• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 16:32:17
Алматы
+35°

Осы уақытқа дейін агросаясатта экспорттың көлемін ұлғайтып, одан пайда көру мақсатында бірқатар шаралар атқарылды. Агроөндірісті қолдау үшін бірнеше бағдарлама қабылданып, жобаларды жасалды, «ауылдың экономикалық әлеуетін арттырамыз» деп «Ауыл жылы» жарияланды. Ауыл шаруаларына субсидия, дотация бөлу жағы халықаралық талапқа сай етілді. Не керек, үкімет агроөнімдерді бәсекеге қабілетті етудің түрлі шараларын қарастырып-ақ жатыр. Бірақ сала мамандарының байыптауынша, осы бағытта ұстанған агросаясатта кемшін тұстар жетіп-артылады. Экономика ғылымының докторы, профессор Атамұрат Шәменовтың айтуынша, ең негізгісі – елде ауыл тұрғындары түсінетін агросаясат ұсталынып отырған жоқ.

– Бізде әр министр келген сайын бір реформа ұсынып ауылдың халқын дүбара етті. Мысалы, Асылжан Мамытбековтың кезінде «Агро-бизнес – 2020» бағдарламасы қолға алынды. Қазір ол бағдарламаның өзі қайда, нәтижесі қайда?! Бұдан соң жайылымдық жер мәселесі көтерілді. Мал шаруашылығын оның ішінде мал суғаруды жетілдіру үшін 4 мыңға жуық құдық қазу қолға алынды. Нәтижесінде құдықтар құрдымға кетті. Жұрт құдықтар қазғызып, ақыры мемлекеттен оның қайтарымды ақшасын ала алмай зар болды. Бұдан соң министр Асқар Мырзахметов келгенде ауыл шаруашылығы кооперативтерінің басын біріктіру саясатын ұстанды. Жақсы ұстаным болатын. Республика бойынша 467 кооператив құрылып, олар 220 сүт қабылдау және 103 мал сою пунктінің, оған қоса 12 мың отбасылық мал бордақылау алаңының басын қоспақшы болған. Оның қорытындысы бойынша 135 мың жеке үй шаруашылығы мен шаруақожалығы жұмыспен қамтылатын болған. Бірақ бұл да аяқсыз қалды. Ал Өмірзақ Шөкеев мырза бес жыл ішінде еңбек өнімділігі мен өңделген өнімдер экспортын 2,5 есе ұлғайту керек деген саясатты ұстанды. Әрине, саясат жақсы. Нәтижесі оң болса тіптен дұрыс. Бірақ осындай реформалардың ауыса беретіндігі ауылдың халқын әрі-сәрі етті. Шындап келгенде ауылдағы жұртшылық біздің агросаясатты ұқпай жүр, – деді экономист-ғалым Атамұрат Шәменов.

Экономист-ғалымның пайымдауынша, бізге алдымен осы мәселені реттеп алу керек. Алдымен ауыл халқына ұғынықты саясатты ұстанып алып, ол реформа нәтижесін бергенде ғана келесі жаңашылдыққа ауысқан жөн. «Олай етпесек, біз ауылға арналған реформалар легінен шатасып кеттік» дейді ғалым.

Мамандар алға тартып отырғандай, бұдан кейінгі агросаясаттағы басты ұстаным – ең соңғы дайын өнімге дейін жұмыс істеу болуы тиіс. Ол үшін біз экспортқа ұн, ет, құс етін, көкеністерді ғана шығарып қоймауымыз керек. Бұл арада бұқтырылған ет, кепкен шұжық, қазы-қарта, консервіленген сиыр еті, қаймақ, айран, құрт, ірімшік тәрізді өнімдерді экспорттауды үйренетін кезең жетті. Бұл ретте «Аналитик» талдау орталығының сарапшы маманы Дәурен Арын ең соңғы дайын өнім өндіруді үйренген сәтте қазақтың пайдасы еселенетінін алға тартты.

– Біздің дүкендерімізде Ресей мен Беларусьтің сүт және сүт өнімдері самсап тұр. Қазір қазақтың қаймағы Ресейдің айранына өкпелеп жүр. Себебі Ресейдің ашып кеткен қою айраны дүкендерімізде қаймақ деп сатылады. Қазақтың кілегейі мен Ресейдің қаймағын салыстыруға да келмейді. Майлылығы аз, сапасы төмен өнімдер қаптап кетті. Өзгелер осындай сапасыз өнімдерін бізге өткізу арқылы мол табыс табады. Ал біз экспортқа агроөнім түрлерінен ұн, ет, союға жарамды мал басын ғана шығарамыз. Қатық, құрт, қазы, қарта, қымыз, айран, шұбат деген өнімдерді молынан экспортқа шығара алмай жүрміз. Бұған себеп – мемлекеттік қолдау кем. Шағын кластерлер құрылып, жан-жақты өнім өндіруге бет бұрылса, бұл аса қиындық туғызбас еді. Мысалы, жылқы өнімдерін өндіретін мемлекеттік шағын кластерлер құрылса, ол жерде жылқының еті мен қымызынан бастап, қазы-қарта, жал-жаясына дейін өңделіп, содан кейін ол өнімдер экспортқа жол тартса жақсы емес пе?!, – деді сарапшы.

Сарапшы-маман алға тартып отырғандай, болашақта бізге ұн мен еттің экспортына сүйене беру пайданы еселемейді.

– Болашақта өзіміздің ішкі нарықты қамту үшін де ұн қажет болады. Нан және нан өнімдерімен халықты қамту үшін экспортқа шектеу қоюға тура келеді. Сондықтан бізге ұнды өңдемей сыртқа шығара бергеннен, одан өнім өндіріп кептірілген кеспелер, макарон өнімдерін, салма, жаймаларды сыртқа шығарып үйренген абзал, – дейді Дәурен Арын,

Жалпы, мамандардың пайымынша, агросаясатты жетілдіруді ауылдан бастау керек. Кеңседе отырып алып агросаясат ұсынып, реформа жасаймын деу қисынсыз. Министр малдың жайын түсінбесе, мал шаруашылығы қалай дамиды? Одан өнім қалай алынады?

– Сондықтан жылы кеңседен шығып, ауылға қарай барып, бәрін көзбен көрмей реформа жасау қисынсыз. Егер агросаясатта жетістікке жетеміз десек, шикізаттан өнім өндіру формуласы дамуы керек. Ең соңғы өнім өндіріп, қазақы бренд қалыптасқанда ғана пайда еселеніп, түсім көбейетін болады дейді маман.

 

Қарлығаш Зарықханқызы

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір