• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 05:36:09
Алматы
+35°

22 ақпан күні түстен кейін Алматыдағы "Астана" алаңынының маңында Францияда тұратын қуғындағы экс-банкир Мұхтар Әблязов жетекшілік ететін "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) ұйымының митингісіне келгендер әкімдік өкілдерінің тараңыздар деген талабын елемеді. Тарамағандарды полиция біртіндеп ұстап, арнайы көліктерге күштеп тиеді.

Оқиға орнында жүрген Қамшы тілшісінің хабарлауынша, полиция азаматтарды "митингі өтеді" деген "Астана" алаңына жеткізбей, автозактарға салып әкетіп жатыр. Полиция ұстаған наразылардың кейбірі "Оян, Қазақстан!", "Шал кет!" деп айқайлаған.

"Митингі өтеді" деген алаң түгелдей полиция мен арнайы жасақтың бақылауында. Арнайы жасақ өкілдері арасында әйелдер жасағы да жүр.

Алаң аумағында интернет мүлдем істемей тұр.

Түске дейін дәл осы "Астана" алаңында "Қазақстан билігіне оппозициямыз" деп жүрген тағы бір ұйым – "Демократиялық партия" белсенділері де митингі өткізбекші болды. Олардың бір шоғырын таңғы сағат 9.30-да алаңға жеткізбей полиция ұстап алып кетті.

Ал осы ұйымның он шақты белсендісі "Астана" алаңына жетіп, сол маңдағы Әлия мен Мәншүк ескерткішінің алдында билікке өз талаптарын айтты. Олар кеше Қаскелең қаласында ұсталып, "митингіге шақырды" деген айыппен үш тәулікке қамалған "Демпартия" бастамашыл тобының жетекшісі "Жанболат Мамай мен басқа да ұсталған белсенділерді босатсын" деген талап қойды. Оларға әкімдік қызметкерлері мен прокуратура өкілдері ескерту жасап, тарауға шақырды. Содан кейін полиция белсенділердің барлығын ұстап әкетті. Ұсталғандардың арасында саясаткер Төлген Жүкеев пен Жанболат Мамайдың әйелі, "Жас Алаш" газетінің бас редакторы Инга Иманбай да бар. Бірақ түскітен кейін Иманбай Facebook парақшасында пост жазып, полиция өзін  босатқанын хабарлады. 

Бұған дейін ҚДТ қозғалысының жетекшісі Мұхтар Әблязов та, "Демпартия" бастамашыл тобының жетекшісі Жанболат Мамай да өз жақтастарын 22 ақпан күні "Астана" алаңына митингіге шақырған болатын. Қазақстанның бас прокуратурасы 21 ақпанда Әблязовты "алаяқ, адам өлтіруші" деп қаралап, ел азаматтарына ол шақырған жиынға бармауға кеңес берген болатын. 

Азаматтарды бір күнге, бір жерге митингіге шақырғанымен Мамай мен Әблязов соңғы кездері бір-бірін жиі сынап жүр. Ұйымы Қазақстанда "экстримистік" деп танылған Әблязов Мамайды "биліктің жобасы" деп есептейді, ал Мамай өзі құрайын деп жүрген "Демократиялық партияны" нағыз "оппозициялық ұйым" болады деп айтады. 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір