16 Ақпан, 2019 Спорт

Сексен төрттегі тарихи жеңіс!

1984 жылы ақпанның соңы, наурыздың басында Ташкентте бокстан Кеңес одағының кезекті чемпионаты өтті.

1984 жылы ақпанның соңы, наурыздың басында Ташкентте бокстан Кеңес одағының кезекті чемпионаты өтті. Советке қараған 15 одақтас республика мен Мәскеу, Ленинград (қазіргі Санкт-Петербург) боксшылары 12 салмақтың  жүлделерін сарапқа салды. Осы чемпионатта қазақ  батырлары 12 алтынның 4-ін қанжығаға байлады. Ресейге 3 алтын, Украинаға 2 алтын бұйырса,  Белоруссия, Өзбекстан, Қырғызстан командалары бір-бір алтын медальға ие болды.

Сексен төртінші жылға дейін қазақ боксшыларынан Серік Қонақбаев (1980) пен Серік Нұрқазов (1982) қана КСРО чемпионы атағына қол жеткізген болатын. Яғни, бар-жоғы екі чемпион! Бұл қазақ спортшыларының әлсіздігінен емес. Мәскеудің отар ұлттардың ұл-қыздарын шідерлеп ұстаған саясатының салдары еді. Әйтпесе, Мақсұт Омаров пен Әбдісалан Нұрмаханов бастаған қаншама оғыландарымыз жеңіске  лайық  бола тұра совет чемпионы атағына жете алған жоқ. Сонау елуінші  жылдардан  жалғасқан  құрсауды  бірінші болып Қонақбаев бұзса, іле-шала Нұрқазов Кеңес одағының бас бәйгесін жұлып алды.

Енді, міне, сол тұста әлемдегі ең мықты бокс державасының бірінен саналатын  Кеңес одағының  басты  бәсекесінде күтпеген жерден төрт бірдей  қазақ - Кәрімжан  Әбдірахманов (48 кг), Серік Нұрқазов (57) Серік Қонақбаев (67)  және  Асылбек  Қилымов (75) жеке-дара шықты. Бұл жеңіс барша алаш жұртын дүр сілкіндірді. Елдің еңсесі көтеріліп, арқа-жарқа боп қалдық. Ол кезде қазіргідей әлем, Азия чемпиондары жылда шығып жатқан жоқ. Бокстан бар болғаны екі Еуропа чемпионымыз бар еді: Қонақбаев пен Нұрқазов. Олимпиада  мен әлем чемпионатында Қонақбаев  ұтып алған  екі күміс жүлде біз үшін алтыннан кем емес еді. Не нәрсенің де аз кезде қадірі артық болады ғой. Қазір бағамдай қарасақ, осы төртеудің тарихи жеңісімен империяның спорттағы сірескен сеңі сөгіле бастаған тәрізді. Осыдан кейін алаш ұлдарының спорттың әр түрінен КСРО чемпионаттарында олжа салуы жиілей бастады.

Өзіңіз ойлап қараңыз, чемпионатты өз төрінде өткізген өзбектер бір алтынды зорға алды, халқының саны сол кездің өзінде    43 миллионнан асқан  украиндар екі алтынмен шектелді. 140 миллион орыс орманның өзі  алты  жарым  миллион  қазақтың жаужүрек ұлдарына тосқауыл қоюға жарамады. Қазақ   құрамасы бұрын-соңды  мұндай белеске табан тіреген емес. 

Дәл осы 1984  жылы кезекті жазғы Олимпиада ойындары АҚШ-тың Лос- Анджелес қаласында өтті. Біздің жоғарыдағы төрт батырымыз Олимпиада  жолдамасын жамбасқа  басып қойған. Бірақ  капитализм  мен социализмнің текетіресі шегіне жетіп, соның салқыны спортшыларға да тиді. Сол жылы капиталистік лагерьдегі мемлекеттер спортшылары Олимпиада жүлдесіне  таласып жатқанда, социализм туын көтерген елдер «Достық-84» жарысының көрігін қыздыруға кірісті. Жер түбіндегі Кубаның шаршы алаңында айқасқа түскен төрт батырдың екеуі күміс (Әбдірахманов, Нұрқазов), біреуі  қола (Қонақбаев) жүлдегер атанды. Ал Асылбек Қилымов Гавана төрінде әлем чемпионы, кубалық Гоместі нокдаунмен ұтса да, жеңіс қиянатпен қарсыласына берілді. Бір қызығы, осы сында Кубаның 11 боксшысы жеңіс тұғырына көтерілді. Алты спортшысы финалда шайқасқан совет былғары қолғап шеберлері  Гаванадан  «алтынсыз» оралды.  Осы деректен-ақ  бұл жарыста спорттық  принциптен  гөрі саяси принциптерге  баса мән  берілгенін анық аңғаруға  болады.

Осы жеңістен кейін Әбдірахманов пен Нұрқазов тағы бір мәрте КСРО чемпиондары атанды. Қилымов сексен төртте КСРО кубогын ұтып, сексен алтыншы жылы Одақ біріншілігінің финалында күтпеген жерден жеңіліс тапты. Асылбек 1987 жылы 23 жасында бокс қолғабын босағаға ілді. Қонақбаев Ташкенттегі сыннан кейін көп ұзамай боксты біржола доғарды.

Сексен төрттегі тарихи жеңіс төрт бағыланның ғана бағын көтеріп қойған жоқ, Отанымыздың әр қиырындағы бокс бапкерлерінің жігерін одан сайын жани түсті. Ұлттық құрамадағы, жастар сапындағы жігіттеріміз осы жеңіспен арқаланып, бұрынғыдан бетер ширықты. Қазақтың қиырдағы ауылдарында құм толы қапты құлаштай ұрған қарадомалақтар қатары еселеп өсті. Ең бастысы, алаш ұландары әлем көз тіккен дүрмекті додаларда жеңіске бой үйрете бастады. Екі  ғасырға жуық  жаншылған  кеуде  қайта көтерілді. Ұлттық рух күннен-күнге жарқырай түсті.

Содан  бері 35 жыл артта қалыпты. Осы бауырлармен қатар жүрген күндер, бір дастархан басында иық қағыстырып шәй ішкен сәттер күні кешегідей көз алдымда. Бұл күнде   самайымызды қырау шалған. Бірақ олар сонау шырқау көкте желбіреткен намыс туына көлеңке түспек емес.

Қыдырбек Рысбек

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір