02 Тамыз, 2017 Саясат

АҚШ-тың Ресейге қарсы санкциялары Қазақстанға қалай әсер етеді?

Ресейге қарсы санкциялардың бір ұші Қазақстанға міндетті түрде тиері анық. Алайда қаншалықты және қай жағынан әсер етпек? Сарапшылар пікірін ұсынамыз....

АҚШ-тың Ресейге қарсы санкцияларды енгізбек ниеті бұған дейін хабарланған. 1 тамыз күні АҚШ президенті Дональд Трамп антиресейлік санкция туралы заңнама құжаттарына қол қойды. Екі мемлекет арасындағы саяси алауыздықтардың толқыны Қазақстанға қаншалықты әсер етеді? Қазақстан мен Ресей көрші мемлекеттер. Оның үстіне, Еуразиялық экономикалық одақтың мүшелері, яғни одақтас мемлекеттер. Сол себепті, Ресейге қарсы санкциялардың бір ұші Қазақстанға міндетті түрде тиері анық. Алайда қаншалықты және қай жағынан әсер етпек? Осы сұрақтардың жауабын білу мақсатында Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісі қазақстандық сарапшылардың пікірін білді. Санкциялардың Қазақстандағы саяси жағдайға әсер ету барысын саясаттанушы Әзімбай Ғали айтты.

Әзімбай Ғали: «РЕСЕЙГЕ ҚАРСЫ ЖҮРІП ЖАТҚАН ПРОЦЕСС – ЕЛІМІЗ ҮШІН ТИІМДІ»

Саясаткер АҚШ-тың Ресейге енгізген санкциясын Қазақстан үшін тиімді жол деп санады. Себебі мүмкіндігі шектеулі мемлекет өзге халқының мазасын алмайды дейді.

Ресейге қарсы санкциялар 1914 жылдан бері күшіне енген. Кеше ғана Дональд Трамп кезекті санкцияға қол қойды. Енді не өзгереді?  Ресей мұнайдан пайда таба алады, бірақ аз мөлшерде. Сол шектеулі пайданы бюджетке құяды. Оның үсітне сайлауға дайындық бар, әскери өндіріске жұмсап жатыр. Алайда, Ресейде тұрмыс ойдағыдай емес, 15%-ға төмендеді деген дерек бар.

Ресей – империяшыл халық. Империя үшін аштыққа да дайын. Бірақ аштыққа ұзақ уақыт төзе алмайды. Кезінде КСРО қандай еді, алып, құламайтын империядай көрінген. Бірақ 1990-1991 жылдары шыдамдары таусылды, 1992 жылы алып империя құлады. Бүгінде Ресей өте мықты мемлекет болып көрінгенімен, олардың шыдам ресурсы шектеулі. Менің ойымша, санкциялар Қазақстанға жақсы әсер етеді. Оларда ақша жоқ болса, мүмкіндігі аз болса, басқа мемлекеттерге тиіспейді, қақтығысқа түспейді. Бәлкім Белоруссияға көздері түсер, бірақ оңай олжа жоқ. Осы уақытқа дейін көп мемлекеттерді өзіне қосып алды. Абхазияны Грузиядан бөліп алып, Қырымды тартып алды. Аталмыш процестер арқылы территориялық жетістіктерге жеткен шығар, алайда бүігінгі жағдай басқа.

Бүгінде экономикалық қатынастардың шешімі – мұнай. Ал Еуразиялық эканомикалық одақ пайдасын бермей отыр. Ресеймен арадағы сауда қатынастар ойдағыдай емес деп ойлаймын. Қазақстанның саудасы Қытайға мұнай сатуға бет бұрды. Ақша сол жақтан келеді.

Сайт беттерінде Әзімбай Ғалидың «Қазақстанның Қытаймен жақындасу керектігі» туралы пікірі тараған еді. Саясаттанушының ойынша, Ресей күйресе, Қытаймен арадағы байланысты дамыта түсу керек. Осы мәселе бойынша да толығырақ сұрастырып көрдік.

Ресей ішкі жиынтық өнім көрсеткіші бойынша 13 орынға түсіп кеткен. Кезінде КСРО 5-6 орында болды. Әскери қуат пен ядролық қару – бүгінде Ресейдің күшіне айналған, солармен қорқытады. Бірақ ядролық қаруы бар мемлекеттер көп. Ол тым үлкен аргумент емес.

Ал жаңағы көрсеткіш бойынша екінші орынға Қытай шықты. Ресей күш-қуат пен экономикалық сала тұрғысынан бірашама артта келе жатыр. Несие де ала алмайды. Ал Қытай «аюдың» өзінен-өзі күйрегенін күтіп отыр. Себебі Қытай жерінің бір бөлігі Ресей территориясында, ал ол жерді Ресей әлі қайтарған жоқ. Қытай өнім көрсеткіші тұрғысынан әлем бойынша мойындалған, сондай-ақ бізге көрші мемлекет.

Біз Ресейге экономикалық жағынан болсын тәуелді емеспіз. Санкция бізге салынған жоқ. Ал Қытайдың позициясы күшейіп келеді.

Алайда қазақта «қытайдан қорқушылық» бар. Тіпті әлем қорқады. Қорқудың, үркудің қажеті жоқ. Қазақ халқы ешқашан қытайланбайды. Қазақстан тұрмақ, Қытайда жүрген қазақтардың өзі қытайланбаған. Қаншама жыл Қытайдың жерінде күн кешіп келсе де, бойында қазақтығын сақтап қалды.

Қытаймен экономикалық қатынастарды дамыту бізге тиімді. Дамып келе жатқан озық мемлекеттердің бірі – Қытай. Сол себепті алып көршімізбен байланысқанды жөн көремін.

Алайда Қазақстанда әртараптандыру саясатын ұстану керек. Ресейдің астына түсіп кетпеу үшін Қытаймен, Қытайға бағынышты болып кетпес үшін Еуропамен, АҚШ-пен экономикалық қатынастарға түсу керек.

Тек мынаны есте сақтаған жөн. Қазақ халқы ешқашан қазақшылықтан алыстамайды.

Дос Көшім: «ҚАЗАҚСТАННЫҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДЕҢГЕЙДЕГІ БЕДЕЛІ ТҮСЕДІ»

Саясаткер Дос Көшім санкциялардың Қазақстанға әсері ауыр болатынын айтты. Оның ойынша аталмыш процесс Қазақстанның халықаралық деңгейдегі беделін түсіреді. Себебі біз агрессор мемлекетпен одақтаспыз.

Санкциядар міндетті түрде әсер етеді. Еуразиялық одақ болғандықтан, экономика бірлігі, финанс бірлігі қалыптасып келе жатыр. Сондықтан Ресейге қарсы санкциялар елімізге ауыр әсер етеді деп ойлаймын. Біріншіден, девальвация жағынан әсер етеді. Екнішіден, Ресейдің одақтасы болғандықтан Батыс және Еуропа елдері, Америка елдері бізге қырың қараумен болады. Себебі санкциямен жіберілмеген дүниелер, құрал-жабдықтар Белоруссия сынды мемлекеттер арқылы келуі мүмкін. Бұл біздің халықаралық деңгейдегі жақсы бет бейнемізді қалыптастырмайды. Саяси тұстан да, экономикалық жағынан да ұтылыс болмақ. Бұл санкцияның бастамасы ғана. Әр уақытта санкция 1-1,5 жылдан кейін әсерін көрсете бастайды. Өйткені, тыйым салынған мәселелерге қажеттілік кейін туады. Мәселен, мұнай өңдейтін бұрғылау аппараттары қазір бар болса, ал кейін қолдануға жарамай қалады, сол кезде қиындық туындайды. Себебі қайта алуға мүмкіндік болмайды. Санкцияның әсері 1 жылдан соң нақты көріне бастайды.

Біз агрессордың одақтасы болып отырмыз. Бұл бізге жақсы имидж береді деп кім айта алады? Қырымды, Абхазияны мойындаған жоқпыз. Бірақ кейін мойындауымыз әбден мүмкін. Себебі біз Ресей халқымен бір дастарханнан ас ішеміз, араласамыз. Халықаралық деңгейде Қазақстанның беделіне сызат түсуі мүмкін.

Сондай-ақ, саясаткер Әзімбай Ғалидың «Қытаймен жақын қарым-қатынасқа түсу» турасындағы пікіріне қосылатынын мәлім етті.

Көрші елдердің бәрімен дерлік достық қарым қатынасқа түсуіміз керек. Қытайды жау көру, «қытай фобия» бізде шектен шыққан құбылысқа айналды. Иә, кез-келген елден мүмкіндігінше сақтанып, тәуелсіздікті қорғауымыз керек. Бірақ Қытайдан қорқу бізде бірінші орынға шығып кетті. Екіншіден, «Ресейден қашып Қытайға тығылу» деген түсініктен де ада болуымыз керек. Тек Ресейдегі қиын жағдайды ескеріп, басқа қандай мемлекеттермен қарым-қатынас жасауға болады деген мәселені жан-жақты ойлануымыз керек.

Оның үстіне, Қытайдың «Жібек жолы» бағдарламасы біздің үстімізден өтеді. Бұл Қазақстан үшін логистикалық, транзиттік сала тұрғысынан алғанда аса тиімді. Қытайлық зауыттарды да салуға қарсымыз. Зауыттарды, капиталды сыртқа шығару  - табиғи құбылыс. Оны барлық мемлекеттер пайдаланды. Елімізде Қытайдан өзге жүздеген ұлттың зауыты жұмыс істейді.

Қытайда біздің миллиондаған қандастырымыз бар. Сондықтан Қытаймен мәдени байланысты да жақсы ұстау қажет.

Әміржан Қосанов: «САНКЦИЯНЫҢ САЛҚЫНЫ ҚАЗАҚСТАНҒА ТИЕТІНІ ХАҚ»

Саясаткер Әміржан Қосанов Қазақстанның Ресеймен экомикалық тығыз байланыста екенін ескеріп, санкциялардың Қазақстанға кері әсер ету мүмкнідігін болжады.

Ресей Қырым мен Украинаға қатысты өз саясатынан бас тартқысы жоқ. Сондықтан да осыған қатысты Батыс елдері тарапынан жарияланған санкциялар күшеймесе, азаймайды. Әшейінде кейбір мәселелер бойынша тіл табыса алмай жүрген Еуроодақ пен АҚШ дәл осы мәселеде ауызбіршілік танытып отыр. Қазақстан болса экономикалық жағынан Ресеймен тығыз байланысқан. Ол интегерация, әсіресе ЕАЭО құрылғаннан бері тіпті күшейіп кетті. Кәсіпорындар арасындағы байланыстар бізді Ресей экономикасына біршама тәуелді етіп тастады. Қаржы және банк саласында да осындай процестер жүріп жатыр. Екі ел капиталының қатысуымен құрылған, біріккен компаниялар да баршылық. Сондықтан да сол санкциялардың салқыны Қазақстанға, оның бизнесіне тиетіні хақ Әрине Ресейдің қазіргі басшылығының осы неоимперяилық саясаты оның мемлекет ретіндегі болашағына өз әсерін тигізіп жатыр. Оның үстіне батыс технологиялар мен қаржылық инвестициясыз көршіміздің іргелі кәсіпорындары мен қаржылық институттары жөнді дами алмайды. Бірақ, кейбіреулер айтып жүргендей, «Ресейден гөрі Кытайға жақындау керек» деген тұжырыммен келісе алмаймын: президенттер келеді, кетеді. Ал еларалық байланыстар терезесі тең әріптестік ретінде бәрімен де бірге жүргізіле беруі тиіс.

Мақсат Халық: «РУБЛЬДІҢ ҚҰБЫЛУЫ БІЗДІҢ ТЕҢГЕМІЗГЕ ӘСЕР ЕТПЕЙ ҚОЙМАЙДЫ»

«Pro gente» экономикалық зерттеу орталығының жетекшісі, экономист Мақсат Халық елдегі капиталдың Ресейге ойысып кетпесі үшін теңгені барынша құнсыздандыру саясатын ұстану керек дейді.

Бүгінге дейін Ресейге талай мәрте санкциялар салынып келді. Президенттікке Трамп келгенде Ресей үкіметі «жағдайымыз оңалар» деп үміттенген. Алайда, үміттері ақталмады. Күні кеше Трамп санкция енгізу жөнінде құжаттарға ойланбастан қолын қойды. Ресейдің жағдайы бұдан артық жақсарып кетеді деген сенім жоқ. Өйткені, экономикасында да, сауда-саттық мәселесінде де еркіндік болмайды. Ресейдің экономикасына кері әсерін тигізетіні анық. Ал Қазақстанға қалай әсер етеді? Осы уақытқа дейінгі санкциялар да Қазақстанға әсерін тигізген. Ендігі мұнай бағасының өсу динамикасы байқалғанымен, рубль де, біздің теңгеміз де құнсызданып отыр. Сондықтан да рубльдің құбылуы біздің теңгемізге әсерін тигізеді. Ол бір жағынан ортақ Еуразиялық экономикалық одақ құрып отырғаннан болмақ. Және Данияр Ақышев басшылыққа келгелі Ұлттық банктің саясатында рубльге қатысты теңгені қозғалту байқалады. Мұнай бағасы тұрақтылығын сақтаса, еліміз үшін тиімді болар еді. Алайда рубльдің жағдайын да ескеруіміз қажет.

2 жыл бұрын рубль қатты құнсызданған уақытта біздегі капитал ағымы Ресей жаққа қарай ойысқан. Көлік сатып ала бастадық, еліміздегі ресейлік тауарлардың бағасы арзандады. Кәсіпкерлеріміз қиын жағдайға тап болған. Бірақ ол уақытта біз теңгемізді 190-нан асырмадық. Бідің теңгеміз қалыпты болғандықтан, тауарларымыз бәсекеге қабілетсіз болды.

Енді капиталдың Ресейге ағып кетпесі үшін, Ресейдің алдында ұтылып қалмас үшін біздің үкімет теңгені сәйкесінше құнсыздандыру саясатын ұстанады деп айтуға болады.

Оның үстіне, Еуразиялық экономикалық одақ бүгінде өз жемісін беріп отырған жоқ. Осы одаққа мүше болғалы, тек зардабын көріп келеміз. Ресейдің жағдайы жақсармай, біздің жағдай оңалады деп айту қиын.

Гүлім ЖАҚАН

Gulim Zhaqan

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық универистиетінің филология және әлем тілдері факультетін бітірдім. 2017 жылдан бері Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісімін. 2016 жылы оқуды бітіргенімде ұстаздық ету немесе журналист болу деген екі түрлі таңдау тұрды алдымда. Біріншісін көрейін деп алғашында кішігірім курстарда сабақ беруден бастадым. Кішігірім курстардың өзінен шабыт ала алмаған мен өзгеден бұрын өзіңе үйретерің көп болуы тиіс білім бұлағы мектепке барудан тартындым. Сөйтіп шабыттардың, шығармашылықтардың мекені - журналистикадан бірақ шықтым. Жаздым, жазып жүрмін, жаза беремін - бұл менің өмірім! Болашақта өзге басылымдарға ауыссам да, қамшы қолымнан ешқашан түспейді. Осыны түсіндім.

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір