• USD 389.52
  • EUR 429.21
  • RUB 6.07
  • CNY 54.94
06 Желтоқсан, 20:02:39
Қазақстан Украинаның сауда нарығына алаңдаулы

25 Қараша, 2019 Айтты-ей, бауырың!

"Мемлекетке жандарың ашымайды" : Профессор Мәжіліс төрағасы Нығматулинның сөзіне шүйлікті

Желінің жетелі ойпаздары!
Бұл жазбамды Сіздерге арнадым. Сіздер арқылы ҚР Праламенті Мәжілісінің спикері Н.Нығматуллинге үшбу сәлем жолдадым.


Нығматуллин Мәдениет және спорт министрінің орынбасарына шүйлігіп отыр. Министрлік өздеріне бөлінген бір 300 миллион теңгені қорғай алмаған ба, қалай? «Ақшаны далаға шашасыңдар. Мемлекетке жандарың ашымайды. Мирнистрлікте 300 (?) адам жұмыс істейді. Сендер сырттан фирма жалдайсыңдар. Сонда министрлікте концепция жасайтын бір адам болмаса, ол аппараттың керегі не? Министрлікке қарайтын музей, кітапханаларың бар. Олар не істейді?...»


Құдай-ау, спикер сұрауды жаңбырша жаудырды, министрдің орынбасарына ұрсып бақты. Сырт қараған кісіге, министрліктің ішкі «кухнясынан» бейхабар жандарға жағып-ақ барады. Бірақ, министрлікте бұрын қызмет атқарған маман жайында Нығматуллиннің сұрауы, сыны, сөзі бізге ұнамады. Мәселе көтерісі дұрыс. Бірақ, шындап келгенде бұл талқы Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалы мақаласынан туындайтын міндеттерге қарсылық сияқты болып шықты шындығында!


Ойланып көрейікші. Министрлік жергілікті жерлермен байланысып жылына бірнеше театр фестивалін өткізеді. Халықаралық, республикалық т.б. Министрлікте театр мәселесін қатаң бақылайтын және осы істерді ұйымдастыратын бір ғана қызметкер бар. Бұрын облыс басқарған адамға облыстық Мәдениет Басқармасының министрлік арқылы қаржыландырылмайтынын айтпай-ақ қояйын. Сол секілді жергілікті музей, кітапханалар... олар да жергілікті басқару еншісінді. Әрі бәрінің айлығы ауыз тұщымайтындай аз! ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың музей, кітапхана қызметкерлерінің айлығын көтеру жөнінде жиі айтатыны содан. Театр секілді музей, кітапхана істеріне қарайтын да бірді-екілі инспектор бар. Олар өздері концепция жасап, өздері жүзеге асыруға шамасы да келмейді, қаржысы да көтермейді. Сондықтан, министрліктегі әлгі бірлі-жарым штаттағы инспектор саланың мамандарына жүгініп, олармен шартқа отырып дегендей концепция жасатуға, істі жүзеге асыруға мүдделі.Басқаша жолы жоқ бұл мәселенің.


Айталық, Елбасы жазушыларға гонорарды (қаламақы) қайтарды. Қайтарғанда мәселені Н.Ә.Назарбаев осы министрлікке жүктеді. Министрлікте қызмет істейтін жазушы бары, жоғын білмеймін. (Жазушылар одағының мүшесі). Бір-ер ғана қаламгер бар. Журналист дегендей. Жылда жазушылар қолжазбамен тендерге қатысады. Мыңдаған қолжазба. Оны министрліктің бір-ер жауапты қаламгері қалай талдап, қалай талғай алады? Тіпті оның бәрін оқып шығу мүмкін емес. Енді не істеу керек? Сырттан эксперттік комиссия құрылады. Олар әлгі қолжазбаларды бөліп-бөліп алып оқиды. Іріктеп, сұрыптап жүздеген қолжазбадан бір-екеуін ғана жарамды деп табады. Жарамды деп табылған қолжазба іріктеліп әлгі эксперттердің комиссиясына қайта түседі. Жатқан тартыс. Міне, осы тартыстан өткен қолжазба ғана министрлік тарапынан сатылып алынады. Ол қолжазба ғана жыл аударып барып кітап болып шығады. Әлгі эксперт (рецензент) құдайыға жұмыс істей ме, сонда?


Министрліктің бар сала-сала жұмыстарының жүйесі осындай. Бұрын да осылай болған. Басқаша мүмкін емес. Сонда әлгі көпсініп отырған 300 млн. теңгесі бар болғырың «үп» десең ұшып кететін ебелек құрлы да болмасы өзінен-өзі түсінікті ғой, Нұреке-ау!

Спорт бұдан да күрделі. Қаражатты мәдениет саласына қарағанда бәленбай есе артық жұмсауды талап етеді.


Мәдениет және спорт шаруасы – ұлттық мәселе! Мемлекетіміздің, мемлекет құраушы ұлтымыздың бар рухани жан байлығын (Алтын адам көрмесін шет елдерде ұйымдастыру. Т.б.) сырт елдерге кең көлемде жарнамалап көрсету – елдік іс! Елдік іс құрғақ патриотизмге жасалмайды ғой.


Елбасының «Рухани жаңғыру» Бағдарламасын жүзеге асыру да жәйден-жәй бола салмайды. Алдымен оны түсініп қабылдайтын маман керек. Маман мақаланы талдап іс-шараны жүзеге асыру методикасын жасайды. Концептуальдық мақаланың өзін ұрпақ ұясына сіңіру, ойын бойына жарыстыра кемелдендіре қалыптастыру – рухани жаңарту жолында методикадан методологияға дейін қаншама жұмыс атқарылады. Соның бәрі құрғақ патриотизмге жасалмайды ғой.


Мәдениет және спорт министрлігі көп салалы. Алтын адамды сыртқа таныстыру, театрдың сырт елдерге гастролі, өнерпаздардың шет елдік фестивальдерге қатысуы, жеңімпаз болып оралуы, спорт та солай... бұлар үнемшілдікті жақтырмайды.


Қыл-қысқасы, өркениетті елдер ел мәдениетінен қаржы үнемдемейді. Өйткені, елдің ішкі мәдениеті – оның өркениеттік көрсеткіші. Қандай елді де ұлттық өзіндік мәдениеті, мәдениетінің ұлттық сипатына қарай таниды сырт жұрт. Бүгін Мәдениетке құйылған ақша, бөлінген қаражат ертең ЕЛГЕ сұмдық қазына болып қайтуы керек. Бүгін Мәдениеттен үнемдеу ұрпақтың ертеңінен үнемдеу! Сондықтан Парламент мәжілісінің спикерінің министрлік қаржыларын талдау, талқылауын жақсы ырымға жорығаныммен, тап Мәдениет және спорт министрлігін тығырыққа тіреуді мақұлдауға болмайды деп ойлаймын.Үнемдегіш болсаңыздар,өзге бір салалық министрліктерден үнемдеңіздер! Арылғыларыңыз келсе Мұнай, Энергетика т.б. салалардағы қара шыбындай қаптаған делдал-кадрлардан құтылыңыздар!


Қапы қалыппыз, рухани жаңғырайық дейсіздер де, Рухани жаңғырту министрлігін қаржыдан қысасыздар, шағын және орта бизнесті дамытайық дейсіздер де, оған дер кезінде қаражат бөлмейсіздер, Премьер министр елімізде ГЧП жүрмейді деп Үкімет сағатында стол тоқпақтайды күн сайын, облыс, қала, аудан әкімдері «ГЧП»-ға жер бөлмейді, кәсіпкерге өзінің сатып алған жеріне құрылыс салдырмайды, қоқыған қағаз жинап, «қышыған алақанды» қанағаттандырып құрылыс салсаң – өтемін төлемей ит әуреге салады. Парламентте қарайтын мәселелер міне, осылар емес пе?!


Сіздер, қалай ойлайсыздар, желілес достар? Пікір алысайықшы.

 

Профессор Құлбек Ергөбектің facebook-тағы парақшасынан алынды

Ілмек сөздер: Нұрлан Нығматулин

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір