• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

27 Сәуір, 05:39:22
Алматы
+35°

«Бастау бизнес» мемлекеттік бағдарламасы талайдың жолын ашқаны белгілі. Әсіресе өз кәсібін ашуға жүрексінген жұрт үшін бұл бағдаршамға айналды. Нәтижесінде Жамбыл облысы Қордай ауданында үш жылдың ішінде жоба үміткерлері 910,07 миллион теңге нисие алған. Бұл кәсіпкерліктің көкжиегі кеңейіп ғана қоймай, жаңа жұмыс орындары ашылды деген сөз, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. 

«Кепілзаттық қамтамасыз ету және несие тарихтары бойынша минималды базалық талаптары мен ниеті бар азаматтардың басым бөлігі несиелерін алып үлгерді. Проблемалар тек қана өтімді кепілзаттық қамтамасыз етуді ұсына алмағандарда туындады. Несие тарихы нашар азаматтарды біз алдын ала ескеріп, құжаттарды қабылдау барысында шығарып тастаймыз», – дейді «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы Қордай аудандық филиалының директоры Ержан Әден.

Тағы бір қуанарлық факт - Инновациялық жобаларды дамытуға бөлінген гранттар және жас қатысушыларға бөлінетін гранттар сомасы миллиард теңгеге жақындаған. Ал, жобалардың басым бөлігі ауыл шаруашылығында іске асырылып жатқанын ескерсек, бұл салаға салынған қосымша инвестиция екенін аңғаруға болады. Екінші маңызды тұсы – жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету. Несие алған бағдарлама қатысушылары жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, салық, зейнетақы және әлеуметтік төлемдерді аударуға, жұмысқа қызметкер қабылдауға міндетті. Ауданда кейінгі үш жылда «Бастау Бизнес» бағдарламасының қатысушылары 253 жаңа кәсіпкер, демек жұмыссыз және өзін-өзі қамтыған адамдар саны азайған. Ал, бұл кәсіпкерлер жұмысқа адам қабылдайтынын ескерсек, бұл сан екі есе өседі.

Жастардың көбі үшін бұл жоба өмірде өз орнын табуға мүмкіндік беруде. Мысалы, Жаңатұрмыс ауылының тұрғыны Айболат Аманбаев жуырда жоба бойынша оқуды аяқтап, гранттық қаржыландыруға құжат дайындау үстінде.

«Бұл жоба туралы өз таныстарымнан естідім. Осыған дейін Қордайда, Алматыда кез-келген шаштаразда ерлер шаштаразшысы болып жұмыс істеп, өз ісімді бастауды армандап жүрген едім. Оған қаражатым болған жоқ. Кәсіпкерлер палатасына тапсырыс беріп, оқуды аяқтап, грантқа құжат жинап жатырмын», – дейді ол.

Ал, Қордай ауылының тұрғыны Кәмшат Оразыметова грантқа құмблоктарын өндіретін аппарат алуды жоспарлауда.

«Бастау Бизнес» жобасы жайында мен теледидардан білдім. Бағымды сынап көрейін дедім, оқуды аяқтадым, енді қаржыландыруды күтіп отырмын. Жолдасым екеуіміз үйде құмблоктарын жасаймыз, аппаратты қолдан жасадық, сондықтан сапасы нашар. Зауыттан шығарылған жақсы аппарат алуды көздеп отырмыз», – деп жоспарларымен бөлісті ол.

Жалпы, ауданда бастамашыл және белсенді азаматтар көп, оларға тек қана ісін бастауға көмек керек. «Бастау Бизнес» жобасы ол үшін таптырмас мүмкіндік.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір