• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 22:43:11
Алматы
+35°

Ағымдағы жыл басынан уақытылы қабылданған шаралардың нәтижесінде Жамбыл облысында экономиканың барлық салаларында өсу үрдісі байқалуда. Бұл әрине, Елбасының және Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асып жатқан мемлекеттік бағдарламалардың тигізіп жатқан шарапаты мол.

Облыс әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекованың айтуынша, биылғы жылдың алғашқы айларының өзінде жалпы өңірлік өнім көлемі 301,4 миллиард теңгені құрап, 2,4 пайызға өскен. Ал қысқа мерзімді экономикалық индикатор 103,8 пайызды құрады.

-Есепті кезеңде өнеркәсіп саласында өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 4,3 пайызға өсім бар. Яғни, 308,7 миллиард теңге көлемінде.

Өнеркәсіп саласындағы өсім тау-кен өнеркәсібінде өндіріс көлемінің – 1,5 пайызға, өңдеу өнеркәсібінде – 5,7 пайызға, электрмен жабдықтау, газ, бу беру және ауа баптауда – 0,9 пайызға, сумен жабдықтау, кәріз жүйесі, қалдықтардың жиналуын және таратылуын бақылауда – 10,8 пайызға артуы есебінен қамтамасыз етіліп отыр,-дейді басқарма басшысы.

Осы саладағы оң динамикаға индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында іске қосылған кәсіпорындар да өз үлесін қосуда.

Ағымдағы жылы 693 жаңа жұмыс орнын құруды көздейтін жалпы құны 11,9 миллиард теңгеге 8 инвестициялық жоба іске асырылуда. Оның екеуі экспортқа бағытталған. Атап айтқанда «Bio Vit KZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі GMP және GLP стандарттары бойынша ветеринариялық препараттарды өндіретін биокомбинат құрылысын қолға алуда. Ал, («GREENWILL» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі алғашқы аквопоника технологиясы негізінде салат дақылдары мен балықты өндіріп өңдеуге басымдық беруде.

Жыл басынан 1,1 миллиард теңгеге 2 жоба іске қосылып, 17 жаңа жұмыс орны құрылған. Нақтырақ айтқанда «Қордай сүт өнімдері», «GREENWILL» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері жаңа жобаны жандандырып, тың бастамаға түрен салып отыр. Мұның барлығы да аймақ экономикасының дамуына оң септігін тигізетін тірліктер. Өйткені, жаңа жобалар жүзеге асса, жұмыс орындары ашылады. Әлеуметтің әлеуеті артып қана қоймай, қазына қоржынына түсетін салықтық түсімдер де көбейеді.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір