• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 08:23:49
Алматы
+35°

04 Наурыз, 2016 NEWS

ҚАЗАҚ ЕЛІНЕ ТҮРКИЯДАН КЕЛЕР ҚАУІП ҚАНДАЙ?

Өтүкен орманынан Көкбөрінің уызын еміп, өріп шыққан Түркі баласы бүгінде Жерорта теңізі мен Қиыршығыс Азияға дейін жайылған. Арғы-бергі тарихты термелеп,...

Өтүкен орманынан Көкбөрінің уызын еміп, өріп шыққан Түркі баласы бүгінде Жерорта теңізі мен Қиыршығыс Азияға дейін жайылған. Арғы-бергі тарихты термелеп, Көктүріктен бүгінгі күнге дейінгі талай аңызға бергісіз бабалар ерлігін жырлауға болды. Түрік тайпалары ат үстінде жер шайқалтып, Азия мен Еуропаны тітіретіп қана қойған жоқ, өсіп өнді, таралды, алып империялар құрды. Солардың ішінде тарихта ойып аты қалған - Османлы империясы. Оның орнына ту тіккен – 93 жыл бойы алқызыл байрағы желбіреп келе жатқан Түркия Республикасы.

«Түркия Республикасын құрған Түркия халқының аты Түрік ұлты болып табылады». Бұл Мұстафа Кемал Ататүріктің сөзі. Түркия Конституциясының 6-бабында ұлттық мемлекет екенін жазған. Экономикасының біршама қуаттылығымен де, G20-дан ойып орын алған танымалдығымен де өзге түркі елдеріне үлгі. Соңғы ширек ғасырда аталмыш кеңістіктің сауда экономикалық, саяси, мәдени, ғылыми қатынастары қоюлай түсті. Біз, бүгін осы саяси байланыстарға өзге қырынан қарап көрміз. Ол ешкімнің ойына келмейтін Түркияда қалыптасқан жасырын агрессиялық пиғыл. Яғни, өзге түркі елдеріндегі табиғи байлық пен жерді пайдалану, әрі тұрғындарын түрік ұлтына айналдыру. Түркияны өзге түркі елдері аға көретіні рас, алайда, олар өздерін қандай «аға» сезініп жүр?

«...Алтайдың алтын Күні еркелетіп,

Келгенде жолбарыс боп, жаңа ержетіп,

Ақ теңіз, Қара теңіз ар жағына,

Бауырым, мені тастап қалдың кетіп...», - дейтіні бар М. Жұмабайұлының.  Сол бауырымыз бауырлыққа лайық әрекет етіп жүр ме? Қазақстан аяғынан тік тұрған алғашқы жылдарда сапарлай келген Түркия президенті Тұрғыт Өзалдың «бірігу» туралы сөзіне «кеше ғана бір ағаның «қамқоршылығынан» шықтық, енді өз бағытымызбен өмір сүрейік» деп айтқан еді Нұрсұлтан Әбішұлы. Бұл, көреген Елбасының Түркияның Қазақстанға көздеген агрессиясына жасаған алғашқы тосқауылы болатын. Сол тұстан басталған Орта Азияға, өте-мөте Қазақстанға бағытталған «иемдену» агрессиясын төмендегідей тарқатып көрейік:

Ғылым-білім агрессиясы

Түріктердің ең алғашқы болып қолға алғаны Қазақтардың оқу-ағартуына араласуы болды. 1992 жылы алғашқы Қазақ-Түрік лицейі ашылды. Былай қарағанда тәуір-ақ дүние болып көрінгенімен, Кентау қаласынан бастап бой түзеген осынау «түрік лицейлері» алғашқы түлектерін тәрбиелеп шыққаннан бергі 20 жыл ішінде 28-ге жеткен. Аталмыш мәліметті Түріктердің танымал діни көсемі Фетхуллаһ Гүленнің http://fgulen.com/ сайты жазады. Әлемнің 170 елінде лицейлер ашқан Гүленнің «Қызметіне» бағынышты осы түрік оқу орындарына түсудің өзіндік шарттары бар. Оған тек қатарынан оза шапқан зейіні мықты балалар ғана түседі. Ал, осы оқу орындарына түсуге «бағы жанғандар» басқа қазақ мектептерінен артық «білім алуымен» қатар, дін саласын «жетік» меңгеріп, «Қызметтің» ақ-адал мүриті болып жетіледі. Түркияның дінді де қару етіп отырғаны туралы бөлек жазамыз. Түрік лицейлерін бітірген оқушының барлығы негізінен «Қызметке» қатысты жоғары оқу орындарына қабылданып, «шыңдала» түседі. Осы «Қызметтің» ҚТЛ-дері білім «беріп» қана қоймай, жыл сайын түрлі деңгейдегі олимпиадалар, тіпті жыл сайын «қыз сынын» өткізіп, қазақтың дарынды балалары мен аруларын сұрыптап келеді. Бұлар жыл сайын әлдебір қазақтың ақын-жазушыларын, журналисттерін Түркияға сапарлатып апарып жатады. Гүленнің кітаптарының тұсаукесерін жасап, жиналыстар өткізеді. Соның бәрінде қазақ руханиятының өкілдері топ-тобымен жүреді. Діни басқармада, Түрлі ЖОО-ларда, Тіпті ҰҚК-нің өзінде осы «Қызметтің» түлектері жетерлік. Алдағы уақытта мектептерін әлемнің 230 елінде ашуды көздейтін «Қызмет» былтыр «Selam: Bahara Yolculuk» атты кино түсіріп, онда Совет бұғауынан босаған елге барып, «құтқарушысы» болғандай образ жасады.

Анкарада Премьерге тіке бағынышты YTB (Yurtdışı Türkler ve Akraba Topluluklar Başkanlığı – Шетелдегі түріктер және туысқан қауымдар басқармасы) дейтін қоғамдық мекеме бар. Түркиядағы ISAP-тің (Халықаралық студенттер ассоциациясы платформасы) 2015 жылғы рапортында, осы мекеменің 15 мыңға жақын шетелдік студентке шәкіртақы бергені және Түркияда ешқандай шәкіртақысыз 55 мыңға жуық шетелдік студент оқып жатқаны айтылған. Аталған платформа Түркияның шетелдік студенттер санын 250 мыңға жеткізуді көздеп отырғанын да жазады. Алайда, YTB мекемесі өзіне қай елден нақты қанша студенттен оқып жатқаны туралы ашық мәлімет таратқан емес. Бір анығы, 2000 жылдары Түркия түркі елдерінен келген елдерге «Түрік сойлы» деген куәлік беріп, оларды құқығын Түркия азаматтарымен тең көретін, олар көптеген оқу ақысынан, салықтардан босатылатын. 2010 жылы YTB құрылған соң, қабылданған студенттердің жалпы саны айтылғанымен, елдердің үлестік саны айтылмайды. Степендиялы және степендиясыз келетін студенттер Түркияда қалай білім алады?

  • Түркия өзіне пайдасыз нәрсеге қаражат салмайды. Оғыз сойлы түркі елдерінің саудаға епті болатыны бізге аян. Пайдасыз іске бас сұқпайтын түріктер, Түркияға Қазақстаннан келетін студенттер арасында қыз балаларды өте көп қабылдайды. Орта Азиядан келген қазақтың, қырғыздың, өзбектің қыздарына жеп қоя жаздай сұқтанып, өліп-өшіп қарайды. Степендиямен оқуға келетін қыз балалардың үлесі ер балалардан әлдеқайда көп. Алғашқы он жылдықта Түркияға білім алуға келген қыз балалардың 2/3-і Түркияда тұрмыстанып қалғаны туралы бейресми ақпарат бар. Қазақшаға бір ауыз тілі келмей жүрген қыз бір-ақ айда түрікше сөйлеп шыға келеді. Бұл түрік елінің өзін «керемет ел» көрсете білуінің жемісі. Қазақ қыздармен үйлену туралы түріктер арнаулы құқықтық сайт ашып, мәселенің оң-солын зерттеп тастаған.
  • Бұл мәселенің бірінші шеті болса, екіншісі Қазақстанға оқумен барған, жұмыс істеуге барған түріктердің, дөнер сатып, құрылыс салып, шала сауатты дінін таратып жергілікті қыздармен үйленіп, Қазақстан Азаматтығын алып жатқандығы. 50 жыл бұрын нәпақа іздеп, бірлі жарым болып сабылып, Германия барған түріктердің бүгінде саны 5 миллионға жақындап қалған. Оның ішінде Германия азаматтығын алып алғандары 3 миллионның үстінде.

Олар саяси оқиғаларға белсенді көзқарас танытып, құқығын құрып, наразылық жиындарын өткізіп жатады. Жай ғана елу жылдың ішінде Германиядай алпауыт елдің халық санынан 6 пайыздық үлес алып алған Түріктер, Қазақстанда да жан саны көп 9-ұлт. Олар қазақ қыздарын жар ету арқылы Қазақстанда көбейе түсуді көздейді. Алдағы уақытта саны миллионға жетсе автономия сұрап, түрік тілін қатынас тілі етейік деп жүрмесіне кім кепіл?

  • Тағы бір білінбейтін үлкен агрессия – Түріктердің қазақты – қазақ түрігі, қазақ тілін – қазақ түрікшесі деп оқытатыны. ҚР Конституциясының 7 бабы, бірінші тармағында «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттiк тiл - қазақ тiлi» деп көрсетілген. Ал, осы Атазаңымызды әзірлеуге негіз болған Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тәуелсiздiгi туралы ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ ЗАҢЫ қазақ ұлтының өзiн-өзi билеу Құқын растайды. Ол жерде ешқандай да қазақ түрікшесі, немесе қазақ түрігі деп тұрған жоқ. Бір елдің конституциямен бекітілген тіліне «түрікше» сөзін жамап алуы, ұлт атын өзгертуі  Түркияның ең үлкен «иемдену» агрессиясы, Қазақстанның Конституциясына құл сұғу болып табылады.
  • Османлы империясы кезінде ғалымдар телескоп жасап, Коперниктен 100 жыл бұрын аспан денелерін зерттей бастапты. Сонда Халифа «аспанға аспаппен телмірмеңдер, періштелердің әурет жерін көріп қоясыңдар» деп тиым салыпты деседі. Алып империя Османлы кезінде ғылым қалай мешеу қалса, Түркия да ғылымның отаны емес, 90 жылдық тарихы болса да техникалық базасы қалыптаспаған. Оған дәлел ретінде бүгінгі күнге дейін бірде бір ғарышкері болмағанын айтуға болады. Түркияда ғылымның тілі ағылшын кең таралмаған. Тек 3-4 университеті ғана ағылшын тілінде сабақ береді. Қазақстан сияқты ғылыми базасы орыс тілі негізінде қалыптасқан Постсоветтік ел үшін, баласы қанша жерден Түркиядан қызыл дипломмен білім алып келсе де, елге пайдасы тие қоюы екіталай. Себебі түрік тілі Түріктер жұмыс істейтін құрылыс саласында болмаса Қазақстан үшін ешқандай маңызға ие емес. Оқуға келген кейбір студенттер Қазақстандағы Түрік мектептерінің, Колледж, Университеттер ректорларының алдауымен, өтірік жөн сілтеуімен «тегін оқу, үйренуге жасалған жағдай» дегенге алданып келіп қалады. Түркиядан сені күтіп алады деп, бесіктен белі жаңа шыққан қазақ баласының қалтасынан 2-3 мыңдап доллар қағып қалатын да солар. Ал, екінші шетінен Түркияға оқуға келген балалардың 100-де тоқсаны дерліктей дін мен тіл сияқты гуманитарлық саланы оқиды.. Солардың ішінен жарытып бір түрколог шықпағанын былай қойғанда, Қазақстан, қырт дінтанушылар мен философ, филологтарға еш мұқтаж емес екені ащы ақиқат. Техникалық мамандар ауадай қажет болса да, Қазақстанның Білім Министрлігі сияқты ресми органдар шетелден білім алуға кетіп жатқан жас отандастарына дұрыс бағыт сілтей алмай отыр. Тіпті Түркиядан оқып жатқан мамандардың елге қайтып, дипломымен жұмыс істеп жатқаны да аз. Дерлік сөз қуып немесе сауда қуып, әлде бір қалталы түріктің Қазақстандағы өкілі болып қана оралады. Ал, осындай гуманитарлық мамандықтарға оқуға келгендерге жетекшілері түгелдей тауық қорасынан бастап, жертөлесіне дейін не бар екенін жаздырып, Қазақстанның арғы-бергі мәселесін зерттетіп, диплом дайындатады. Тіпті, олардың бармаған тақырыбы жоқ, қазақ деген елдің тарихқа табалдырық аттағанынан бастап, не қиындық көргені, кіммен дос, кіммен дұшпан болғаны, не жегені, неге қолжеткізгені туралы, Қазақстанның өзінде ашылып зерттелмеген Алашорда алыптары туралы да зерттеулер жасалып тастаған. Қай аймақтың топырағы құнарлы, қай жердің астында не бар, үстінде не бар екені де оқуға келгендердің «терең зерттеуімен» түріктерге әбден аян болған. Түркияда шәкіртақыны тек мемлекет қана төлемейді. Студенттерге қолдау көрсететін түрлі қоғамдық ұйым, қорлар көп. Үздік үлгеріммен қоғамдық ұйымдардың шәкіртақысын иеленуге болады. Әрине, шәкіртақы бергендердің өз жасырын мүдделері бар. Шәкіртақы беріп, «дамымаған» елдерден келетін студенттерге көмектесетін діни топтар жеткілікті.

Діни агрессия

Бұл енді үлкен тақырып. Алдымен Қазақстанда тиым салынған діни ұйымдарға тоқталайық:

  • «Орталық Азия можахедтер жамағаты» халықаралық террористік ұйымы «Әл-Каиданың» құрылымдық салаларының бірі болып саналады.
  • «Шығыс Түркістанды азат ету ұйымы» Түркияда 1996 жылы пайда болды. ҚХР СҰАР және Орталық азиялық мемлекеттердің аумақтарында әскери күрес пен террорлық актілерді жасау арқылы дербес мемлекеттерді қалыптастыруды мақсат етеді.
  • «Күрдтік халықтық конгресс» («Күрдтік жұмысшы партиясы») 1978 жылы қалыптасты және содырлық құрылымдары бар әскери-саяси ұйым болып табылады.
  • «Боз Гурд» (Бозқұрт) – бұл 1948 жылы Түркияда пайда болған радикалды пантүркілердің әскери ұйымы. 1968 жылы «Ұлы идеалистік бірлестік» және «Түркілік демократиялық идеалистік бірлестіктердің федерациясы» деген екі жартылай әскери ұйымдармен бірікті.

Осындай Қазақстанда қатаң тиым салынған діни террорлық топтар және Қазақстанда еркін әрекет етіп жатқан Гүленші «Қызмет», Сүлейменші, Нұршы сияқты ондаған жамағаттардың түбін қазсаң діни көсемдер шығады. Терең қаза түссең Америка сияқты батыстық күштер шығады. Негізінен дінді қару етіп, кембағал, төмен күнкөрісті жастардың осал тұсын пайдаланып, «қамқор» бола отырып өзіне «әскер» етеді. Осынша жамағат бір Ислам дінін әртүрлі үйретеді. Осылардың бәрінің қаржылық көзі жұртқа белгісіз. Түркия билігіндегі лауазымды адамдарың көбі әртүрлі жамағат пен топтарға қызмет ететіндіктен бұлардың ел аумағындағы жұмысы негізінен еркін өрбиді.

Қызмет туралы жоғарыда айттық, Сүлейменшілер - ел аумағында түріктің діни пансиондарын сонау Тәуелсіздік алған жылдардан бері жыпырлата ашып, қазіргі кезде ең көп діни пансион ұстайтын діни ұйым. Бұларды ел ішінде сүлейменшілер деп атайды. Қазақ балаларын дінге үйретеді, Түркияға діни оқуға жібереді. Түркияда екі миллиондай мүшесі бар, АҚШ, Германияда өкілдіктері бар. Тамырын өзге елдерде жая түсу үшін жасырын жұмыс жүргізеді.

Мазары құлатылып, сүйегінің қайда қалғаны белгісіз Сайд Нұрсидың Нұршылар жамағаты болса, 1996 жылғы Түркия діни басқармасының мәліметі бойынша 12 топқа бөлінген. Тарау-тарау болып, тамырланып алған. Әрбір жамағаттың құрушыларының тарихы да құпиялы, жұмбаққа толы. Діни насихатшы өз елінде ықыласқа бөленіп, құлшылығын өтеп тыныш жатса керек, атын атап, түсін түстемесек те, Түркиядағы жамағатшылардың бір көсемі шетел асып, тасадан тас атып отырса, бірі кезінде Түркияның билігімен жақын қатынаста болып, кейін билік тарапынан қудаланған. Бозқұрт сияқты топтар өскелең жастардың таным-түсінігі қалыптасып үлгермеген тұсын пайдаланып, өз мүдделерін сіңіріп, бар пиғылын жүректеріне таңып жібереді. Түркия сонау Османлы кезінде халифалықты ұстаған кезінен-ақ халықтарды басқаруға дінді өткір құрал етіп пайдаланып келеді.

Қазақстанның ең үлкен жан жарасы 500-ден астам отандасымыздың аман күнде Сирияға соғыс іздеп кеткені. «Жаннат» аңсаушылардың дені Түркия арқылы Шам еліне өткені белгілі болды. Осы Сириядағы Азаматтық соғыстық тууына түрік Көсемі Ердоғанды себепкер ретінде көрсететін аргументтер бар. Сүнниттер мен Шейіттер арасындағы діни көзқарас қайшылығын пайдаланып, Шамды оппозиция, билік тарабын ұстанған екі жарылған Азаматтық қоғамға айналдырған себеп - Түркияның Османлы кезіндегі Шам топырағын, дәлірек айтқанда қазба байлығына үстемдік ету туралы пиғылы деп жазды көптеген ақпарат құралы. Бұл, біздің тақырыбымызға қатыссыз, Алайда, осындай Азаматтық соғыстарға «Ирак Шам Ислам Республикасы» деген атаумен киліккен діни, ультра радикалды террористтерін қаржыландырушы, құралдармен жарақтандырушы Түркияның билігі деген ресми айыптаулар да бар. Оны жақында ғана Путин айтты. Путиндікі жөн деп отырғанымыз жоқ, солай болса да Түріктердің әйтеуір шығысы тыншымай-ақ қойды. Не де болса, осындай дін тамырлы саяси лас іске жекелеген мемлекеттер кінәлі болып қалмауы үшін, басын арашалап алуы үшін әр елден жастарды барынша тарта түседі. Олардың оңай жемтігі болатын да қаржылық көмекке мұқтаж, әлеуметтік деңгейі төмен отбасынан шыққан жастар.

Түркия мен Таяу шығыста сақалын салалап сипалап, пәниге бақұлдық беріп, бір жола «жаннатқа» ниет етіп алған діндәр жастарды былай қойғанда, оқыған мамандығының дипломымен қоса, әлде бір топтардан міндет арқалап келген жастар да Қазақстанда жасырын үгіт-насихаттар жүргізеді. Олар, діни тұрақтылыққа, ішкі тұтастыққа қарсы қызмет етеді. Кейбіреуі өзінің сондай қызметінің зардабын білместен, білім алған жерінде көзін тұмшалап жіберген надандықпен істеген ісінің парқын айырмай елі мен жеріне зиян тигізеді. Бір Құранды мың езіп, бір Исламды мың умаждап жіберетін дүмше діндарлар әлдебір хадис пен тәпсірдің соңына түсуге арнайды бар ғұмырын. Мұсылмандардың біркелкі еместігін Исламды дінін ұстанатын Египет, Сауд Арабия, Пәкістан, Иран, Түркия сияқты елдердегі мұсылмандық ғұрпы мен көзқарасының әр түрлілігінен байқауға болады. Діни алауыздық деген түсініктің өзі болмаған қазақ даласында да осындай ала-құла діншіл елдерден ілім алғандар халықты «қырық пышақ» етті. Яссауи ілімінің Кіші Азияға гүл боп жайқалған дін ұстану үлгісі, бүгінде Орта Азияға тікен болып оралды.

Мәдени агрессия

Жоғарыда түріктердің қазақтың бар дүниесін зерттетіп жатқаны туралы айттық. Олар, қазақтың кез келген батырын, қоғам қайраткерін, саяси тұлғасын, тіпті ақын-жазушысын түгелдей түрікші, тұраншы етіп көрсетіп келеді. Қазақтың салт-дәстүрімен ұлттық бұйымдарын, халықтық ерекшелігін өзіне тән санап, қазақты түріктен айырылған ұлт ретінде көрсете бастады. Түрік қағанаты кезіндегі «түрік» ұғымы мен Түркияның «түрік» ұлты арасында атау ұқсастығынан басқа ешқандай байланыс жоқ шындығында. 15 ғасыр бұрынғы қағандық аты сол кездегі тұтас түркі тайпаларының жиынтық атауы болатын. Ал қазіргі түріктер, сол ру-тайпалардың мың саласының бірі ғана.

Мәдени иемденушілігін БАҚ арқылы, Кино сияқты өнер арқылы халыққа тағып, Домбыраны өз аспабымыз деп, «Тірілу Ертұғырыл» сияқты сериалында киіз үйді өзіміздікі деп көрсетіп жатыр. Ондағы ою-өрнек, халықтық құндылық түгелдей түрікке тән болып кете берген. Бұдан сырт, Түріктің қаптаған сериалдары қазақ экранын әбден жаулап алды. Олар, батыстанып кеткен тұрпайы мәдениетті насихаттап келеді.

Экономикалық агрессия

Гүлен сайты бір материалында Астананы 70 пайыз «Түрік мердігерлерінің қолтаңбасы» деп жазып, түрік бизнесмендерінің қол ізі қалғанын мақтан етеді. Елдің осылай маңызды, майлы салаларын ұстап, құрылыс пен түрлі бизнес кеңістігінде орын теуіп алған түрік бизнесмендері қазақтың ақшасын қап-қап етіп әкетіп жатыр. Өзінің халық саны өскен сайын қазақтың шұрайлы даласына, мұнайлы даласына ауыздарының суы құрып қарайды. Егінін орсам, мұнайын сорсам деп тамсанады. Әттең ортақ шекара жоқ, біраз алыста, болмаса көшіріп кетуге бар. «Түрік бірлігі», «туысқандық» дегенді желеу етіп қазақтың байлығын арзанға пайдаланғысы келеді. Түрік жеріне келе қалсаң «қардашпыз» деп арқаңнан қағып, иіліп қанша ілтипат көрсеткен болса да, қойынындағы бақай есеп жазған дәптері жылтиып тұрады. Жоғарыда жазып кеткеніміздей, шақырып алып оқытқан қазақтың өзіне қай жерінің құнарлы, қай жерінің мұнайлы екенін түгел жаздырып алған түріктер Қазақстанға келсе қазықты қайда қағуды біледі. Ағалап, көкелеп, бауыр деп, туыс деп кіріп алған кейбір Түрік фирмалары мемлекеттік салықта да айтарлықтай жеңілдікке ие.

 

Территориялық, Саяси агрессия

Түріктер өз қоғамына сырттан келген өзге ұлт өкілдеріне, тіпті босқындар мен келімсектерге ешқашан қауіптеніп қараған емес. Бәрібір 30-40 жыл ішінде оларды «жұтып» түрік жасап алады.

Қытай сияқты алып империяның астында жасаса да 2 миллион қазақ тілі мен дінінен адасқан жоқ. Ал, бауырлас деген Түркияда соңғы алпыс жылда ғана ғұмыр кешкен 50 мыңға жетер-жетпес қазақтың шал-кемпірдің көзін көрген үлкендері болмаса, жастары түгелдей тілін ұмытқан, түрікке айналып, өзінің болмысынан мүлде алыстап кеткен.

Қазақстанды Османлы топырағының бір бөлшегі болған деп қойып қалатын да түріктер жоқ емес. Өзалдан  Ердоғанға дейінгі, тіпті кеше ғана елге келіп кеткен Дәуітұлына дейінгі түрік лауазымдылары өздерін қазақ «сезініп» Қазақстанды отанымыз деп кетіп жүр. Ондай сөзді қандай мағынамен айтады, ол да өздеріне аян.

 

Өздерін қанша жерден бауырмыз, туыспыз десе де, Түркияның бүгінге дейін Қазақстанға жіберген елшілерінің бірде бірі Қазақ елін силап қазақшаға сөйлемеген. Бұл туралы «Қазақстан-Түркия бизнесмендер қауымдастығының» хатшысы, жұртқа журналисттік қызметімен таныс Ахмет Алияз http://akademikperspektif.com/ сайтына берген сұхбатында айтады. Елшілікке әлдеқандай шаруамен бара қалсаңыз да, олар сізбен сіздің тіліңізде сөйлеспейді. Ал, Түркияда сізді көре қалған «оқыған» түрік, «оқығандығын» көрсетіп сізге орыс тілінде сөйлейді. Яғни, сен орысқа бодан болғансың деп бетіңе масқаралайды. «Ахмет Яссауи біздің дін ұстазымыз, кесенесі Қазақстанда жатыр. Демек ол жер де кезінде біздікі болған» дейтін талай түрікпен сөз таластырдық. Олардың айтқаны «жөн», себебі оларды мемлекет солай оқытып жатыр. Алысқа қараңдар, қол созыңдар, қол салыңдар деп жатыр.

 

Түркия шынымен озық ел ме?

Біз бұл мақаламызда көп нәрсенің басын шалдық, әрине, қазақтың «езіліп» жатқан көптеген жағдайда ерлік көрсетіп табан тірей алмағаны, өзіне қолдау көрсете алмайтын берекесіздігі кінәлі. Солай болса да, әлемнің беталысы кейін кеткен мына заманда, жеті атаң тіріліп келсе де есе жіберетін, есігіңді ашып, төріңе отырғызатын кез емес. Түркия Қазақстан үшін Қытай, Ресей сияқты саяси қорғанысты талап ететін мемлекеттердің бір ретінде бағалануы тиіс.

UNDP-нің 2015 жылғы рапортына сай, Түркия адам дамуында Қазақстаннан да кейін, 72-орында тұр.

Соған қарамастан Түркияны жер жаннаты көріп, ағылып жататындар аз емес. «Дамыған елу елдің ішіне» кіріп, әскери қуатымыз күшейіп, өзге елдің ұшағын атып түсірмесек те, экономикамыз дамып, Алакөліміз бен Бурабайға жыл сайын миллиондап туристіміз келмесе де түріктерден тәуір өмір сүріп жатыр екенбіз. Осыған қарамастан Түркия оқулықтары Қазақстанды артта қалған дамушы ел ретінде оқытады.

Қазақстанға жұмысқа келіп, кеш батса іштері пысып, уақыт өткізудің амалын іздеп, күнде интернеттен "Как дела?", "Ты красивая" деп қазақ қыздарына жазатын түрік жігіттері аз емес. Ақшасын көрсетіп әулекіленіп жүргендері де жетерлік. Түркияға демалысқа барған қыздарымыздың түрік жігіттеріне ғашық "аурумен" ауырып қалатыны еш түсініксіз. Қиырға кеткен Саха мен тілі де, діні де бөлең боп кеткен кәріс пен жапон да бізге ұқсағанда, кеше ғана атқа мініп Алтайдан Анадолыға кеткен түріктер генеологиялық түр-сипаты жағынан бізге аса ұқсай бермейді. Оғыздан тараған ұйғыр да, өзбек те, түркімен де тілі қысқарып, парсымен мәдениеті қайнасып кеткенімен түрі қазаққа ұқсас. Қазаққа ғана емес, жалпы Түрік атын иемденген ұлттың түрі бір бөлек те, өзге түркі тайпаларының Түрікке қарағанда келбет, сипаты бір бөлек. Ойлануды қажет ететін осындай мәселемен қоса, өте-мөте ата-аналарға баласын Түркияға оқуға жіберер алдында терең толғануын кеңес етеміз. Ал, билік, шетелде бакалавр дәрежесіне кететін студенттерді қатаң тексеруі керек. Сұрыптауы керек. Оқу іздеген арман қуған жастарға ел ішінде шетелдегіден гөрі жақсы жағдай жасауы, техникалық база қалыптастыруы, шәкірт жіберсе де ғылымның шынайы отанына жіберуге тиіс. Ашықауыздықты тыйып, етекті бекітер мезгілдің сағаты өтіп барады. Қазақ елі кіммен дос болса да қойнынан айбалтасын тастамауы керек...

Ертүрік Шынтүрік

Author

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір