• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 08:01:39
Алматы
+35°

25 Сәуір, 2017 NEWS

ВАСИЛИЙ НИДІ БОСТАНДЫҚҚА ШЫҒАРҒАН БИЛІККЕ ХАЛЫҚТЫҢ ӨКПЕСІ ҚАРА ҚАЗАНДАЙ

2016 жылы күздің басында өте қомақты парамен білдей басшы ұсталған еді. Ол миллион теңге емес, миллион доллар пара алған. Қорғас халықаралық шекаралас...

2016 жылы күздің басында өте қомақты парамен білдей басшы ұсталған еді. Ол миллион теңге емес, миллион доллар пара алған. Қорғас халықаралық шекаралас ынтымақтастығы орталығының президенті болған Василий Нидің есімі сол кезде БАҚ беттерін жаулаған, араға жарты жыл салып есімі қайта атала бастады. Бірақ, бұл жолы қылмыскер ретінде емес, күнәсінен арылып, ары ақталған азамат ретінде.

Сол кездегі ақпаратқа көз жүгіртсек, Қорғас орталығының басшысы жай ғана емес, бопсалау арқылы өзіне бағынышты инвесторлармен жұмыс бөлмінің жетекшісі Махаббат Сайдуллаева арқылы «Хоргос Тюльпан» ЖШС-нің өкілінен тендер нәтижесін оң шешіп беру үшін бір миллион доллар пара алған. Пара «Хоргос Тюльпан» халықаралық орталық аумағында 5-санатты қонақүй кешенін салу конкурсында жеңіп шығу үшін берілген. Сөйтіп, Ни мырза қылмыстық кодекстің 366-бабының 4-тармағында көрсетілгендей «аса ірі көлемде пара алу» бойынша күдікке ілініп, он жылға бас бостандығынан айырылған еді.

Иә, талай жылдан бері жемқорлықпен күресіп келе жатқан мемлекет үшін пара алған әр азамат «қауіпті адам» болып саналды. Тіпті, кей мемлекеттер пара алған адамды ойланбастан өлім жазасына кеседі. Себебі, пара алу – қоғам үшін нұқсан тигізетін әрекеттердің бірі. Сондай қомақты сомада пара алған азамат жарты жылға жетер-жетпес уақытта босап шыға келді. Бұл жөнінде 24 сәуірде Алматы қаласының қылмыстық істер бойынша сот алқасының төрағасы Бақытжан Қарманов айтты. Оның үстіне, инвесторлармен жұмыс бөлімінің басшысы Махаббат Сайдуллаеваның да қылмыстық жауапкершіліктен босатылды.

Соңғы бір айда елімізде халықтың көңіліне жағарлық қаншама өзгерістер, заңнамалар, ұсыныстар бой көтерді. Халық қатты қуанып кеткен болу керек, көңілін селдей басқан мына жаңалық қоғамды дүрліктіріп жіберді.

Соттағылар ресми сауалға берген жауаптарында былай деп ақталған: «Прокурордың өтініші бойынша және сотталушылардың осыған дейін сотты болмауына, жұмыс орны мен тұрғылықты жерінен жағымды пікірлер болғандықтан және сотталушы Сайдуллаева Махаббаттың асырап алған кішкентай баласына байланысты сот ҚР Қылмыстық кодексінің 65-бабының 1-бөлігі негізінде жауапкершіліктен босатты».

Мұндай күтпеген шешім елімізді есеңгіретіп жіберді. Халықтың қарсы пікірі қарша жауды. Ендігі кімге сенерін білмей дал.

Бір қызығы, депутатар арасында осы шешімді қолдап, дұрысқа санағандар табылып жатты. Мәселен, ҚР Парламнт Мәжілісінің депутаты Владислав Косарев Василий Нидің  қылмыстық жауапкершіліктен босатылуын дұрыс деп санайды екен.

Депутаттың сөзіне қарағанда, қазіргі уақытта ақшаны қайтарса, босатуға болады деген құқық бар. «Ақшаны қайтарсын да, кете берсін» дейді Косарев. Ойлап қарасақ, параны алатын да, беретін де – басшылар, компания президенттері сынды ақшадан тарықпай жүрген азаматтар емес пе? Пара алып, оны қайтарып берген жағдайда жазадан құтылатындай болса, онда жемқорлық жойыла ма елімізде? Алған параны қайтаруға бай-шонжарлардың қауқары жетері анық. Содан кейін тағы да пара алмасына кім кепіл?

Биліктің бұл шешіміне халықтың өкпесі қара қазандай. Заңға сенген қарапайым жұрт ендігі сенімінен айырылғандай. Қандай мәселе болмасын әділетті жолмен шешуі тиіс соттың істегені мынау болса, әрі қарайғысын елестетудің өзі ауыр.

Халықтың атынан сөйлеу керек депутаттың мына пікірі қалың жұрттың ызасын келтірді. «Қазақтың намысы қашан оянады?» деп жан айқайын жеткізіп үлгеруде.

 «Әділетсіздіктің туы желбіреп тұр» дейді енді бір оқырман. «Ұсақ түйек қылмыспен ұсталғандар 7-8 жыл арқалап кетеді, ал миллиондап жегендер оңай құтыла салады. Осыдан кейін халықтан қандай бпікір күтесіздер, құрметті жоғарғы жағтағы шенеуніктер? Не болып жатыр біздің елде?» деп басталған пікірлер сарыны әлі де жалғасын тауып жатыр.

Тіпті, кей азаматтардың ақша тауып, еңбек етуге қауқары қалмады. Ерлан Оспан атты Фейсбук қолданушысы өз парақшасында Нидің босатылуын сұмдыққа балап, ендігі жұмысқа ниеті жоқ екенін жеткізіп қалды: «Соңғы кездері белсенді боп кеткен прокуратураға ақпараттық немесе корпоротивтік соққы ма? Жеке өзім үшін 1 миллион долларда тұрған ештеңе жоқ. Біреулердің қызының ұзату тойына немесе Дубайдың мұнараларынан шашып жүрген ақшасы. Ал символикалық мәні сұмдық. Дискредитация? Ұқсайды... Месседж? «Үлестігрелердің» әрекеті? Мүмін жай қалжың... Бірақ расы керек – жұмысқа енді зауқым жоқ», деп аяқтады ойын оқырман. Бұл басы ғана. Биліктен күдер үзген халықтың қарасы әлі де жетеді.

Өз парқшасында Бағлан Алшабеков есімді Фейсбук қолданушысы ойын мысқылмен жеткізді: «Қазақ жерін қорлаған емес, қорғағандар сотталады». Қорғас шекара маңы ынтымақтастық халықаралық орталығының бұрынғы басшысы Василий Ни ішінен: «қазақтың соты «ӘДІЛ» екен», - деп үйінде шалқайып жатқан шығар» дейді күйінген оқырман.

Әлбетте, сөзінің астарында сот шешімінің қаншалықты әділетсіздікке барып тұрғанының нақ айғағын көре аламыз. Бағаны халық береді.

Ал Руслан Түсіпбеков есімді оқырман, заңгер парақшасында 24 сәуірді «Өлім күні» деп атады. «Бүгінгі күн Қазақстанда әділ соты құдайы – Фемида өлген күн. Онымен бірге заңға деген сенім, қандай қылмыс болса да, ақыр түбі жазасын тартады деген сенім де өлген күн. Мемлекетке әділдік кепілі деген сенім өлді. Василий Ни атты Қазақстан азаматы, мейлі қандай қызметте болсын, мейлі туыстары кім болсын – ол онша маңызды емес, 1 миллион доллар пара алғаны үшін қылмыстық жауапкершіліктен босатылды. Сондай-ақ, оны біреу арандатқаны да, саяси тартыстың құрбаны болғаны да маңызды емес, өйткені пара алғаны құжаттармен нақты дәлелденген» деп бүгінгі уақытқа дейін ұсақ парамен ұсталып, 3 жылға бас бостандығынан айырылған азаматты есіне түсірді. Әрі қарай ойын былай қорытындылады: «Егер бұл шешім заңмен қаралған мерзімде қайта қаралмаса, онда Қазақстанда құқықтық мемлекет жойылды деп сеніммен айтуға болады. ҚР азаматы және заңгер ретінде Ниге қатысты үкімді қайта қарауды талап етемін!».

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма төрағасының орынбасары Мұрат Әбенов те үнсіз қалмады. Әділетсіздікті сынаған Әбенов миллион доллар парамен ұсталып, жақсы мінездемесі үшін Василий Ниді босатқан сот шешімін түсінбей дал. «Енді ол мемлекеттік қызметте жұмыс атқара алады, Қазақстанның сотталмаған ары таза азаматы болып шыға келді» деп ашуланған Мұрат Әбенов $900 пара алып 3 жылға түрмеге тоғытылған, бүгінде қауіпті қылмыскер саналған мектеп директоры ақтөбелік 34 жастағы Айдархан Әзімбаевты мысалға келтірді: «Оның жасы небәрі 34-те. Кәмелетке толмаған балалары бар. Зейнеткер ата-анасымен бірге тұрады, алайда 3 жылға сотталып, дүние-мүлкі тәркіленіп, білім беру саласы бойынша жұмыс істей алмайтын болды. Ал миллион доллармен ұсталған Қорғас басшысы сот шешімімен бостандыққа шықты. Ешнәрсесі тәркіленбеді, мемлекеттік қызметке қайта баруына болады».

Ал твиттердегі парақшасында Әбенов бұл күнді тарихта қалатын шешім шығарылған күн деп бағалады. «1 миллион пара алған Василий Нидің күнәсі кешірілді. Пара алғыштар тойлап жатқан шығар».

Фейсбук қолданушысы Самат Нұртазаның осыған байланысты пікірі төмендегідей:

 «1 миллион доллар пара алған Василий Ни бостандыққа шықты. Жемқорлық деген айыппен қамалған Қажымұрат Үсенов те түрмеден босады. Не дейміз? Жемісті болсын, бақытты адамдар! Енді босамаған Талғат Ермегияев ғана қалған шығар. Әйтеуір шығарған соң барлығын щығармадыңдар ма?».

Бұл жариялағанымыз қарапайым халық тарапынан туындаған пікірдің бір бөлігі ғана. Әлі де жалғасын табары анық. Әділеттілікті талап етіп, өз ойымен бөліскен қалың жұрттың жанайқайы биліктің құлағына жетер деген үміттеміз. 

Қамшыгер: Гүлім ЖАҚАН

Gulim Zhaqan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір