• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

03 Мамыр, 00:33:06
Алматы
+35°

23 Қыркүйек, 2017 Әдебиет

Әлихан Бөкейханның нақыл сөздері

Отаншылдық сезімге қуат, ізгілік пен мейірімге шуақ дарытып, ар-ұждан тазалығына тәрбиелейтін Бөкейханның нақыл сөздері ұлттық болмысымен де ерекше

Әлихан Бөкейханның сан салалы ғылыми және рухани мұрасы ұлттық жаңару мен жаңғырудағы белесті кезеңдерді тануымызға әрі келер күндері алар асуларымызды бағамдауда өзінің өлшеусіз қызметін атқаруда. Ел мен жер тағдыры, ұлт азаттығы мен рухани кемелділігі, ана тілі мен ата тарихы, мәдениеті мен әдебиеті, саяси және оқу-ағарту саласындағы реформалар, экономикалық даму мен аграрлық мәселелер, әлемнің алдыңғы қатарлы елдерімен теңелуге нақтылы теориялық және практикалық бағыт-бағдар берген зерделі ойлары мен өзекжарды толғамдары бүгін де, ертеңгі күнде де маңызды болмақ.

Алашорда үкіметінің төрағасы, мемлекет және қоғам қайраткері, энциклопедист ғалым Әлихан Бөкейхан – ұлттық және әлемдік ой-сана биігіндегі алып тұлға. Тарих толқынындағы жанкешті арпалысқа толы ұлттық бұлқыныстар мен азаттыққа ұмтылған көтерілістердің жеңісі мен жеңілісіндегі тағылымын бойына сіңірген қыр перзенті жаңа тұрпаттағы қайраткерлік күресінде зайырлы ұстанымдағы реформаторлық әдіске иек артты. Қарқаралыдағы мектепте, кейіннен Омбы техникалық училищесінде білігін ұштаған дарын Санкт-Петербургтегі (Петербордағы) Орман шаруашылық институтын «экономика» мамандығы бойынша тамамдады. Ұшан-теңіз білім мен заманауи ғылымның терең қатпарларын еркін игерген Алаш ұлы зияткерлік білік пен санаткерлік берендігімен күйреген қазақ хандығының ордасын ұлттық мемлекет ретінде қайтадан қалпына келтіру үшін қызмет атқаруға кіріседі. «Алыспаған, жұлыспаған бостандық атына мінбейді, бұғаудан босамайды, ер құлдықтан, әйелі күңдіктен шықпайды, малына да, басына да ие болмайды» («1916-1926» (25 июнь) мақаласы) деп ел тарихындағы бейуақытта ұлтының тұрлаулы тағдырын қолға алады. Алашорда үкіметінің саяси және ағартушылық саласындағы реформаторлық қадамдарында барша саналы ұлт зиялыларын ұйыстыра білген көсемдігімен халық сүйіспеншілігіне бөленді. Отаршылдық езгіде жаншылып, жат жұрттық жаулаушыда есесі кеткен елінің еңсесін тіктеуге рух дарытатын семсер сөзі Алаштың айбынды да айбарлы үні болып кең байтақ қазақ даласына тарады. Ұлтты ұйыстыратын, ұлтын ұлықтайтын озық ойлы толғамдарымен қазақ баласын Алаш идеясына біріктіре білді.

Қыр перзентінің өзгеше бітімдегі бекзат болмысы мен асыл қасиеттерін танытатын елдік сана мен мемлекетшілдік ұстанымдағы терең ойлары мен ұтқыр пікірлері өміршеңдігімен ерекшеленеді. «Біз – суды теріс ағызған атаның баласымыз!» («Қазақтың тарихы» мақаласы) дейді қайраткер. «Ұлтына, жұртына қызмет қылу білімнен емес, мінезден» екенін сөз бен істің үйлесімі, пенделіктен ада ақжүрек мінезіндегі ірілігі, елдік жолдағы қилы қиындықтарға толы күрестерде сертке адал болып қалудағы азаматтығымен дәлелдей білді. Бұл ретте Әлиханның қайраткерлік күреске толы жылдарындағы арман-аңсарын, мұрат-мақсатын: «...«Оқыдым» деп басына пайда қылмаған, мал жимаған, үй салмаған, үй тігіп, бие байлап, қымыз ішіп, қазақша дәурен сүрмеген. «Қазағым, елім!» – деп кеткен. Пара алмаған, қазақтың елін, жерін аралап көрген. Өмірін «қазақты ел қыламын» деп сарп еткен...», - деп жеткізген Смахан төре пікірі жан-жақты ашық әрі анық көрсетеді, сонымен қатар  жан-жүрегіңді толқытады.

Алаш арыстары зайырлы демократиялық мемлекет құрудың саяси-құқықтық негіздерін қалағаны мәлім. Санаткер «Закон тұрмысқа жанасып, қатарласып өзгеріп отырмаса, орнына келмейді. Далада қалады» («Ашық хат»), «Ел хүкімет үшін емес, хүкімет ел үшін жасайтындығын еш уақыт естен шығармау керектігін» («Ашық хат») айтқанда, сол елдің ел болып қалуы, мемлекет құрып еңсесін тіктеуіндегі іргелі жұмыстың ең бастысы ата-бабаларымыздан мирас болып қалған жерімізді Ресей отаршылдарынан заңды түрде қайтару екенін бір сәтте есінен шығарғаны жоқ. Бұл жолда Әлихан бастаған отаншыл тұлғалар аянбай тер төкті, қажыр-қайрат танытты. Қазақ жерінің шекаралық межеленуінде, аумақтық тұтастығында өлшеусіз тарихи қызмет атқарды. Кім кімді болмасын «Жер туралы көрген зорлық көп. Жер десе дірілдемей болмайды. Сонда да жер мәселесі негізгі ғұмыр мәселесінің ең зоры» («Жер комитеті») деген толғанысы тебірентпей қоймайды!!! Толассыз тіршілік таласындағы тайталаста қапы қалмауды «Біздің жұрт бостандық, теңдік, құрдастық саяси ісін ұғынбаса, тезек теріп, тарих (тарқы) жолында артта қалады. Бақыт, махаббаттан тысқары болады. Бұл екеуі жоқ жұртқа тіршілік неге керек?!.» («Алаштың талапты азаматтарына!») деп ұғындырды.

«Тірі болсам қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» («Ашық хат. Жаһанша Əлмұхамедұлы Сейдалинге») деген қыр перзенті «Жұрт ісін түс көрмей, ояу жүріп іздену мақсат» («Сусағанның түсіне су кіреді») екенін сенімді үзеңгілестері мен соңынан ерген ізбасар інілеріне кемел істерімен көрсетті. Майданның қара жұмысындағы қандастарына қорған болып, жандарынан табылды. Сталиндік қара түнек жылдары қуғын-сүргінге түскен мұраттастарына көмек қолын созуда аянып қалғаны жоқ. Сталиндік қаран түнек жылдары сағы сынбаған ол «Алаш ісі» бойынша жер айдалған серіктерінің жігерін жанитын аталы сөзін айтты. Ел үшін атқарылған кемел істің әділдігі мен өміршеңдігіне иландырды. Алаш идеясына адалдығын сақтап, оларға рух берді. Оны Алаш қайраткері, қазақтың алғашқы биолог ғалымдарының бірі Жұмахан Күдерінің (1891(93)-1938) ОГПУ-НКВД тергеушілеріне берген естелік іспеттес жауабы айқындай түседі. «...Осы тұсты Жұмахан Күдерин былайшы еске алады: «Вокзалдан түссек, бізді Бөкейханов күтіп тұр екен. Бәріміз қоршап тұра қалдық. Сол кезде Бөкейханов: «Жігіттер, уақыт аз. Қазір сендерді пойызға салып алып кетеді. Тез әңгімелесіп алайық. Мен сендермен кездесуге әдейілеп ресми рұқсат алып келдім», деді. Біз әңгімелесе бастаған уақытта Сұлтанбек Қожанов пен Есқараев екеуі келді. Әлекең: «Екі топқа бөлінейік. Айтарларыңды айтып қалыңдар», деді. Содан Қожановқа бір топ кетті. Біз Әлекеңмен әңгімелесіп қалдық. Сонда Әлекең: «Жігіттер, сендер не үшін сотталып бара жатқандарыңды білесіңдер. Сендерді соттап отырған жүйені де білесіңдер. Ешкімнің алдында кінәларың жоқ! Сендер ел үшін сотталып бара жатқан азаматсыңдар! Мұңаймаңдар! Бастарыңды төмен түсірмеңдер! Алда жақсылық болады», деп шығарып салды. Біз Воронежға барғанша көңіліміз өсіп, күліп-ойнап бардық», деп жазады. (Қараңыз: Қойгелдиев М. Алаш көгіндегі күн Әлихан Бөкейхан // old.abai.kz/content/alash-kogindegi-k-n-elikhan-bokeikhan).

«Тәңірден соңғы күшті халық қой» («2 февраль»). Міне, туған жерінен нәр алып, қасиетті елінен қуаттанған дегдар «Өз күшіне, өз қуатына сенбеген адам да, халық та ғұмыр жүзінде бәйге алмайды» («Ұры тию»), «Бауырларым, дені сау, жас шақтарыңда жұрт үшін шауып қал!» («Мәскеу хаты») деген байрақты сөздерімен қашанда харакеттегі істерде табандылықта болуға ой салып отырды.

Әлихан Бөкейхан Алаштың жасампаздығына, ұлттық бірегейлігін сақтап қалудағы қазақтың жанкештілігіне сенім артты. «Озғандарға жету керек, жеткендерімізден озу керек. Дүниенің төріне тырмысқандар, төрден орын алып жатыр. Тырмыспағандар есікте қалып жатыр: есікте қалмай, төрге тырмысалық» («Құрметті оқушылар!») деген ұлағатымен елдіктің айқын жолдарын нұсқады.

Ата тарихын қадірлеуде «Дүниеде өңге жұрттар қатарында кім қор болмайын, тұқымым құрып қалмасын деген халық өзінің шежіресін иманы дəрежесінде ұғып білуге тиіс болады» («Қазақтың тарихы»), ана тілін ардақтауда «Ғұмыр жүзінде біздің қазақ тілі өз бәйгесін алар» («Мұсылман сиезі»), туған жерін қастерлеуде «Жер ұжмағы – Түркістан» («Жалпы Сібір сиезі»), «Қан төгіп, кір жуып, кіндік кескен атақонысымыз Ертіс» («Екі жол») сипатындағы кемел ойларымен «Қияметке шейін қазақ қазақ болып жасамақ» («Қазақтың тарихы») деп түйді. «Қазақ жұрты мал бағуға жалпы шебер» («Жауап хат») екенін мақтан тұтты. «Мал бақ, егін сал, әдіс қыл, амал қыл, шебер бол, мерген бол, еңбекке, білімге жалын» («Тозған егістікке жоңышқа салсаң, бидай жақсы өседі») деп қалың елін кәсіби шеберлікке баулыды.

Қазақ ренессансын айқындаған Әлихан Бөкейханның адамзаттық ақыл-ой қазынасына олжа болып қосылған нақыл сөздерінен алар тағылым мол. «Енді бұрынғы қате ізді баспалық, үлгілі жолға түселік, мынау ұлы дүбірге қосылалық, тиісті бәйгемізден құр қалмалық, жұрт болалық! Егер, қазақ, мұны істемесек, кейінгі нәсіл-нәсіптің көз жасына қалғаның» («Алаш азаматтарына! Үндеу»). Иә, ұлт перзентінің кенен ойынан нәр алып кемелдену, даналық толғамынан парасатты пікір түю арлы ұрпақтың басты парызы. Алаш арысы аманаттағанындай, «Қиналып тапқан ақылды, толғатып сөзге аудардым. Енді бұл сөзді іс қылмақ, оқушы жұртым, қазақ өз мойныңда!» («Мұғалімдер жиылысы»).

«Түзу қалам қисайған, өткір мүжілген заманда» («Ұры тию») ұлтына адал қызмет еткен қайраткер «Алаштың баласы бұл жолы болмаса, жақын арада өз тізгіні өзінде бөлек мемлекет болар» («Қазақ депутаттары») деп саяси сарабдалдықпен көрегендік танытты. Сол күннің тезірек жетуіне терін төкті, жанын салды. «Ала арқанмен шандыған сынық арба қазақ елінің мәңгі-бақи еншісіне тиген жоқ. Қазақ шаруасы да өркендемек. Әйтпесе қазақ еліне кеңес өкіметінің орнағаны өтірік» («Оқытушыларға сенеміз»), «Отырықшы болу бұйрықпен, әмірмен орындалмайды» («Ауылда мәдениет жұмысы»), «Əділдік жоқ жұртта, береке бірлік болмайды» («Сайлау»). «Ауылдағы балаларымызды қорғау – зор міндетіміз» («Ауылдағы панасы балаларды қорғау – міндетіміз»), «Аштықты жою үшін оның қалдырған ізін жою керек. Ізі жойылмай – өзі жойылмайды» («Тағысын тағы айтамыз») деген азаматтық ұстанымымен жаңа биліктің басқару жүйесін сын тезіне салуда тізгін тартпаған асыл ер бастапқыда патша абақтысына қамалып, кейіннен кеңес түрмесінде атылды. Әлихантанушы Сұлтан Хан Аққұлұлы атап көрсеткеніндей, «1917 жылғы төңкеріске дейінгі және одан кейінгі кезеңде бір Әлиханның өзі 7 рет тұтқындалып, бірнеше тәуліктен 4 және 8 айға дейін түрмеде отырып шығып, 2 рет саяси айдауда болды. Оның ішінде Самарада 8 жылын өткізсе, Мәскеуде шым-шытырық оқиғалар мен қиян-кескі күреске толы ғұмырының ақырғы 15 жылын сарп етті».

«Кім шебер болса, жалықпай, талмай ізденсе, бірігіп тізе қосып, әдіс қылса, ғұмыр бәйгесі соныкі» («Ұры тию»), «Заманнан қалған шабан адам – өлген адам. Заманнан қалған қоғам (ұлт, мемлекет) – өлген қоғам» («Оқытушының білімін толықтыру») деп қазақ елінің болашақ бағдарын бағамдаған бабамыздың ұлы мақсаты жүзеге асты. Ол қазіргі Қазақстанның тәуелсіздігі. Лайым, ғұмыр бәйгесіндегі Алаштың алар асуы асқарлы, шығар биігі зәулім болғай!!!

Иә, бүгінгі тәуелсіздігіміздің тарихи негіздерін қалаған Алаш ұлттық-демократиялық парламенттік республикасының 100 жылдығында Әлихан Бөкейхан бастаған ұлт перзенттері лайықты ұлықталуы керек. Тәуелсіздікпен рухтанып өскен саналы ұрпақ, жаңа толқын даңқты бабаларымыздың шын мәніндегі мұрагерлері болуы үшін де Алаш қайраткерлерінің мұрасынан рухани нәр алып отыруы шарт.

Отаншылдық сезімге қуат, ізгілік пен мейірімге шуақ дарытып, ар-ұждан тазалығына тәрбиелейтін Әлихан Бөкейханның нақыл сөздері ұлттық сипаттағы болмысымен де ерекшеленеді. «Би әділ болмай, жұрт оңбақ емес». «Шын ақын бір көпірмей қоймайды». «Тезек тере барсаң да қап керек...». «Қазақ жылқысындай көнбіс жылқы жер үстінде жоқ. Қазақтың қозысының етіндей тәтті ет жер үстінде жоқ». «Қан төгіп, кір жуып, кіндік кескен атақонысымыз Ертіс». «Біз қазақ жүгенді көшкен күні ғана іздеп отырмыз». «Өртте жүріп сабырлы болу мақтанға сыймайды». «Қазақ жұрты мал бағуға жалпы шебер». «Жер ұжмағы – Түркістан». «Дауыл болса ғана дария толқиды...» өзге де нақыштағы нақыл сөздерімен халық даналығынан нәр алған тұлға қазақ тілінің жасампаздық құдыретін паш етті.

Сағымбай Ботпайұлы Жұмағұл

«Алаш» мәдени және рухани даму институтының қызметкері

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір