• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

05 Қазан, 15:27:47
Алматы
+8°

02 Қазан, 2023 Барлық аймақтар

Темірқазық. Ұшқын Жамалбектің “Сарыны” Алматыны тербетті (видео)

Алматының Музкафесінде «Сарын» атты керемет кеш өтті. Иә, бабамыздың байырғы сарыны, Алаштың ұмытылмас әуені шырқалды. Қазақтың ән әлемінде өз қолтаңбасымен танылған Ұшқын Жамалбек ғасырлар бойы ұлттың жадына байланып, қанына сіңген сарқылмас сарынын жаңғыртты.

Фото: ашық дерек көзінен алынған

«Мен бағы заман Сарынының мұрагерімін. Құдай бұл әуенді, бұл ерекше сарынды жайдан жай маған қалдырмады. Менің балалық шағым, өнерге әкелген алғашқы нотамда Қазақ сарынымен келген. Ол менікі, мен оның иесімін! Мен келесі ұрпаққа қолымнан келгенше жаңартып қалдырамын. Бұл алға қойған үлкен мақсаттың ең алғашқы бастамасы», – дейді әншінің өзі.

Шынайы сөз, жүрекжарды лебіз осылай болса керек. Ұшқынның атасы Жамалбек Әбдірұлы Іле өңіріндегі атақты күйші Әшім Дүңшінің шәкірті болған. Апасы Қамыржан Текебайқызы Күнес жеріндегі жиын-тойда қазақтың халық әндерін тамылжытып шырқайтын өз ортасына сыйлы ана. «Сусамыр елдің жайлауы-ай» деп сызылта жөнелгенде тыңдарман жұрт сілтідей тынатын. Ауыл арасындағы тойларда әжелер бір-біріне ақырын ғана сыбырлап, «Абай көк» сияқты бір әуенді шырқай жөнелгенде жиналған қауым таңдай қағып, тамсанып жатушы еді... Ұшқын сондай ортадан шыққан бағзы әуеннің бүгінгі жалғастырушысы.

Қазақ эстрадасына тың серпін, жаңа екпін әкелген «Алашұлы» тобының түгелге жуық шығармашылығы Ұшқынның қолтаңбасы десек артық айтқандық болмас. Ал белгілі актер, әнші Әсет Есжанның орындауындағы «Дүр қамшы» әні ұлтым дейтін азаматтардың ұранына айналған. Бұл күнде Ұшқын Жамалбек құрған «Ugai» продюссерлік орталығы жаңа жұлдыздардың түлеп ұшар ұясы, жас өнерпаздардың қанатқақты білім ордасы болып танылды. «Мұзбалақ» сынды әндерімен «Балапан» арнасын көретін бар қазақтың баласын ұлттық әуенге тәрбиелеп келеді.

Ұшқын Алматыдағы шағын кешті «SARYN-1» деп атапты. Яғни қазақтың «сарыны» сарқылмайды, ары қарай 2,3… деп жалғасады деген сөз. Бұл кеште иісі қазаққа танымал айтыскер, қара сөздің қара нары Қайрат Құл-Мұхамет, Театр өнерінің профессоры, Халықаралық, республикалық конкурстардың жеңімпазы, Ұшқынның ұстазы Мақсұт Оразұлы жаңа альбомның тұсауын кесіп, «Сарынды» сары алтындай жарқыратқан әншіге тілек батасын берді.

Бір қуантарлығы кілең жастардан құралған кеш көрермендері ду қол шапалақпен, ерекше ықыласпен Ұшқынның әуеніне толқыды. Бұл қошамет қазақтың түпсанасына тұнған далалық әуездің тым өміршең екенін, қазақ бар жерде ұлттық сарынның ұмытылмайтынын паш етті.

Даңғой әуен, даңғаза муызкаға толған бүгінгі қазақ эстрадасы тым арзандап кеткені жұртқа аян. Осындай кезеңде сара жолын тауып, «Сарынды» қайтарған, сананы түлеткен, қарабайыр жын ойнаққа қамшы салған Ұшқын Жамалбекке қазақ баласы дән риза деп ойлаймыз. «Ел бүгіншіл, менікі ертең үшін» деген Байтұрсынұлының сөзі осы Ұшқын сияқты жастардың ұстанымы болса керек. Ұшқын жалындады, жалын лаулайды, от шоққа айналады... Алаштың ән әлеміне ерекше «сарын», айрықша әуен қосылды. Текті түйсігі, терең тамыры бар әр қазақ жарық жұлдыздың темірқазыққа айналғанын сезер деп сенеміз.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір