пікірінше бүгінгі Қазақстан өмір сүруге қолайсыз елге айналып келеді - мыс. Яғни, мемлекеттің моноұлттанып бара жатқаны алаңдатқан "саясатекерді". Оқып көріңіз:

“Үкіметте Роман Склярдан (премьердің орынбасары) өзге ұлт өкілдері жоқ. Вице-министрлердің деңгейінде өзге ұлт өкілдерін саусақпен санап аласыз. Әкімдер арасында да қазақ еместер жоқ. Аудан әкімдері арасында ішінара ғана өзге ұлттар. Ұлттық компаниялар деңгейінде де осы көрініс. Ең қызығы қарым-қатынас, жұмыс тілі – орыс тілі”, – дейді ол.

"Әкесін сабағанды көріп едім, бірақ әкесін арбаға байлап қойып сабағанды бірінші рет көруім» деген сөз еске түседі осындайда. Әкесі – қазақ болғанда, байлап қойып рахаттанып сабап отырған тағы Данияр – баласы демей амал жоқ мұндайда. 

Демей көріңіз: билік басында қазақтар көп болып кетті деп, бүкіл қазақты қосақтап сабап отырған жоқ па?!

P.S. Қарқара басың "қанжығада" кеткен қайран Алтынбек! Сен айтқан: "Қазақ ұлтына сырттан келген үлкен көмек бар, ол – оралмандар" деген сөзді кім қаперіне алар қазір? Сырттаны кетіп, "сұқ иті" қалған қоғамда қандастың құны да Даниярлардың аузымен өлшеніп кетпесе не етті?!

 

 

Қозыбай Құрман

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір