16 Шілде, 2024 NEWS
Қазақстанда университеттерде оқу құны тағы өсе ме?
Үкімет отырысынан кейін өткен брифингте Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек университтердегі ақылы білімнің құны қалай реттелетінін айтты.
Фото: amanatpartiasy.kz
Қазақстандағы жоғары оқу орындарындағы оқу ақысы қазірдің өзінде арзан емес. Ұлттық университеттерде баға шарықтап тұр. Жаңа оқу жылында ақылы оқу құны тағы қымбаттауы мүмкін бе? - деп сұрады БАҚ өкілдері.
– Негізгі мәселе – оқу сапасын көтеру. Біз келесі жылдан бастап берілген мемлекеттік гранттардың сомасын ұлғайтымыз. Ұлттық университеттерде биыл жылына 1,2 млн теңге болса, жалпы мемлекеттік, өңірлік университеттерде 900 мың теңгенің маңайында. Бұл – мемлекеттік гранттың құны. Бұл ақша жеткіліксіз. Былай есептеп көрсек, 2 мың доллардың шамасында, яғни, бір баланы бір жыл жоғары білім жүйесінде оқыту үшін біз 2 мың доллардан жұмсаймыз. Білім сапасы сол – 2 мың доллардың сапасы. Сондықтан қазір гранттардың құнын ұлғайтамыз, бірақ ақылы түскен балаларға қолдау ретінде оны реттеп отырмыз, – деді министр Саясат Нұрбек.
Жоғары білім министрлігінің басшысы биыл қосымша 4 құрал енгізілетінін жеткізді.
– Біріншіден, ақпан айынан «Ұлттық қор – балаларға» деген құрал басталды. Әр балаға осы жылдан бастап арнайы шоттар ашылды, ұлттық қордан түскен пайда сол шоттарға жинақталады. Екіншісі – «Келешек» жинақтаушы жүйе. Оны осы жылдың соңында бастаймыз. Үшіншісі – жеңілдетілген несиелер, оны да осы жылдың соңына дейін жоба ретінде бастаймыз. Төртіншісі – сараланған грант жүйесі. Енді жоғары балл алған, бірақ өзінің таңдаған мамандығына түсе алмағандарға 50%-75%-ға дейін сараланған гранттар береміз. Ақылы оқу құнын реттеп, ұстап тұрамыз. Тек қана университеттерге инфляцияның индексациясына рұқсат береміз, – деп түсіндірді ол.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір