• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 21:35:05
Алматы
+35°

29 Қаңтар, 2020 Атырау облысы

Бауыржан Байбек Атырау облысындағы шалғай елдімекендерге барды

«Nur Otan» партиясы төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек жұмыс сапарымен Атырау облысына келді. Аймаққа жасалған бұл сапардың негізгі мақсаты – өңірдің жай-күйімен танысу, қарапайым тұрғындармен кездесу арқылы жергілікті тұрғындарды толғандырып жүрген нақты мәселелерді анықтап, соларды шешуге атсалысу және жұртшылықты партияның алдағы жоспарларымен кеңінен таныстыру болды.

Бауыржан Байбек Атырау облысында

Партия төрағасының Бірінші орынбасары өңірге сапарын Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетовпен бірге Мақат ауданына қарасты Доссор кентінен бастап, осындағы «Бірлік» ықшам ауданының тұрғындарымен кездесті. Қарапайым адамдармен емен-жарқын сұхбаттасып, биылғы бірінші жартыжылдықта партия өкілдерінің еліміздің барлық өңірлеріне барып, Елбасы, партия Төрағасы Н.Ә. Назарбаевтың бағдарламалық мемлекеттік және партиялық құжаттарда берілген тапсырмаларының орындалуын қадағалайтынына, жергілікті жерлердегі өзекті проблемаларды зерделеу арқылы халықтың нақты сұраныстарын ескере отырып, аумақтық бағдарламалар әзірленетініне тоқталды.

Өткен жылдың соңында жергілікті БАҚ-та осы елдімекенде өзекті болып отырған темір жол арқылы өтетін жаяу жүргіншілер көпірін салу жайында мәселе көтерілген еді. Осы жәйтті тілге тиек еткен Бауыржан Байбек кездесуге жиналған қауымға партияның бұл мәселеден хабардар екенін және оны уақтылы шешу шараларын қарастырып жатқанын жеткізді.

- Естуім бойынша, кент халқының көпшілігі бір жақта тұрады, ал темір жолдың арғы жағында екі мектеп, бір балабақша орналасқан. Сондықтан қауіпсіздік үшін темір жол арқылы жаяу жүргіншілер көпірі керек деген ұсыныс орынды. Біз осында облыс әкімімен, мемлекеттік органдардың облыстық басшыларымен бірге осы проблеманы шешу жолын талқылау үшін келіп отырмыз.

Жергілікті жерден сайланған депутаттарымыз бар, басқа да мүмкіндіктер бар. Олар халықпен бірлесе отырып, жергілікті жерде жұмыс істеу керек. Соны Елбасымыз да, Президент те айтып отыр. Сол үшін қадағалап, бүгін тиісті кездесулерді өткізіп, осы мәселелерді қараймыз, шешеміз, - деді Бауыржан Байбек.

Қазіргі уақытта облыстық және жергілікті билік өкілдері алдын ала есептер жүргізіп, көпір құрылысы үшін жобалау сметалық құжаттарды әзірлеуге қаражат бөлу жоспарланған. Оның құрылысын 2021 жылдың екінші жартыжылдығында аяқтау көзделуде. Бауыржан Байбек жергілікті мемлекеттік органдардың осы нысанның құрылысын жылдамдатуын және тұрғындар көтерген басқа да мәселелерді партияның облыстық филиалына бақылауға алуды тапсырды.

Кездесу барысында тұрғындар бұдан бөлек көше жарығы, жол сапасы секілді бірқатар мәселелерді көтерді. Өз кезегінде Б. Байбек бұлардың барлығы да назарға алынып, тиісінше шешімін табатынын айтты.

 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 

Атырау облысының Мақат ауданына қарасты Доссор поселкесінің тұрғындарымен кездестім. ⠀ Біраз уақыт бұрын жергілікті БАҚ-та теміржолды кесіп өтетін жаяу жүргіншілерге арналған көпір салу қажеттігі туралы мәселе бірнеше рет көтерілген болатын. Осындағы «Бірлік» ықшам ауданы тұрғындарының басым бөлігі теміржолдың бір жағында, ал оның екінші жағында әлеуметтік нысандар, оның ішінде 2 мектеп пен балабақша орналасқан. Сол жерде осы мәселені қарастырдық. ⠀ Тұрғындар жол жөндеуге және инженерлік инфрақұрылымдарға қатысты басқа да өзекті мәселелерді көтерді. Айтылған мәселелерді шешу партиялық бақылауға алынды. Ал жаяу жүргіншілер көпіріне келетін болсақ, аймақ басшылығы берген мәлімет бойынша, келесі жылдың ортасына дейін салынады. Мұның нақты нәтижесі жұртшылыққа хабарланады.

Публикация от Бауыржан Байбек (@baibekbk)



Бұдан кейін партия төрағасының Бірінші орынбасары саяси ұйымның «Доссормұнайгаз» бастауыш ұйымы мүшелерімен кездесіп, өз азаматтарымыздың мүддесін қорғау, олардың әлеуметтік жағдайына көңіл бөлу, шетелдік жұмыс күшін тартуды шектеу мәселелеріне кеңінен тоқталды. Бұл ретте ел Президентінің Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында осы мәселе бойынша берген тапсырмасының сапалы орындалуына баса мән берді. Сонымен бірге Б. Байбек партияның өңірлердегі бастауыш ұйымдарының жұмысын күшейту, олардың атқаруы тиіс міндеттерін тарата айтып берді.

- Партияның бастауыш ұйымдары нақты мәселелерге қатысуы керек деп ойлаймын. Қаладағы тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы мәселесі сияқты нақты бір мәселе шешілсе құба-құп. Партия мүшелері әкімдерден осыларды талап ете алады. Жақында ғана осы ауданның әкімі есеп беріпті, кейбір адамдар естімей, білмей қалған. Бәрі ашық түрде болуы керек. Біз қазір бес жылдық бағдарламаны талқылаймыз. Содан кейін ішкі партиялық іріктеуді жасағалы отырмыз.
Елбасы, Nur Otan партиясының Төрағасы өңірдегі партияластарды жинаған кезде «әрбір мәслихатта 30 пайыз әйел адам болуы керек. Әр мәслихатта кемінде 20 пайыз жастар болуы керек» деп айтты. Ол деген біздің аналарымыз, қарындастарымыз көтерілу керек деген сөз. Бізде сайлаушылардың 52 пайызы әйел адамдар екен. Ең қиын жұмыстарды да әйел адамдар атқарады. Балабақша, бастауыш мектептің бәрінде әйелдер жұмыс істейді. Әйел адамдардың қоғамдық өмірде белсенділігі бар болса, оларға міндетті түрде жағдай жасау керек.
Nur Otan партиясынан басқа билеуші күштің жоқ екенін көбіміз білеміз. Nur Otan -мемлекеттік емес ұйым. Партия үшін министр, әкім барлығы бірдей.
Біздің негізгі мақсатымыз - Қазақстанның өсіп-өркендеуі. Саяси идеалымыз - Елбасы. Біздің ең үлкен жетістігіміз – ел Тәуелсіздігі, - деді партия төрағасының Бірінші орынбасары.
Сонымен қатар Б. Байбек осы бастауыш ұйым жанындағы қоғамдық қабылдауда бірнеше азаматты қабылдап, кент тұрғындарының өтініштерін, көтерген мәселелері мен ұсыныстарын тыңдады. Қабылдауға келгендер тұрғын үй шаруашылығының, жай-күйі, тұрмысы төмен отбасыларға қолдау көрсету, әлеуметтік инфрақұрылымды жетілдіру секілді мәселелерді қозғады.

Қоғамдық қабылдауда болған осы ауданның тұрғыны, зейнеткер Сәбит Халенов аурухананың жылу жүйесіне жөндеу жүргізуді және аудан тұрғындарын қосымша жедел медициналық көмек көлігін бөлу мәселесін көтерді.

Партияның жергілікті филиалының төрағасы мен аудан әкімі зейнеткердің өтініші орындалатынына, биыл аурухананың жылу жүйесіне жөндеу жүргізілетінін айтты. Ал аудан тұрғындарын қосымша жедел медициналық көмек бригасымен қамтамасыз ету мәселесі бойынша облыстық денсаулық сақтау басқармасымен бірге оны орындаудың нақты мерзімі белгіленді. Бұл мәселені «Nur Otan» партиясының мәслихаттағы фракциясының депутаттары тұрақты бақылауға алатын болды.

«Nur Otan»-ның басшылық құрамының мұнайлы өңірге жасаған бұл сапары ары қарай Жылыой ауданына ұласты. Партия төрағасының Бірінші орынбасарымен кездесуге аудан басшылығы, аудандық мәслихат депутаттары қатысты. Мұнда Аумақтарды дамыту бағдарламалары мен партияның сайлауалды бағдарламаларын әзірлеу жайы сөз болды. Кездесуде сөз алған Бауыржан Байбек депутаттық фракцияның жұмысын күшейту, сайлауалды бағдарламаны әзірлеуде жаңа тәсілдерге жүгіну жайын қозғады. Әсіресе, бұл маңызды құжатты дайындауға және оны жан-жақты талқылауға партияластардық барынша белсенділік танытқандары жөн екенін жеткізді.

Іссапардың бірінші күнінің соңын Бауыржан Байбек партияның Жылыой аудандық филиалының партиялық кадрлық резервіне қатысушылармен кездесу арқылы түйіндеді.

Бас қосуда партия төрағасының Бірінші орынбасары партиялық жауапкершілікті күшейту қажеттігіне тоқталып, Елбасы ұсынған партияны жандандыру бағдарламасының екінші кезеңіне аяқ басқанымызды атап өтті. Бұл ретте саяси ұйымды одан әрі сапалық тұрғыдан нығайта түсу үшін «жігерлі лидерлер – қуатты партия» тұжырымдамасын берік ұстануды ұсынды.

Осы мақсатта үш мәселеге назар аударуды ұсынды. Біріншіден, ел ішіндегі білімі мен білігі мол, сөзі өтімді, іскер де беделді жандарды партия маңына тартып, оларға өз ойлары мен идеяларын, қарым-қабылетін іске асыруға мүмкіндік беру маңызды. Екіншіден, әрбір өңірдің ерекшелігі мен нақты мәселелерін есепке ала отырып, арнайы бағдарламалар жасау, содан кейін осыны халыққа жатық та жеңіл тілмен түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттігіне тоқталды. Осындай озық саяси технологиялардың бірі ретінде праймеризді атады.

- Біз әрбір өңірде праймериз өткіземіз. Наурызда Саяси кеңестің отырысы болады. Сол кезде праймериз өткізу тәртібін бекітеміз. Қазір пилоттық жоба өтті. Сәуір-мамыр айларында нақты праймериз өткізіледі. Қазақстан бойынша 920 мың адамды ұйымдастырып, халыққа біз мүмкіндігінше өзіміздің саясатымызды түсіндіруіміз керек. Халықты біріктіруіміз қажет. Партия деген құрал. Біздің мақсатымыз - билікке кез келген салада дарынды, адал, білімді азаматтарды келтіру. Бұған ішкі партиялық іріктеу мүмкіндік бермек. Праймериз өткізу тәртібі бекітілген соң оны өздеріңізге жібереміз, - деді Б. Байбек.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір