• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 10:44:04
Алматы
+35°

10 Қыркүйек, 2017 Саясат

«Қасымовтың ақыры» таянды ма?

Әңгіме ҚР Ішкі істер министрі туралы. 2011 жылдың сәуірінен бері бас полицей лауазымын атқарып келе жатқан Қалмұханбет Нұрмұханбетұлы туралы ...

Әңгіме ҚР Ішкі істер министрі туралы. 2011 жылдың сәуірінен бері бас полицей лауазымын атқарып келе жатқан Қалмұханбет Нұрмұханбетұлы туралы жұртшылықтың пікірі әртүрлі. Ол пікірлерге жеке-жеке тоқталып отырмай, тек Үкімет құрамы бірнеше рет жаңарып, министрлер бірі келіп, бірі кетіп жатқанда Қасымовтың әлі күнге министрлік тізгінін ұстап келгенін тілге тиек етсек жеткілікті шығар.

Мәселе қызметте ұзақ отырғанда емес, әрине. Қызмет сапасы, өзің жауапты саладағы тәртіп, Елбасы тапсырмаларының орындалуы, тағы басқа тараптағы шаруаларыңнан шашау шықпаса, ел разы болса, қанша отырсаң да отыра бер. Орнын ешкімге бермей келе жатқан жалғыз Қасымов емес.

Алайда, Қалмұханбет Нұрмұханбетұлының қызметі мінсіз деп ешкім айта алмас. Президент бекіткен «100 нақты қадам» Ұлт жоспарындағы тапсырмалардың қаншасын орындағаны өз алдында, бірақ ішкі істер қызметкерлерінің халық түсінігіндегі жағымсыз бет-бейнесі Қасымовтың кезінде өзгере қоймады. Қайта осы саланың тізгінін орган үшін сәл «бөтен» адам Зауытбек Тұрысбеков ұстаған жылдары ел назарын аудартқан бірқатар өзгерістер болған еді. Ал, ішкі істер органдарында өскен Қалекеңнің ондай жарқын реформаларын көре алмай отырмыз. Иә, былтырлары халықпен етене жұмыс істеу мақсатында жергілікті полиция қызметі құрылды. Оның басшысын жергілікті билік, анығырақ айтқанда мәслихат депутаттары сайлап, ол жергілікті басшылық пен халық алдында есепті болатын болды. Жүйенің қаншалықты тиімді болғанын әлі де уақыт көрсетер, бірақ кеше бірқатар ақпарат құралдары Қарағанды облысының бір қаласында осындай құрылым басшысының орынбасары «пара алды» деген күдікпен ұсталғанын хабарлады.

Қасымовтың атын бір шығарса осындай шулы оқиғалар шығарады. Әріге бармай-ақ, соңғы бір айдың мұғдарындағы полицейлердің қатысуымен болған жағдайларды еске алайық. 10 тамызда Тараз қаласында Жамбыл облыстық ІІД-нің екі бірдей басқарма басшысы, бір бұрынғы қызметкері төбелесіп, ол төбелес кескілесумен аяқталғанын ұмыта қойған жоқпыз. Бұл оқиға туралы хабар барлық ақпарат құралдары арқылы тарап, шенділердің пышақ сілтескен сәтінің бейнежазбасы интернет желісін еркін шарлады. Соған қарап қос полиция полковнигінің бұл төбелесі туралы қалың елдің құлақтанғанын қалаған, ақпараттың барынша қоғам назарына ілігіп, үлкен талқыға түсуіне мүдделі болғандар да жоқ емес сияқты деген ойға қалатының анық. Әйтпесе, ұсақ-түйек сержант емес, білдей басқарма басшыларын мұнша масқараламай-ақ, ың-шыңсыз қызметтен босатып, дабырасыз жазалай беруге болмас па еді?!

Ал, астаналықтарға «ЭКСПО-ның жабылуы өтетін күні қаладан кетіп қалғандарың дұрыс» деген ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті басшысының орынбасары Талғат Мұсақановтың «өтініші» ел арасында тіпті күлкіге ұшырады. Былайғы қара сирақ халық сынаса бір жөні, «Астана ЭКСПО-2017» көрмесінің қоғаммен байланыс департаментінің басшысы С. Куянов мырза полицейдің бұл ісіне «өз жұмысын барынша жеңілдетуді ойлау» деп баға берді.

«Жығылғанға жұдырық» демекші, екі күн бұрын министрлікке қарасты бір әскери оқу орнында тағы да төтенше оқиға болды. Петропавлдағы ІІМ Ұлттық ұланы әскери институтының бір курсанты екіншісіне пышақ салып, ол алған жарақаттан көз жұмды. Бұл оқиға қоғамда алдандағы қос полковниктің төбелесіндей талқыланбағанымен, билік орындарының наразылығын туғызған сияқты. Олай дейтініміз, білдей Парламент Мәжілісінің депутаты, ондағы әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі комитет мүшесі Кәрібай Мұсырман Фейсбуктегі парақшасында «Тәрбие жоқ жерде тәртіп те жоқ» деген жазба қалдырып, министрліктің, оның құрамындағы Ұлттық ұлан басшылығының қызметіне біраз сын айтты. Депутат болашақ сардарлардың қылмысқа баруын ішкі істер органдары үшін келеңсіз жағдайға балап, Ұлттық ұлан басшылығының соңғы жылдардағы қызметіне қатысты ойын жеткізіпті.

«Мұндай деректердің барлығы Ішкі істер министрлігі жүйесінде тәрбие жұмысының ақсап жатқандығын, соның салдарынан тәртіптің де нашарлап кеткендігін көрсетеді десек, қателеспеспіз.
Ал екі жылдан соң рота командирінің саяси-тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары болуға дайындалып жүрген курсанты кісі өлтірген Әскери институттағы тәрбие жұмысының деңгейі қандай екендігі туралы не айтуға болады?!. Мені бір қайран қалдырғаны – осы әскери оқу орнын 10 жыл басқарып, биыл, Қазақстан полициясының 25 жылдығы қарсаңында генерал-майор шенін алған Жұмабек Ахметов мырза жақында ғана қызметінен босатылыпты. Не үшін жоғары шенмен марапатталып, не үшін қызметі төмендетілгені беймәлім.

Полковник Ж. Ахметовтің «ұзақ жыл бойғы жемісті қызметі үшін» генерал-майор атағын алуына «батасын берген» Ұлттық ұланның бас қолбасшысы, генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов мырзаның да осы биік лауазымды иемденіп жүргеніне 9 жылдың жүзі болып қалыпты. Екеуінің бірлесе атқарған 9 жылдық жұмыстарының нәтижесі қандай екендігін кеше Әскери институтта орын алған кісі өлтіру оқиғасы аңғартып тұрған жоқ па?», - дейді Мәжіліс депутаты.

Соңғы оқиғаның жай-жапсарын тергеу органдары мен сот анықтай жатар. Алайда, бұлардың барлығы да министр Қасымовқа қарсы пайдалануға болатын, ұзақ жыл орнынан қозғалмаған Қалмұханбет Нұрмұханбетұлының карьерасына әжептәуір нұқсан келтіретін жағдайлар екенін айтпасқа амалымыз жоқ.

Жеңіс САБЫРЖАНҰЛЫ

Әсел Болатқызы

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір