• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 18:07:03
Алматы
+35°

02 Ақпан, 2017 NEWS

Атажұртқа миллион қазақты қосқан 25 жыл: «КӨШ ЖӘНЕ КӨШБАСШЫ» КОНЦЕРТІ(толық нұсқа)

2016 жылы Қазақтың әлемге тарыдай шашыраған қандастарын Атажұртқа шақырған ресми құжатты қабылдағанына ширек ғасыр толды. Тәуелсіздігімізбен қатар келген бұл...

2016 жылы Қазақтың әлемге тарыдай шашыраған қандастарын Атажұртқа шақырған ресми құжатты қабылдағанына ширек ғасыр толды. Тәуелсіздігімізбен қатар келген бұл мереке елеусіз қалған жоқ. «Қамшы» порталы «Көш және Көшбасшы» атты мерекелік кеш өткізді. Меркелік концерттің 18 қарашаға сәйкес келуі кездейсоқтық емес.

1991 жылы 18 қарашада Қазақстан тәуелсіздік алғанға дейін Үкіметтің «Ауылдық жерде жұмыс істеуге талпынысы бар басқа республикада, шет елдерде тұратын қазақтарды Қазақ ССР-на көшіру тәртібі мен шарттары туралы» қаулысы қабылданды, бұл қаулы қазақтардың иммиграциясын реттеп қана қоймай, сол кезде дағдарысқа ұшыраған қазақ ауылы мен ауыл шаруашылық кешендерін дамытуға септігін тигізді. Осының нәтижесінде 1991–1992 жылдары Қазақстанға 61609 этникалық қазақтар көшіп келді.

Нұрсұлтан Әбішұлының тікелей тапсырмасымен 1991 жылы 18 қарашада Қазақ КСР Министрлер Кеңесі «Азаматтық құжаттандыру туралы» арпнайы №711 Қаулы қабылдап, «Басқа республикалардан және шетелдерден Қазақстанның ауылды жерлеріне жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын Қазақстан Республикасына қоныстандыру тәртібі мен шарттарын» бекітті. Арада алты жыл өткенде, тұңғыш рет “Халықтың көші-қоны туралы” Қазақстан Республикасының Заң жобасы жасалып, 1997-жылы 13-желтоқсанда оған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қол қойды. Аталмыш Заң жобасына 2011-жылы 22-шілдеде, 2013-жыл 15-желтоқсанда және 2015-жылы 24-қарашада Парламенттің қос палатасында үш рет қайталай өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп, Мемлекет басшысы жағынан бекітілді. Соңғы рет толықтырылған “Халықтың көші-қоны туралы” жаңа Заңы 2016-жылдың 1-желтоқсанынан бері қолданысқа берілді. Міне, жаңа жылдан бері атқарылу үстінде.

1991 жылдың аяғында Нұрсұлтан Әбішұлының қазақ радиосынан сөйлеген әлем қазақтарына үндеуінен бастап, 4 рет өткен Дүниежүзі қазақ құрылтайындағы баяндамалары, парламенттік мінберде жиі жасап жүрген мәлімдемелерінде әрқашан шетелдегі қазақтарға Атажұрттың құшағы айқара ашық екенін айтты.

(Қазақ көшіне 25 жыл деректі фильмі)

Елбасы жүргізген саясат өз жемісін берді. Шетелден елге оралған ағайынның саны миллионға жетті. 1991 жылдан 2014 жылдың 1 қазанына дейінгі аралықта тарихи Отанына оралып, оралман мәртебесін алған этникалық қазақ отбасыларының саны 258 мың 786-ны құрады. Яғни, тәуелсіздік алғаннан сол күнге дейін Қазақстанға келген оралмандар саны 952 мың 104 адамға жетті. 2014 жылы 3792 отбасы немесе 8247 адам, 2015 жылы көш біраз ақсап, алғашқы тоғыз айында Қазақстанға 3012 этникалық қазақ (1164 отбасы) көшіп келген. Ал, 2016 жылы 16 мың 417 отбасы немесе 33 мың 754 этникалық қазақ тарихи Отанына қайта оралып, оралман мәртебесін алды. Миллион – әрине ширек ғасырда Атажұртқа оралған қандастардың нақты саны. Олардың демографиялық өсімімен қоса есептегенде Қазақстан халқы демографиясының 10 пайызын шетелден келген ағайындар толықтырды. Бұл әрине тойланатын жай еді.

Алматыдағы студенттер сарайында «Қамшы» порталы өткізген «Көш және Көшбасшы» атты мерекелік концертке әлемге мәшһұр дауысы бар, қытай қазақтарынан шыққан Майра Мұхаммедқызы, жезтаңдай әнші Рамазан Стамғазиев, жарты ғасырдан астам Қаражорға биін насихаттап келе жатқан Германиядан келген қандасымыз Арыстан қажы Шәдетұлы, т.б. өнер жұлдыздары қатысты. Концерт «Атажұртқа миллион қазақты қосқан» Елбасының көреген саясатына, шетелдегі қандастарға айқара құшақ ашқан халықтың ықыласына алғыс айту мақсатында өткізілді.

Мерекелік кеште Ақпарат және Коммуникациялар министрі Дәурен Абаев: «Ардақты ағайын, қадірлі бауырлар! Тәуелсіздік жылдарындағы оқиғалардың бірі және бірегейі шет жұртта жүрген қандастарымыздың Атажұртқа оралуы», - деп құттықтау сөзін арнады. Ол сондай-ақ:

«Елге ел қосылса құт» деп халқымыз айтқандай, егемендікке енді жеткен тұста алыстағы бауырлардың оралуы үлкен демеу болғаны ақиқат. Қандастар мәдениетіміз бен руханиятымыздың, экономикамыздың дамуына, тіліміздің мәртебесін арттыруға, дәстүріміздің жаңғыруына үлкен үлестерін қосып қана қоймай, демографиялық жағдайымызға да игі әсерін тигізді... Ұлы көш жалғаса береді», - деді өз сөзінде. «Қамшы» ақпараттық агенттігінің жетекшісі Біләл Қуаныш Елбасының атына дайындалған алғыс хат пен арнайы жасалған күміс зерлі қамшыны Министрдің қолына табыстады.

(«Көш және Көшбасшы» концертіне арнайы келген Ақпарат және Коммуникациялар министрі Дәурен Абаев)

Концертке «Қазақстан» ұлттық арнасы ақпараттық қолдау білдіріп, Тәуелсіздік күні мерекесіне орай эфирден көрсетті. Билеттер тегін таратылған концертке келген өнерсүйер ағайын кешті жоғары бағалады. Меркелік кеш қонақтары арасында зиялы қауым өкілдері көп болды. «Қазақстан» телерадиокорпорациясының сол кездегі төрағасы Кемелбек Ойшыбаев,  сақа журналистер – Қазақстан РТРК Төрағасының кеңесшісі Серік Аббас-шах, саясаткер Әміржан Қосанов, «Алаш Айнасы» газетінің бас редакторы Серік Жанболат, Серік Әбікенұлы, Арман Сқабылұлы, «Қазақ үні» сайтының бас редакторы Қазыбек Иса; сондай-ақ ҚР Білім және ғылым министрінің кеңесшісі Рауан Сыдықов, Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының бастығы Нұрлан Сыдықов, Алматы қаласы Тіл комитетінің басшысы Мамай Ахетов, ҚР СІМ Алматы қаласындағы өкілдігінің басшысы Арслан Дандыбаев, ҚР «Нұр Отан» партиясының Алматы қалалық филиалының атынан келген қаламгер Қайыпмұнар Тәбей, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің атынан келген журналист Мелдеш Ғалымжан, «Асыл арна» рухани-ағартушылық арнасының директоры Мұхамеджан Тазабеков кештің құрметті қонақтары болды.

«Көш және Көшбасшы» концертінің өткізілу себебінің терең мағынасын түсінген ҚР Премьер-министрінің орынбасары, Ауыл шаруашылық министрі Асқар Мырзабеков өз құттықтау хатын жіберді. Батыс Қазақстан, Ақмола облысы, Жамбыл облысы әкімдері атынан келген өкілдер де кеш қонағы болып қана қоймай, өздерімен бірге бүтін бір облыстың құттықтау-сәлемін жеткізді.

Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы дала ұлағаттары» атты кітабында: «Біздің де көші-қон шараларын мемлекеттік деңгейге көтеруіміз әбден заңды. Сондықтан да қандастарымыздың туған жерге төрт­күл дүниенің түкпір-түкпірінен қарлығаштай ұшып келгендеріне – кіршіксіз көңілдері үшін, ал әртүрлі жағдайларға байланысты жете алмай жүргендеріне – қай қиырда жүрсе де, Атамекенге деген сағыныш пен сүйіспеншілікке толы перзенттік пәк пейілдерін сарқымай сақтағандары үшін ризашылық білдіреміз. Жер бетіндегі барша шаңырақтарымыздың бәрінің де бақыты асып, ырзығы тасысын дейміз!», - деп шынайы тілегін жазып еді.

(2002 жылдың 23-24-ші қазан күндері Түркістан қаласында өткен Дүниежүзі Қазақтарының ІІ-ші Құрылтайындағы Нұрсұлтан Әбішұлының сөзі)

Міне биыл Қазақтың алғашқы республикасы Алаш автономиясының құрылғанына 100 жыл толып отыр. Сол тұста тек жүз мыңдай ғана қазақ шетелде болса,  Кеңес үкіметі көрсеткен тауқыметтен, аштық пен зобалаңнан, қуғын мен сүргіннен бас сауғалап шетке кеткен, тұрақсыз құбылған жағрафиялық картада шекара сыртында қалған ағайынның саны қазір 5 миллион шамасында. Бұл әлемдегі үш қазақтың біреуі өз Отанынан жырақта жүр деген сөз. Мұндайда әр қазақ үшін ең басты мақсат – Тәуелсіз Қазақ елінің болашағы үшін пікір бірлігі, сөз бірлігі, ниет бірлігі.  «Қамшы» порталы күн сайынғы толассыз ақпараттарын үш әліпбиде таратып отырғаны да сондықтан. «Қазақ хандығына 550 жыл» мерекелік концерті, «Қазақ дауысы» халықаралық ән байқауы, «Көш және Көшбасшы» концерті бәрі де сол мақсаттың, сол міндеттің, сол арманның жемісі, жеңісі.

(Қуаныш Алтыбаевтің орындауында Тәуелсіздік толғауы)

Ал, қадірменді ағайын! «Көш және Көшбасшы» мерекелік концерті көз алдыңызда. Ширек ғасырда Атажұртқа оралған миллион қазақтың Ел мен Елбасына білдірген ақжарма ақ тілегін Сізде тамашалаңыз. «Ұлы көш» жалғаса берсін! 

Nurgali Nurtay

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір