• USD 389.52
  • EUR 429.21
  • RUB 6.07
  • CNY 54.94
14 Желтоқсан, 11:44:06
Қазақстан Украинаның сауда нарығына алаңдаулы

20 Қазан, 2019 Аймақтар

Құлан өңірі-құтты мекен

Жамбыл облысындағы Т.Рысқұлов ауданында Елбасы тапсырмасына сәйкес, бұқаралық спорт жылдан жылға дамуда. Жалпы ауданда 154 спорттық ғимарат халыққа қызмет көрсетуде. Өткен жылы жабық спорт кешені пайдалануға берілсе, алдағы жылы Жақсылық ауылынан сондай спорт кешенін осы ауылдың түлегі, мемлекет және қоғам қайраткері Азаматхан Әміртаев салып бергелі отыр. Сонымен қатар, 73 алаң, 38 футбол стадионы, 32 спорт зал, 3 тир, екі ату алаңы спортшылар игілігіне жұмыс істеуде. Аудандағы екі спорт мектебінде спорттың 13 түрінен үйірмелер жұмыс істейді. Төрт аула клубында 620 жасөспірім спортпен шұғылданады. Жастар жылы бұқаралық спорт түріне 19 мыңға тарта адам тартылса, солардың дені жастар десе болады.

Аудан спортының 53 жылдық тарихында талай таңдай қақтыратын жаңалықтар болды. Аудандық спорт бөлімі Кеңес одағы тұсында яғни 1965 жылы құрылды. Оған дейін спорттың бұқаралығына аса көп көңіл бөлінген жоқ. Аудан спортын ең алғаш, яғни 1965 жылы Тұрбосын Шәлімбетов басқарған. 1995 жылдан 2018 жылдары бөлімге 23 жыл Әбіш (Әбиір) Аманкелдіұлы Бестереков жетекшілік етті. Осынау еселі еңбегі ескерілгендіктен болар, Қазақстан Республикасының спорт қайраткері атағы берілген. Ал, «Қайрат» ерікті спорт қоғамы ауыл спортының дамуына, оның бұқаралығының артуына 1991 жылға дейін 26 жыл бойы ықпал етті де, жабылып қалды. Осы қоғамды Жапсар Әтібеков, СССР Флотының жеңімпазы, белгілі былғары қолғап шебері Кенжебек Бекебаев сынды спортшылар басқарды.

Тұрар Рысқұлов ауданынан осы жылдар ішінде Азия, Әлем, тіпті Олимпиада чемпиондары топты жарып шықты. Мәселен, Жақсылық ауылының азаматы Ермахан Сағиұлы Ыбырайымов екі дүркін Азия чемпионы атанып, Атланта Олимпиадасында күміс, Сидней Олимпиадасында алтын медальға ие болып, Қазақстанның көкбайрағын екі дүркін көтерді. Еркін күрестен Ислам Байрамуков екі дүркін Азия чемпионы атанып, Атлантада алтыншы орынды, ал, Сиднейде екінші орын яғни күміс медаль тағып, елге оралды. Сондай-ақ, құмарықтық Ақжүрек Таңатаров 2012 жылы Лондон Олимпиадасында еркін күресте белдесіп, қола, ал, каменкалық Елдос Сметов 2016 жылы Рио Олимпиадасында дзюдодан бақ сынасып, елге күміс медальмен оралды. Осы қатарға Токио, Рим Олимпиадасының чемпионы болған ақтангер арғымақ Абсенттің медальдарын қоссаңыз, бір ауданның өзінде Олимпиаданың жеті медалі бар екеніне қөзіңіз жетеді. Сондай-ақ, Қарақыстақ ауылының азаматы Әділет Дауланбаев Әлем біріншілігінде күміс жүлде алып, Олимпиадалық резервке енді.

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір