• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

27 Сәуір, 18:38:51
Алматы
+35°

16 Шілде, 2019 Экономика

Қор жинағанға доллар ардақты ма, теңге салмақты ма?

Қазір девальвация дақпырты өршіп тұрған кезең. Бұқараның біразы «теңге тағы құнсызданады екен» деп қолындағы аз-маз қаржысын доллармен жинақтауды жөн көріп отырған көрінеді. Мәселен, «Барометр» талдау орталығы мамандарының пайымынша, девальвация дақпырты қолында аз-кем қаржысы бар халықты алаңдатып отырған тағы бір мәселе. Ал осыған орай бұқара қауым болашақта қолында бар ақшасын қалай сақтауы керек? Бұл тұрғыда біз мамандармен ой бөлісуді жөн көрдік...

Негізінде, қолда бар артық ақшасын банктегі депозитке салу – халықтың арасында ең көп тараған әрі қарапайым инвестиция түрінің бірі. Қандайда бір банк банкротқа ұшыраған жағдайда ел үкіметі 5 миллион теңгеге дейінгі депозиттік салымды қайтарып беруге кепілдік беретіндіктен, мұндай салым біздің елде қауіпсіз құрал ретінде есептеледі.

Бұл ретте Қазақстан ұлттық банкінің деректеріне сүйенсек, 2018 жылдың аяғында депозиттік ұйымдарда жинақталған сома 10 триллион 100 миллиард теңге болған. Бұл соманың 3 триллион 900 миллиард теңгесі жеке тұлғаларға тиесілі. Ал сол жеке тұлғалар 2 триллион 200 миллиард теңгені ұлттық валютамен яғни теңгемен сақтайды, ал 1 триллион 700 миллиард теңге көлеміндегі ақшаны шетел валютасымен ұстайды. Жалпы, мамандардың байыптап отырғанындай қандай да бір валютаны таңдау үшін оның курсы мен жалпы экономикалық ахуалдан хабардар болған жөн. 

Бұл ретте, экономист-сарапшы, банк секторының маманы Тоғжан Шаяхметова былай дейді:

– Қазірде Ресей рублі мен экономикасы тұрақсыз болып отыр. Осыған орай қайсыбір инвесторлар ақшасын доллармен ұстайды. Сондай-ақ АҚШ-тың федеральды резерв жүйесі долларды нығайтуға әрекет жасап жатыр. Мұны ескергендердің де біразы қаржысын доллармен ұстауға машықтанған. Ал енді Еуроаймақ елдерінің экономикасы жандана бастады деген болжам жасайтындар евро бағамын бақылаудан бір танбай отыр. Қытай экономикасы қарқынды өсіп, халықаралық төлемдерде юань көбірек пайдаланыла бастағандықтан, бұл валютаның болашағы зор деп есептелінуде. Сөйтіп, қазірде қаржы нарығында ағылшындардың «жұмыртқаны әр түрлі себетке бөліп салу керек» деген мәтелінің рөлі жоғары болып отыр. Қазірде мултивалюталық депозиттерге деген сұраныс бар. Халықтың біразы қолында бар 5мың АҚШ долларының өзін доллар, евро, теңгеге бөліп салуды жөн санайды. Өз басым халықтың мултивалюталық депозиттерге бейімделе бастауын жөн санаймын. Сондықтан банк секторының маманы ретінде айтарым, мултивалюталық депозиттерге сұраныс болашақта артуы тиіс. Осыған байланысты қарапайым халық қолда бар қаржысын теңге, евро, долларға бөліп бөліп депозитке салса ұтылмайды деп ойлаймын. 

Әйтсе де мамандар мултивалюталық депозиттерге болашақта сұраныс артады дегенімен, сондай-ақ елде айырбас орындары арқылы долларды қолма-қол сатып алу көлемінің артқанына да қарамастан біздегі құзырлы тарап халықты ақшаны ұлттық валютада сақтауға шақырады. Бұл ретте еліміздің бас банкирі Ерболат Досаев «Ұлттық банк төрағасы ретінде екінші деңгейлі банктерде теңгедей ашылған депозиттерді сақтауға кеңес беремін. Өйткені өзіміз де қазір экономиканы дедолларизациялау саясатын (долларды ығыстыру) жүргізіп жатырмыз. Бұл – біздің экономикамыздың одан ары өсуі үшін және 30-30-40 қағидасы тығырықтан алып шыға ма?

Сөйтіп, мамандардың біразы мултивалюталық себет ашу қажет десе, енді бірі долларды ығыстыру үшін теңгелік депозиттердің сыйақысын арттыру қажет десті. Ал енді қаржыгер Жасұлан Мақсұтов бұл ретте мынадай кеңестер ұсынады: 

А) Ақшаны қай валютада және қандай мөлшерде сақтау керек екенін түсіну үшін соңғы үш жылдағы валюталардың бағамының қалай өзгергенін зерттеп отыру керек. АҚШ доллары, евро және Қытай юанін зерттеп көрсек, соңғы бір жылдың ішінде әлемдік тұрғыда қытайдың юані (4,2%) өскенін байқауға болады. Бұдан соң АҚШ доллары (0,3%) өссе, ал евро керісінше (1,2%) арзандаған. Бұдан шығатын қорытынды бір жыл бұрын бұл валюталарға айырбасталған ақша айтарлықтай өзгермес еді. Міне, валюталар нарығында осындай сауаттылықтар керек. 

Ә) Өкінішке қарай, капиталды қолма-қол ақша ретінде сақтаған инфляциядан құтқармайды, сондықтан жиған ақшаңыз қалай сақтасаңыз да жыл сайын шамамен 5 пайызға құнсызданып отырады. Бұл ішкі нарықтағы қалыптасқан жағдайға байланысты болғандықтан бұдан қорықпау керек.

Б) Қаржыны сақтауда ең бастысы банкті дұрыс таңдап алу қажет. Ақшаңызды рейтингісі жоғары банктерде ұстаңыз да үнемі рейтингтерінің өзгеруін бақылап отырыңыз.

В) Биржада отырған он сарапшының тек қана біреуінің болжамы іске асады. Олай болса сіздің қолыңызда тек қана өткен жылдардың тәжірибесіне сүйенуіңіз ғана қалады. Сондықтан сіздерге ұсынарым – ақшаларыңызды: 30-30-40 қағидасымен сақтаған жөн. Бұл дегеніңіз жиған қардыңызыдң 30 пайызы доллар; 30 пайызы евро немесе юань; қалған 40 пайызын теңге түрінде сақтағаныңыз дұрыс. Теңгеге басымдық беру себебім – ұлттық валютамыз ретінде ақша-несие саясатын жүргізу қажеттілігі туындайтындықтан заңдылық бойынша осылай ету маңызды. Жиған тергеніңіздің 40 пайызы міндетті түрде ұлттық валютада болуы тиіс. Себебі қандайда бір жағдай туса Үкімет ұлттық валютада жиған қаржыңызды қайтарып беруге кепілдік бере алады. Ал бұл сенімділікті арттыра түсетін тәсіл.

Қарлығаш Зарыққанқызы

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір