• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 14:22:07
Алматы
+35°

19 Тамыз, 2019 Аймақтар

Әкімдермен сұхбат сериясы одан ары жалғасуда. Сонымен, Qamshy.kz агенттігінің кезекті қонағы – Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Досмайылұлы  Ысқақов.

– Президент Тоқаев қазіргі уақытта әкімдерге ерекше талап қойды. Әкімдердің халыққа жақын болуын ескертті. Бюрократиядан арылу керек екенін айтты. Ал Сіз әкім ретінде халыққа қаншалықты жақынсыз?

– 15 шілдеде Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген мәжілісі өтті. Мәжілісте Мемлекет басшысы Үкіметке және аймақ басшыларына халықтың табысын көтеріп, әл-ауқатын жақсартуға бағытталған тоғыз міндетті жүктеді.

Шын мәнінде, бұл – өте маңызды тапсырмалар. Бүгінгі күні әлемде орын алып отырған экономикалық және геосаяси қиын жағдайларға қарамастан, біз бұл басым бағыттарды мерзімінде әрі сапалы жүзеге асыруымыз керек. Бұл өз кезегінде аймақ тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартып, тұрмыстық әлеуетін көтеруге мүмкіндік береді.

Біздің ендігі міндет – аймақта басталған жұмысты қарқынды дамыту. Бұған біздің әлеуетіміз де, мүмкіндігіміз де толық жетеді.

Сонымен қатар, мемлекет басшысы өңірлердің саяси-қоғамдық, әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерін шұғыл шешу мақсатында әкімдердің алдына маңызды міндеттер қойды.

Осы аралықта Президенттің әкімдерге қойған талаптарын зерделеп, басты назарға алып, жұмыс барысында жүйелі қолданысқа енгізудеміз. Тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін ел ішінде жүріп жақынырақ білу үшін аймақтағы барлық елдімекендерді аралап шығуды мақсат етіп отырмыз. Бұл бағыттағы іс-сапарымыз басталып та кетті.

Халыққа қызмет етуді саналы түрде таңдаған соң  халықтың өмір сүру сапасын, әл-ауқатын жақсартуға әрі ел үмітін ақтауға бар күшімді салуға әзірмін. Халықтың сеніміне ие болу мен үшін аса маңызды. Сонымен бірге, Мемлекет басшысы қойып отырған талаптарды орындап, Сыр елінің әлеуметтік-экономикалық дамуы жолында аянбай еңбек етеміз.

– Көп балалы аналардың, әлеуметтік жағынан аз қорғалған азаматтардың баспана мәселесі өңірде қалай шешіліп жатыр?

– Аталған санаттағы азаматтардың мәселесі – әрдайым басты назарда. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартуға, жастардың жұмыспен қамтылуына көңіл бөліп, осы бағыттағы жұмыстарды айқындап берді. Осы орайда, өздеріңіз білесіздер, Елбасы "Nur Otan" партиясының кезекті XVIII съезінде тапсырмалар жүктеді.

Бүгінгі күнге дейін 22170 отбасындағы 114657 адамға 6,4 миллиард теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, төленді. Оның ішінде 18 жасқа дейінгі 72752 бала 20789 теңгеден кепілдендірілген төлем алды. Көпбалалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларды қосымша қолдау үшін 2019-2021 жылдарға арналған өңірдің әлеуметтік жол картасы қабылданды. Жергілікті бюджеттен қаражат бөлініп, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардағы оқушы балалар киім-кешекпен, бір мезгіл ыстық тамақпен, жазғы сауықтыру және тынығу лагерімен, қоғамдық көлікте тегін жүру мүмкіндігімен қамтылады.

Облыста халықтың осал топтарынан шыққан, өңірге қажет мамандықтар бойынша оқитын 515 студент облыс әкімінің грантымен білім алуда. Биыл да жергілікті бюджеттен қосымша 200 грант бөлінді. Сонымен қатар,  Үкімет тарапынан тұрмысы төмен отбасылардың балаларын әлеуметтік қолдау мақсатындағы білім грантынан 390-ы облысқа бөлініп отыр. Жыл басынан бері әлеуметтік жағдайы төмен 3 мыңға жуық отбасына бюджеттен тыс көздерден 127 миллион теңгеден астам қаржыға қайырымдылық көмек көрсетілді.

Табысы төмен азаматтардың баспана мәселесін шешу бойынша "Нұрлы жер" мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында көпбалалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларды сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үймен қамтамасыз етуге республикалық бюджеттен 3,600 миллион теңге бөлінді. Нәтижесінде 431 отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілмек (205 пәтер құрылысы жүргізілсе, 226 пәтер сатып алынады).

"Баламекен" жобасы шеңберінде "Болат Өтемұратов қоры" жеке қоры есебінен 100 отбасы 1 маусымда тұрғын үймен қамтылды. Жеке шаруашылықтар мен кәсіпорындардың қолдауымен 17 отбасына тұрғын үй берілді. Сонымен қатар, өңірлерді кешенді дамыту бойынша "Ауыл – ел бесігі" арнайы жобасы шеңберінде биыл облыс бойынша 21 жобаға 1917,6 миллион теңге қаралып отыр.

Мемлекеттік "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша табысы төмен көпбалалы, толық емес отбасыларды және мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасылардың тұрғын үй алуға қолжетімділігін арттыру мақсатында "Бақытты отбасы" әлеуметтік бағдарламасы аясында "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің" жылдық 2-3 пайызбен тұрғын үй қарыздары беріледі. Осы ретте, аталған бағдарламаға қатысуға мүмкіндік бар екендігін білдіремін.

Биыл облыс бойынша барлығы 581 пәтер салынады. Оның ішінде 431 пәтер құрылысы – республикалық, 50 пәтер құрылысы – облыстық бюджеттен, қалған 100 пәтер – жеке демеушілер есебінен. Аталған пәтерлерді кезекте тұрған әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған көпбалалы отбасыларға беру жоспарлануда.

– Тоқаев халықпен тікелей байланысты күшейту үшін әлеуметтік желіні пайдалануды ұсынды. Бұл орайда Сіз қаншалықты белсендісіз?

– Президенттің "Қуатты аймақтар – Қуатты Қазақстан" қағидаты бойынша азаматтарды толғандырған нақты мәселелер жергілікті деңгейде шешілуі тиіс. Аймақтағы қордаланған мәселелерді шешуге халықтың белсене араласқаны да аса маңызды. Тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін жариялауы үшін фейсбук, телеграм, ютуб, инстаграм әлеуметтік желілерінде облыс әкімдігінің ресми парақшалары жұмыс істеп келеді. Сонымен қатар, тікелей байланыс орнатуға ниетті тұрғындардың өтініштерін ескере отырып, биыл шілдеден бастап твиттер әлеуметтік желісінде жеке парақшамды аштым. Парақшамда негізінен облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы жоспарларымды бөлісемін және ең бастысы тұрғындар тарапынан түскен ұсыныс-пікірлерді тыңдап, тығыз байланыста боламын.

– Қазіргі уақытта Алматыда, Астанада, Арыста, Теңіз кенішінде және тағы басқа өңірлерде әлеуметтік теңсіздікке байланысты әртүрлі наразылық шеруі өткені белгілі. Ал Сіз өз аймағыңыздағы жағдайдан толық хабардарсыз ба? Мұндай жағдай Сіз басқарып отырған өңірде де қайталануы да мүмкін ғой.

– Әрине, қазіргі таңда жергілікті атқарушы органдар алдында тұрған үш міндетті атар едім, олар – қоғамдық саяси тұрақтылықты сақтау, жаңа жұмыс орындарын ашу және салық базасын нығайту. Облыс әкімдігі күнделікті қала, аудан әкімдіктері мен құзырлы органдардан жинақталған мәліметті талдап, әлеуметтік-саяси жағдайға мониторинг жүргізеді.

Жалпы қоғамда тұрақтылықты сақтау үшін ақпараттық-насихаттық жұмыстардың маңыздылығы зор. Себебі, қоғамда ақпараттық вакум пайда болуы өте қауіпті. Осы орайда, облыста мемлекеттік бағдарламалар мен тиісті өзгерістерді тұрғындар арасында кеңінен түсіндіру мақсатында арнайы ақпараттық-насихаттық топтар жұмыс жасайды. Ашық есік күндерін, қоғамдық қабылдаулар өткізу тұрақты жолға қойылған. Осындай бірлескен іс-шаралар қоғамдық саяси ахуалдың тұрақтылығын сақтауға негіз болып отыр.

– Сіз үшін қазіргі уақытта аймақ үшін басты проблема не? Оны шешудің жолы қандай?

– Әрине, әр өңірдің өзіндік ерекшелігі бар. Оның ішінде Сыр өңірі үшін ең басты түйткіл – Арал аймағының мәселесі. Тәуелсіздік алған жылдардан бастап Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Арал проблемасын әлем назарына шығарып, оның зардаптарын шешу жолдарын батыл жеткізді. Осының арқасында Арал экологиясын сауықтыруға байланысты САРАТС жобасының бірінші кезеңі басталды. "Ғасыр жобасына" баланған қыруар еңбектің нәтижесінде "Көкарал" бөгеті салынып, Кіші теңіздің кемелі толысты. Балық шаруашылығы қайта жанданып, теңізден маржан сүзген елдің несібесі молайды.

Өздеріңізге белгілі, осы жылдың ақпан айында Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында өңір тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту және даму қарқынын арттыру мақсатында облыстың өзекті мәселелері қарастырылды. Онда Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев "Қызылорда облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2019-2022 жылдарға арналған Кешенді жоспарын" әзірлеуді тапсырды. Осы орайда Қырымбек Елеуұлының басшылығымен Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп Кешенді жоспар жобасы әзірленді. 28 мамырдағы Үкімет отырысында 2022 жылға дейінгі Кешенді даму жоспары таныстырылып, отырыс қорытындысымен құжат мақұлданды. Осы маңызды құжаттың ішінде экология және табиғатты пайдалану мәселесі де бар. Ал, Қызылорда облысы жоғарыда аталған кешенді жоспарды бекіткен республикамыздағы 4 аймақтың бірі екенін айта кетуіміз керек.

Кешенді жоспар құны – 219,7 миллиард теңге, ол 12 бағыт, 119 іс-шарадан тұрады. Мұнда өнеркәсіп, агроөнеркәсіптік кешен, кәсіпкерлікті дамыту, көлік инфрақұрылымы, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, экология және табиғатты пайдалану, халықты әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау, спорт, су тасқынына қарсы іс-шаралар, тұрғын үй құрылысы және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту қарастырылған. Осы бағытта ҚР Үкіметімен және тиісті министрліктермен нақты жұмыстар жасалуда.

– Сіздің аймақтағы шетелдіктер басқаруға алған өндіріс орындары мен кәсіпорындағы отандық жұмысшылардың жағдайы қалай? Олардағы жалақы айырмашылығының бар екені Сізді алаңдатпай ма?

– Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 6-бабында еңбек саласындағы кемсітушілікке тыйым салынатындығы көрсетілген. Ондағы мақсат – барлық азаматтарға еңбек саласындағы өз құқықтары мен бостандықтарын іске асыруға тең мүмкіндіктер беру. Кодекстің 103-бабының 1-тармағына сәйкес жұмыскердің айлық жалақысының мөлшері оның біліктілігіне, орындалатын жұмыстың күрделілігіне, санына және сапасына, сондай-ақ, еңбек жағдайларына қарай сараланып белгіленеді.

Өткен жылы және биылғы 6 айда облыс көлемінде шетел жұмыс күшін тартушы компаниялардың жұмысшыларынан еңбек құқықтарының бұзылғандығы туралы, оның ішінде жалақы төленуде кемсітушілікке ұшырағандығы жөнінде арыз-шағымдар түспеген. Шетелдік жұмыс күші тартылған кәсіпорындарда аталған кезеңде бірдей лауазымда жұмыс істейтін шетелдік және қазақстандық жұмыскерлердің жалақы мөлшерінде айырмашылық (диспропорция) фактілері тіркелмеген.

– Ұлттық, мемлекеттік тақырып мәселесі өте өзекті. Бұл орайда республикалық деңгейдегі қазақ сайттары белсенді жұмыс істеуде. Осыған орай, Сіз басқарған әкімшілік республикалық ауқымдағы қазақ сайттарымен қаншалықты маңызды байланыс жасап отыр?

– Жаңалықтар мен хабарламаларды кең ауқымда тарату, пайдалану және деректерді тез табуда тиімді құрал ретінде жаңа медиа-технологияның мүмкіндігі шексіз. Себебі ақпаратты үйден шықпай-ақ әлемдік деңгейде таратуға әбден болады. Бұл жерде баспа басылымдарына қарағанда интернет сайттардың қаралымының артуы осыған байланысты болса керек.

Бүгінгі таңда, облысымыз республикалық "Abai.kz", "inform.kz", "nur.kz", "tengrinews.kz", "Kazakhstan Today - kt.kz", "zakon.kz", "ult.kz", "el.kz" сайттарымен тығыз жұмыс жасауда. Біз ақпараттық, жариялылық мүмкіндіктерімізді ұдайы дамытып отыруға ынталымыз. Сондықтан елмен етене жұмыс жасап келетін Сіздердің және өзге де ақпарат көздерімен байланыс орнату мүмкіндіктерін арттыра береміз.

Қазіргі таңда өңірлік "AlashInform.kz", "Kyzylorda-News.kz" және "Сейхун-инфо.кз" секілді ақпараттық агенттіктер ел жаңалықтарын тұрақты түрде жариялап отырады. Аймақтағы газет-журналдардың да елге жеткізетін жаңалығы аз емес. Қазір барлық газеттің сайт қызметі де жолға қойылған. Жергілікті атқарушы орган мен халық арасындағы дәнекерліктің жаршысы ретінде ақпарат құралдарының маңызы арта беретіні белгілі.

– Сұқбатыңызға рахмет!

 Әңгімелескен Берік Бейсенұлы

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір