• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 08:42:19
Алматы
+35°

Жамбыл өңіріне қарасты теміржолшы жастар екі күндік аймақтық тренингте бас қосты. Оныншы жыл қатарынан өтіп жатқан шараға биыл барлығы 16 топ қатысып, өздерінің заман талабына сай, инновациялық идеяларын ортаға салды. Теміржолшы жастардың біліктілігін арттырып, шыңдай түсетін сайыстың алғашқы күнінде қатысушы командалар өздерін таныстырып, байқау шарттарымен қанықты.

Тренингтің екінші күнінде жастар өз жобаларын қорғады. Ал тренинг шартына сәйкес, әділ қазілар алқасы жобалардың Қазақстан темір жолы саласы үшін тиімді тұстарына, экономикалық тұрғыдан қолайлылығына, оны пайдалану мерзімінің ұзақтығына, еңбек ресурстарына баса мән берді.

Шойын жолда тер төгіп жүрген жастардың ұсынған жобаларына келер болсақ, олардың қатарында түнгі уақытта және өрт болған жағдайда флюористцентті бояуды қолдану, күн нұрынан, жалпы кез келген сәуледен қуатталатын тежеуіш башмак сынды жобалар қатысушылар тарапынан қызу талқыға түсті. Жастар сондай-ақ, электровозды модернизациялауға, Шамалғанда орын алған оқиғалар сынды апатты жағдайды болдырмауға, интерактивті тақтаға байланысты да жобаларын жасап, комиссия мүшелеріне ұсынды.

Жастар арасында жобаларының бүге-шігесіне дейін есептеп, қорғай алғандары да, кейбір экономикалық немесе басқа да тұстарын ескермей, шикілей ұсынылған, асығыс жасалған жобалар да болды. Кейбір қатысушылар жап-жақсы жобаның тиімді тұстарын комиссия мүшелеріне толықтай түсіндіріп, жеткізе алмады. Бірақ, жалпы алғанда, талапшыл жастардың теміржол саласын жетілдіру бағытындағы ой-пікірлері мен тың идеяларының басым бөлігі көңілге қонымды.

Байқау соңында НОДГП-8 бөлімшесінің бас инженері Анатолий Ким төрағалық еткен комиссия мүшелері үш топты жеңімпаз деп таныды. Оның біріншісі «Крюк» жобасы 1000 Вольттан жоғары деңгейдегі электр энергиясын оңтайландыруға арналса, екінші жоба өрт кезінде ультрафиолетті бояуды пайдалануды ұсынған жастардың тобына бұйырды. Үшінші жеңімпаз топ нұсқаулықтардың электронды базасын жасап, ұсынған болатын.

Компания басқармасының аймақтық-өңірлік өкілінің үйлестірушісі Дәулетбек Несіпбекұлының айтуынша, жеңімпаздар енді жобаларын жетілдіре түсіп, Нұр-Сұлтан қаласындағы республикалық байқауда бақ сынайтын болады.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір