• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

27 Сәуір, 09:09:34
Алматы
+35°

21 Шілде, 2017 Әлеумет

Путин орыс тілін алмастыруға болмайтынын айтты. Ал қазақ тілін кім ойлайды?

«Орыс тілі біздің мемлекеттік тіліміз. Халықаралық қатынастар тілі. Оны ешқандай тілмен алмастыруға болмайды», - деп мәлімдеді Ресей басшысы.

Ресей президенті Владимир Путин Йошкар-Оладағы этносаралық қатынастар жөніндегі Кеңестің отырысында орыс тілінің Ресейдегі маңызы жөнінде айтып өткен. Оның сөзінше, мемлекетте орыс тілін ешқандай тілмен алмастыруға болмайды, себебі ол дүйім халық үшін, Ресейде өмір сүріп жатқан кез келген ұлт өкілі үшін мемлекеттік тіл саналады.

«Орыс тілі біздің мемлекеттік тіліміз. Халықаралық қатынастар тілі. Оны ешқандай тілмен алмастыруға болмайды», - деп мәлімдеді Ресей басшысы.

Сондай-ақ, оқыту орталықтарындағы орыс тілі пәнінің үздіксіз жүргізілуі мен сапасының төмендемеуін ерекше қадағалайтынын тілге тиек етіпті.

Оқисың да, риза боласың. Сөйтіп, өз еліңдегі тіл мәселесімен салыстырасың. Тіпті, салысытырып ойланып отырудың қажеті де жоқ. Тәуелсіз елдегі мемлекеттік тілдің хал-ахуалы айдан анық, бәрі көз алдыңда. Солып барады деген ойдан аулақпыз, солмайды, өркендесін, өссін. Алайда Қазақстан Республикасындағы қазақ тілінің дәл бүгінгі таңдағы жағдайы көңілге жаға қоймайды.

Ата-бабаларымыз бірнеше ғасыр аңсаған тәуелсіздігіміз қолымызда. Тұғыры биік. Ана тіліміз мемлекеттік тіл дәрежесіне көтерілді, сонау ғасырлардан қазақ халқының бойына дәріптелген салт-дәстүрлеріміз де сақталған. Шүкірілік етесің. Алайда қолда бардың қадірін түсінбей жататын кездердің болатынына налисың.

Тәуелсіздік, еркіндік, дін, діл, салт-дәстүр – мұның бәрі бір биіктің айналасына жиналғандар. Ол биігіміз құласа, бәрі құлайды. Жан-жаққа шашылып, кей елдерге сатылып, кейбіріне тегіннен тегін беріліп, «ұлт» деген дүние жойылады. Ал осының бәрін бір үйірге жинап, басын біріктіріп отырған ол «биік» – біздің ана тіліміз – қазақ тілі емес пе? Ұлттарды бір-бірінен ажырататын да тіл, мемлекеттікті танытатын да тіл. Сондай-ақ, сол тілді өсіретін халық, өшіретін де халық.

Ал біздің еліміздегі қазақ тілінің жағдайы қандай? Жасыратыны жоқ, елде екі тіл қатар жүреді: қазақ тілі мен орыс тілі. Бірі мемлекеттік тіл болса, екіншісі ресми тіл саналады. Заңдық тұрғыдан солай деп қабылданып қойған, халық солай қабылдады. Екі тілді қатар қолданып келеді, ойын бірімен жеткізе алмаса, екіншісі көмекке дайын тұрады. Алайда бір мемлекетте екі тілдің қатар жүруі мүмкін емес қой, бірі қашан да басым тұрады. Біздің елде қазақ тілі орыс тілінен басым ба? Сіз қалай ойлайсыз?.. Одан қалса, үштілділік деген жүйеге ойыспақпыз. Әрине, оңтайлы жақтарын да алып қараған жөн. Екі тілді, үш тілді меңгеріп жатқан ұрпақ өсіп келеді деп қуануға болар. Дей тұрғанмен, бірінің басымдылығы жөнінде де ұмытпаған жөн. Қарапайым мысал: қазақ болып балаңды орыс сыныбына берсең, балаң сол тілдің ырқына еріп кетеді. Бірінші кезекте орысша ойлайтын болады, ойын орыс тілінде жеткізуге үйреніседі де, қазақ тілі санасынан алшақтай бастайды. Сөйтіп, ол өз баласын орысша тәрбиелейді. Бір ғана балаңды орыс сыныбына беремін деп, ұрпағыңның қазақ тілінен қалай алшақтап қалғанын өзің де байқамай қаласың.

Күні кеше «Баласын орыс мектебіне бергендерге жаным ашиды» деп ашынып жазған қазақ азаматын сотқа беру үшін өз отандастары қол жинады емес пе? «Ел боламыз, Қазақстанда тұрамыз, ұрпағымызды тәрбиелейміз деген адамдар балаларын қазақ мектебіне, қазақ балабақшаларына беріп жатыр», - деген Елбасының сөзін мысалға ала отырып өз пікірін жазған Аятжан Ахметжанұлы қазақ бауырларынан балаларын жай ғана қазақ мектебіне беруді сұраған еді. Алайда орысқұлдарымыздың көңіліне жақпай қалған болу керек, сотқа беруге дейін барған. Елдегі мемлекеттік тілден өзге тілдің басымыдығын көрсететін бірден бір мысал осы емес пе?

Ал қазақ халқы қай кезде өз баласын қазақ мектебіне, қазақ балабақшасына береді? Менде бір жауап: билік жүйесі түгел қазақ тіліне көшкенде! Жоғарыда отырған қаншама дөкейлердің тіл жағдайын айтпасақ та түсінікті, қазақ тілінен хабары жоқтар да жүр, бір параққа қазақ тілді мәтінді көшіріп алып ежелеп оқып шығатындары да жетеді.  

Ресей басшысын мысалға келтіргенім, Ресейде тілді берік ұстану биліктен бастау алған. Билік пен халық бір-біріне бағынышты, бірінің айтқанын екіншісі бұлжытпай орындауы тиіс. Оның қай ұлт екені маңызды емес. «Алдыңғы арба қайда бастаса, соңғы арба сонда» жүрмеуші ме еді?! Ресей халқы биліктің ырқына еріп, өздері мемлекеттік тіл санайтын орыс тілімен қарым-қатынас жасайды. Кез келген қызмет орыс тілінде көрсетіледі.

Біздің басшының бір-ақ ауыз сөзі болса, шіркін... «Тек қана қазақша сөйлейміз» деген... Бәрі басқаша болар ма еді?! Ата-ана баласын қазақ балабақшасына беріп, болашағына алаңдамас еді. Кез келген қызмет көрсету орталығына хабарласқанда телефонның арғы жағынан: «Қайырлы күн! Сізге қандай көмегім қажет?» деген дауысты еститін бе едік?! Бір-ақ ауыз сөз...

Гүлім ЖАҚАН

Gulim Zhaqan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір