• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 07:44:10
Алматы
+35°

17 Қазан, 2019 Сұхбат

Ерлан Төлеубай: Ақтоты ханымға айтқаным айдалаға кеткен жоқ

Бірқатар зиялылар батасын беріп, алғысын айтты. «Мынауың нағыз «Мағжанның маршы» екен десті. «Алаштың арманын орындаған екенсің», «Мағжанды тірілткен екенсің» десті. Бірақ...

Рухты көтеретін патриоттық әндер жазып жүрген Ерлан Төлеубай атты композитор бар. Балалық шағы шекараның сыртында өткен, атамекенге азамат болғанда табан тіреген. Содан ба, әндерінің қуаты бөлек, кеудесін кеңестік саясаттың ұшқыны шалмаған кісінің көмейінен шыққандай әсерлі естіледі. Шығармашылығы шамырқанып тұрғанын ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловаға жазған хатынан байқағанбыз. Редакциямызға шақырып, сұхбат алуымызға негізгі себеп те осы болды.

Ерлан мырза, осыдан біршама уақыт бұрын ҚР Мәдениет және спорт министрінің назарына бір емес, екі хат жолдағаныңыздан хабардармыз. Министрге қайта-қайта хат жазуға не түрткі болды?

– Даналығы мен даралығына дәлел болар сипатты өткен күндердің сұлбасынан қалқып алатын халықпыз. Өйткені қазақ өткен заманда өр еді. Өйткені қазақ ілгеріде айбатты көрінетін. Елді бірлікке бастап, жұртты жұмылдыруға үндейтін ақын-жыраулардың аузынан шыққан әр сөз қазақтың құлағына құйылғаны былай тұрсын, қанына сіңіп кететін. Елі мен жерінің бүтіндігі үшін басын бәйгеге тіккен батырлардың ерлігі ән мен күй арқылы заманнан заманға көшіп отырды. Қазақ өмірдің құпиясын өнер арқылы ұғынды. Бабалар аманатын жанына түйіп өсті.

Мысал ретінде айтайын, өзіңіз білесіз, Мағжан ақынның «Жастарға» дейтін ғаламат өлеңі бар. Оның ғаламаттығы сол, «Мен жастарға сенемін» деген тегеурінді тіркес ұран, дабыл сипатында әр шумақ сайын қайталанып келіп отырады. Бұл сөз рухты оятпай қоймайды. Жанға сәуле түсіреді, жүрекке жігер береді. Себебі ақын артқан сенімнің өзегінде жауапкершілік жүгі де бар. Сондықтан да шығар, Смағұл Садуақасовтың «Мағжан – қазақ жастары ой-санасының әміршісі» дейтіні.

– Жаңылмасам, Сіз Мағжанның сол өлеңіне ән жаздыңыз?

– Иә. Бірақ оған не түрткі болды? Біз сол дауылпаз ақынның дабылды жырын жастардың бойына сіңіре алдық па? Жастарды отаншылдыққа, ел мен жерді сүюге үндейтін, өздерін болашақ Қазақ елінің иесі ретінде сезінуіне ұмтылдыратын бұдан асқан қандай өлең керек? Осы ой мені көпке дейін мазалады. Өзім арғы бетте туып, шекараның сыртында өсіп, атамекенді аңсап жеткен қазақпын. Етжақындарым әлі де Қытайда. Елімнен не алам емес, не берем деп келген ұлдың бірі едім. Берерім – бойымдағы өнерім ғана. Бұған дейін жиырмадан аса әнім жарыққа шыққан екен. Ұзақ толғаныстан кейін Мағжан Жұмабаевтың сөзіне жазылған «Мен жастарға сенемін» әнім өмірге келді. Тыңдармандар (әлеуметтік желі арқылы) жылы қабылдаған тәрізді. Бірқатар зиялылар батасын беріп, алғысын айтты. «Мынауың нағыз «Мағжанның маршы» екен десті. «Алаштың арманын орындаған екенсің», «Мағжанды тірілткен екенсің» десті. Бірақ...

– Бірақ Мағжанның жырына жазған мақтаулы әніңіз министрдің құлағына жетпей қойды ма?

– Дәл олай деуге болмас. Өйткені Астанада отырған министр қазақ даласының қай түкпірінде қандай ән жазылып жатқанын қайдан білсін! Мені шамдандырған басқа мәселе. «Мен жастарға сенемінді» ешбір телеарна, ешбір радио («Қазақстан» арнасы мен «Шалқар» радиосы тұсауын кескенін қоспағанда) қажет етпеді. Әсіресе «Жастар жылының» тұсында жастардың рухын көтерер дүниенің керексіз болғанына таңданбау мүмкін бе? Қазақстанға келіп, көп нәрсеге таңданған, көп нәрсеге шамданған қазақпын. Таңданыс тудырған жайттың бірі – идеологияның басты құралы саналатын телеарналарға жеңіл-желпі, жарқетпе әндердің өтімді келетіні. Кім біледі, той-думанның көрігін қыздыратын жеңіл дүниелер де керек шығар... Бірақ өмір тек тойдан тұрмайды ғой... Той ұрпақты тәрбиелей ала ма?

– Бұл ойыңызды қос қолдап қолдаймын. «Еуразия» арнасындағы «1 сұрақ» бағдарламасында осы мәселе жөнінде айттыңыздар. Бірақ содан не өзгерді?

– Әнеки, өзіңізде айтып отырсыз, өзгерген ештеме жоқ. Дәстүрлі әнші Ерлан Төлеутай ағам, күміс көмей әнші Ардақ Исатаева әпкем бар, шырылдап осы мәселені қаузадық. Айтуындай айттық. Бірақ соны тыңдап жатқан кім бар? Тыңдарман мен көрерменді тәрбиелеуі тиіс телеарна мен радиоға жеңіл-желпі әндер керек, ал рухты әндер, қазақтың қазақ екенін танытатын әндер қажетсіз, олар босағада қалады. Бұл жөнінде таңды таңға соғып айтуға болады. Мың мысал, жүз дәлел келтіруге болады.

– Қысқасы, министрге хат жазуыңызға негізгі себеп осы ма?

– Дәл айттыңыз. Осы!

– Ендеше Сіз хаттың барар жерін шатастырып алған жоқсыз ба? Телеарна мен радио, жалпы, БАҚ атаулы Мәдениет және спорт министрлігіне емес, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне қарайды ғой?

– Оны білем. Өзгеге емес, Ақтоты Райымқұловаға жолдауымның себебі бар. Оны сол хатымда да айттым. «Егер мәдениет саласының тізгіні Сіздің қолыңызда болмаса, мен бұл хатымды жазбауым да мүмкін еді. Себебі Сіз өнердің төл перзентісіз. Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын тәмамдап, еңбек жолыңызды да осы қасиетті шаңырақтан бастадыңыз. Қазақы нақыштың ерекшелігін қалтқысыз ұғынасыз, дала сазының сиқырын салмақтай білесіз» дедім. Астына көпшік қойғаным емес, бұл шын сөзім. Өйткені бұл кісі барша қазаққа белгілі қаламгер Рахметолла Райымқұловтың перзенті. Сөз қадірі мен саз құдіретін бала күнінен бойына сіңіріп өскен адам. Ендеше өнерге осындай тұлғаның жаны ашымаса, кімнің жаны ашиды?! Ән мен күйге, халықтық өнерге қатысты мәселеге келгенде Мәдениет министрлігінің сырт қалуы қаншалықты орынды? Телеарнаның тізгіні өзге министрлікте болғанның өзінде ел ауқымында өтетін мәдени шаралар аз ба? Халыққа керек деп тапқан дүниені Мәдениет министрлігі өзі дәріптей алмай ма? Міне, осындай сауалдар менің қолыма қалам алдырды.

– Нәтиже бар ма? Жауап ала алдыңыз ба?

– Алғашқы хатым «Қамшы» порталы мен әлеуметтік желідегі парақшам арқылы жарияланды. Жасыратыны жоқ, бір ай күттім. Құлаққа ұрған танадай тым-тырыс. Сосын екінші хатымды жарияладым. Екі күн өтпей жатып-ақ министрдің кеңесшісі Ерлан Жұрынбаев деген азамат қоңырау шалып, «Жақында Алматыға келемін, өзім хабарын беремін» деді. Сонымен кездестік.

– Құпия болмаса, ән-жырдан өзге тағы қандай тақырыпта сөйлестіңіздер?

– Құпия түгі жоқ, көп әңгіме айтылды. Ерлан Жұрынбаев көшелі азамат екен. «Шүкір деп айтайын, қазірге дейін жиырмаға жуық әнім жарық көрсе, соның денін көпшілік жылы қабылдады. «Көк тудың желбірегені» әні арқылы танылған Ибрагим Ескендір екі әнімді орындап жүр. Еркін Шүкіманов ағам бір әнімді қабыл алды. Жалпы, мен насихатта зәру жан емеспін, маған керегі – Мағжан аманатының Алашқа жаңғырып жеткені. Жастардың жүрегіне орныққаны. Бұл жалғыз менің емес, Мәдениет министрлігінің де көкейіндегі шаруа болуы тиіс секілді. Ұлттық нақышы, рухты бояуы бар дүниелердің парқын телеарналар түсінбесе де, Мәдениет министрі ұғынатын шығар деген үмітімнің болғанын жасырмаймын» дедім.

Ерлан мырза, бұл ойымды қоштады. Ән мен өнерден бөлек, мәдениет саласы, қазіргі қоғам, шетелдегі қазақ мәселесі т.б қозғалды.       

– Сонымен шешілген мәселе бар ма?

– Мұндай мәселелер бір күннің шаруасы емес қой. Дегенмен министрдің кеңесшісіне бірнеше ұсыныс айттым. Оның бірқатарын қабыл алды. Енді бірнешеуін минстрге жеткізетінін, жауабын аз күнде айтатынын білдірді. Жақсы жаңалықтарды алдағы күндерден күтіп отырмын. 

– Жақсы жаңалықтарыңыздың көп болуін тілеймін. Енді соңғы сұрақ мынау: министрге хат жаздыңыз жауап алдыңыз, сөзіңізге қарағанда, ойыңызда жүрген біраз мәселе шешілетін секілді. Мұны енді батылдық дейін бе, жанкештілік дейін бе, осы мінездің төркінін қайдан іздесем болады?  

– Қытайда туып, Қытайда ержеттім. Жат елдің үйренетін де, жиренетін де жері көп. Өзіме ұнайтын бір тұсы – ұлтқа, мемлекетке керек дүниеге аса ыждахатпен қарайды. Өздерінің ұлттық ән-жырларын, салт-дәстүрін дәріптеуге келгенде алдарына жан салмайды. Ұлттық өнерді мемлекеттің байлығы деп біледі. Ал бізде осы бар ма? Егер жоқ болса, оны неге сұрауға болмайды? Мұны батылдық дей алмаймын, бірақ сұрамасам осалдық болуы әбден мүмкін. Өйткені менікі – жеке бастың шаруасы емес.

Арманым – қазақтың бақуатты да, өркениетті ел болуы. Мақсатым – соған үлес қосу. Үлес қосқанда да, өткенді тірілту арқылы, жоғалып бара жатқан құндылықтарды бағалау арқылы, ұлтжанды Алаш арыстарын дәріптеу арқылы үлес қосу. Осы мақсатта мен Міржақып Дулатовтың «Қайда едің?» өлеңіне, Мағжан Жұмабаевтың «Жастарға» өлеңіне ән жаздым. Әндерімнің дені қазақтың рухын жануға, намысын оятуға арналды. «Мен қазақтың баласы», «Жаным қазақ», «Әлемде бар қазақта бір отан бар», «Саған келдім Атажұрт», «Ауылға Сағыныш» сынды әндерім дәл осы ниетпен жазылды. «Жаным қазақта» айтылғандай «Арманым жоқ, астында өлсем көк тудың» деп Атамекенге асықтым. Шекарадан өткенде қасиетті топырақты сүйіп, қара жерге сәжде жасап, дұға қылған адаммын. Халипа Алтайдың, Мұстафа Өзтүріктің ізімен келген қазақпын.

– Әңгімеңізге рахмет!

Әсел Болатқызы

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір