• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

05 Қазан, 15:40:56
Алматы
+8°

04 Қараша, 2019 Дін

100 рет қажылыққа барып, дүркіретіп той жасау дұрыс па? ҚМДБ өкілі жауап берді

Әлеуметтік желіде 100 рет қажылыққа барған Амангелді Еренғайыпұлының кешінің видеосы тарап, қызу талқыға түсті.

Әлеуметтік желіде Амангелді Еренғайыпұлының 100 рет қажылыққа барып, той жасаған видеосы тарап, қызу талқыға түсті. "Нұр-Қазақстан" қажылық компаниясының президенті 22 рет үлкен қажылыққа және 78 рет умра қажылығына барған. 

Интернетте тараған видеода тойды жүргізген асаба Амангелді Еренғайыпұлының жетістіктері туралы айтқан. 

"1992-1994 жылдары Меркі қаласындағы медреседе діни сауатын ашқан, 1994 жылы Египет астанасы Каир қаласының әйгілі Әл-Азхар университетіне оқуға қабылданып, 1999 жылы бітірген. 2002 жылдан бастап "Спутник Қазақстан" туристік компаниясында қажылық бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарған", - деп той иесін ортаға шақырды асаба.

Бейресми деректерге сүйенсек, аталмыш тойға Саудия мен Египеттен арнайы қонақтар келіп қатысқан. Сондай-ақ видеодан танымал әнші Сәкен Майғазиевті де көруге болады. 

Бұған қатысты Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісі ҚМДБ өкіліне хабарласып пікірін білді.

ҚМДБ өкілі Хасан Аманқұловтың айтуынша, жағдайы бар адамға өмірінде бір рет қажылық жасау парыз болады екен. 

"Жалпы мұсылман адам жағдайы болса өмірінде бір рет қажылық жасау парыз болады. Ал жағдайы жоқ адамға Қажылық жасау парыз болмайды, Алла Тағаланың алдында күнәхар болып есептелмейді. Ал екінші, үшінші рет жасалған қажылық нәпіл болып есептеледі. Яғни барса сауабын алады, бармаса күнә болып есептелмейді. Дегенмен қосымша ораза ұстауды, намаз оқуды, умра және үлкен қажылыққа баруды, яғни парыз емес, нәпіл амалдарды барынша жасырын жасаған дұрыс",- дейді Шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары. 

Сондай-ақ ҚМДБ өкілі қажылық жасағаннан кейін дүркіретіп той жасауға қатысты да өз пікірін білдірді. 

"Рия (көзбояушылық – Ред.) деген секілді жаман қасиеттер бар. Адамдар көрсін, естісін, таңғалсын деген ниет болса, жасаған амалынан ешқандай сауап болмайды. Бірақ мұндай ниет болмаса да, рия жасаған секілді көрінетін нәрседен де барынша сақтанған абзал", - дейді Хасан Аманқұлов.

Осыдан 5 жыл бұрынғы kazislam.kz сайтына берген сұхбатында Амангелді Еренғайыпұлы алғашқы 2 қажылығы өзі үшін, ал қалғаны Мекке мен Мединаға барушыларға жетекшілік ету үшін екенін айтқан. Qamshy.kz ақпарат агенттігі Амангелді Еренғайыпұлына да хабарласып, не себепті ұлан-асыр той жасағанын білмек болды. Алайда ол қоңырауға жауап бермеді.

Әсел Болатқызы

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір