05 Шілде, 2024 NEWS
Көрнекі сурет
Жақын күндері Қазақстан Республикасының «Ғылым және технологиялық саясат» туралы жаңа Заң жарық көрді. Аталған заңнаманы дер кезінде қабылдаған болашағымызды айқындайтын жаңалық ретінде қабылдаймын.
Жаһандану дәуірінде ғылымның алатын орны жоғары екені белгілі. Демократиялық қоғамда заң үстемдігі шынайы құбылыс болуы тиіс. Жаңа заңнамада елімізде жүргізіліп жатқан ғылыми-технологиялық және экономикалық саясаттың құқықтық өзара байланысы тиісті қағидалар негізінде бекітілген.
Ғылымның қоғамдағы рөлі, саяси, экономикалық, әлеуметтік дәрежесінің құқықтық табиғаты ерекше сипатта дараланған. Осы ретте заңнамада ғылыми-технологиялық ақпаратты жинауды ұйымдастырудың, өңдеудің және талдаудың құқықтық негіздері айқындалған.
Адам факторы, адам капиталы қай уақытта болсын өзінің маңыздылығын жоғалтпайтыны дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Сондықтан ғалымдардың мәртебесін көтеру және оларға қолдау көрсету мәселесі күн тәртібінен түспеуі тиіс. Отандық ғылымды дамыту – елдігіміздің, өркениетіміздің, халықаралық беделіміздің басты көрсеткіші.
Заңнамада ғылымды дамытудың жаңа қоғамдық қажеттіліктен туындаған сара жолдары айқындалып, осы шараларды жүзеге асырудағы Республика Үкіметінің міндеттері мен жауапкершілігі туралы нормалар жинағы қамтылған.
Көрсетілген нормалар тек қағаз жүзінде ғана қалып қоймай, шынайы жүзеге асыру мақсатында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы ғылым мен технология туралы Ұлттық Кеңестің қызметіне үлкен мәртебе берілген. Ұлттық Ғылым академиясының мәртебесі мен беделін көтерудің нақты, заңды жолдары анықталған. Қабылданған заңнаманың негізгі мақсаты отандық ғылымды дамыту, халықаралық қатынастарда еліміздің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету, нақты ғылыми жетістіктерге қол жеткізу, ғылыми технологиялық саясатты жандандыру, оны инновациялық қызметпен үйлестіру, қол жеткен табыстармен шектеліп қалмау болып табылады.
Заңнамада көрсетілген мақсаттарды жүзеге асыруға тек қана Ғылым Академиясы, құзыретті органдар ғана емес, бүкіл халық, қауым болып күш салуға тиіс. Осы ретте еліміздің болашағына алаңдайтын қызмет жасайтын білікті мамандарды дайындайтын жоғарғы оқу орындарының міндеті мен мақсаты, жауапкершілігі жаңа серпінге ие болуы тиіс. Бұл ретте жеке тұлғалардың, яғни оқытушылар қауымдастығының біліктілігі, өмір тәжірибелері, ғалым ретінде беделі мен орны ерекше маңызға ие болады. Заңнамада аталған тұлғалар ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметтің субъектілері ретінде айқындалған.
Жоғарыда көрсетілген міндеттер мен мақсаттарды жүзеге асыруды қамтамасыз ететін мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың мәртебелері мен өкілеттіліктері заңнамада нақты анықталған. Оларды қамтамасыз етудің құқықтық жолдары айқын сараланған. Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті қаржыландыру мәселесін оңтайлы шешу заңнамада көзделген мақсаттар мен міндеттерге уақытында және дер кезінде қол жеткізудің басты кепілі болып табылады. Замана талабына сай ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті дамытуда мемлекеттік-жеке меншік әріптестік экономиканың басым секторларындағы технологияларды коммерцияландыру мәселелерімен тығыз байланыс тәсілдерін қолдану арқылы жүзеге асырылуы тиіс.
Алдымызда тұрған болашақ, жасампаз жас ұрпағымыз үшін аса қажетті шараларды жүзеге асыру тек мемлекет тарапынан қолдау болған жағдайда ғана жүзеге асатынына кәміл сенімдімін. Заңнаманың 9-тарауы «Халықаралық ынтымақтастық» деп аталуы тегін емес. Айтылған заңнамада көзделген мақсаттар мен міндеттерді орындау барысында дүниежүзілік, халықаралық, байланыстардың рөлі ерекше екенін баса айту қажет. Заңнамада Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттардың заңды күші осы заңнан басым болады деп бекер жазылмағанын ескеруіміз тиіс.
Күні кеше ғана Астанада ШЫҰ-ның саммиті өтті. Осы мәртебелі кездесуде талқыланған мәселелер болашақ даму мен тұрақтанудың алғышарттарын белгілеп берді. Жиынға қатысқан мемлекеттер мен олардың көшбасшыларының мәртебелері Қазақстан Республикасының, мемлекет басшысының халықаралық орны мен мәртебесін тағы бір биік шынға көтерді. Заңдылық, әділеттілік пен адалдық қағидалары қоғамдық дамудың басты көрсеткішіне айналуы тиіс. Сондықтан жаңадан қабылданған ғылым және саясат туралы заңнаманы отандық ғылым саласын болашақ бағдаршамы деп қабылдайық!
Баглан Макулбеков,
Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Конституциялық және азаматтық құқық кафедрасының профессор
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір