• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Сәуір, 11:49:08
Алматы
+35°

Қаржы мониторинг агенттігінің мәліметінше, өткен жылы 29 қаржы пирамидасы жойылып, алаяқтық схемаларды жарнамалайтын 13 000 интернет сілтеме мен аккаунт бұғатталған. Құзырлы органдардың күресіне қарамастан, алаяқтар адамдарды құрығына түсірудің сантүрлі жолын ойлап табуға шебер. Төменде пирамидаға алданып, желілік маркетингтің манипуляциясына түсіп, қарызға батқан кейіпкерлердің оқиғасы баяндалады. Кейіпкерлердің өтініші бойынша олардың есімдері мақалада аталмайды.

"Көлігімді сатып пирамидаға кірдім"

«Студенттердің көпшілігі жол-пұл табу мақсатында кафе-ресторандарда официант болып жұмыс істейтіні белгілі. Карантин уақытында жұмыс орындар жабылып, жағдай қиындап кетті. Бірақ карантин аяқталғанда бір досымыз көлігін жаңалап, өзі де өзгеріп кеткенін байқадық. Бұрындары көптің арасынан көзге түсе бермейтін ол долларлап ақша ұстайтын, тек классикалық киім киетін әдет шығарды. Оған қызыққан мен жұмысында орын болса шақыруын өтіндім. Ол сөзге келместен бірден жұмысына апарды. Бара салысымен өз тәлімгерімен таныстырып, жұмыс тәртібін түсіндірді. Тұрмыстық жағдайыммен танысқан тәлімгер осыған дейінгі адамдардың жеткен жетістігін көрсетіп, тынбай жұмыс жасаған жағдайда, бір айда жаңа көлік алуға болатынынын айтты. Кабинеттерде жаңа көлік алған, шетелге шыққан адамдардың суреттері ілініп тұратын. Кіріс кіру үшін кез-келген бизнеске инвестиция құю керегіне түрлі дәлелдер келтіріп, үлкен қаржы әкелетін бұл жұмысқа қанша құя алатынымды сұрады. Жұмысқа кіру үшін бес түрлі картаның біреуін сатып алуым керек екен, карта құны 1 миллион теңгеден бастап, 5 миллион теңгеге дейін өсе береді. Бұл карталар әріптестерімнің арасындағы дәрежем мен алатын табысымның пайызына әсер ететінін айтты. Өзім қатарлы жігіттердің жарқырап жүргенін көрсеткен ол жұмыс істеу менің де қолымнан келетініне сендірді. Ақшаның астында қалатыныма сенімді болған мен қолымдағының бәрін беруге даяр едім. Сондықтан сол күні астымдағы көлігімді сатып, "жұмысқа орналастым". Апта сайын бізге жетістікке жеткен адамдар келіп, лекция өткізіп тұратын. Жұмыс алға баспай жатқан күннің өзінде лекторлар бізге үнемі мотивация беріп отырды. Тәлімгерлер көруге тапсыратын видеолар арқылы да біз көп ақша шығаратынымызға сенімді едік.

– Сіздер қандай жұмыс істедіңіздер?

– Біз әртүрлі сайттарға, әлеуметтік желілерге жарнама беріп, адамдарды жұмысқа шақырдық. Алғашында жарнама ақшасын компанияның өзі төлеп жүрді. Жұмыс іздеушілер іскерлік кездесуге келгенде классикалық үлгіде киініп, күтіп алатынбыз. Тәлімгерлер бізге жұмыс іздеушімен сөйлесу жолдарын үйретті. Келген адамды сендіру үшін онымен қандай қашықтықта отырып сөйлесу керектігіне дейін түсіндіретін. Өзімізге сенімді сөйлеуді, сұхбаттасушыны көлденең отырғызып, көзіне тіке қарауды талап етті. «Өзіңнен кейін кірген адам сенен кейінгі жоғары жалақыны алатындықтан, бірінші өз таныстарыңды, туыстарыңды кіргіз. Қомақты қаражат бөтен біреудің қалтасында кеткенше, өз таныстарыңды жарылқа» дейтін. Сондықтан өз таныстарымызды шақырып, бір ауылдағы 15-20 ға жуық жігіт түгел пирамидаға кіріп кеттік. Олар артымнан адам тіркеген сайын және өзімнен кейінгілер де адам әкелген сайын табысым артатынына сендірді. Біз осы жүйемен адамдарды компанияға кіргізіп, ақша құйғызумен айналыстық. Бір ауылдан келген бізді екі топқа бөліп, арамызда бәсекелестік пен алауыздық өрши түсті. Бұл – компанияға үлкен табыс әкелгеніне сенімдімін.

– Алданғаныңызды қай кезде түсіндіңіз?

– Ол жерде жүріп алданғаныңды түсіну қиын. Тәлімгерлер мен лекторлар үнемі сендіріп отырады. Басқаларды алдап жатқан кезде өзім де алданғанымды түсіндім. Себебі біз айтатын айлық мөлшерін ең жоғарыда отырған адамнан басқа ешкім алып көрмеген. Жағдайы онсыз да қиын адамдар алдыма келгенде ар-ұятым мазалай бастады. Үйдегілер қасымда жүрген достарымның жұмысқа кірем деп несиеге батқанын естіп, әрі менің көліксіз жүргеніме қатты күмәнданды. Ақыры жұмысымды тексеріп, пирамидадан шығарып алды. Бірақ пирамидаға салған ақшамның бір теңгесін де шығара алмадым.

"Желілік маркетингке кірем деп екі несие алдым"

"Ақылы бөлімде оқыдым. Сондықтан қосымша табыс көзін іздеуге тура келді. Инстагамнан "админстратор көмекшісі" деген вакансияның жарнамасын көріп, хабарласып, айтқан жерге бардым. Мені классикалық киімдегі, бір-бірін аты-жөнімен ғана атайтын бір топ адам қарсы алып, жұмыс барысын түсіндірді. Компания тауар сатумен және тауар сататын адамдарды жинаумен айналысатынын айтты. Уәде етілген жоғары жалақы, таза жер, ыңғайлы жұмыс кестесі мені қызықтыра түсті. Мен барған күні саланың үздігі тренинг өткізіп жатыр екен. Тренинг кезінде сатушыдан бөлек бір әйел осы компания дәрілерінің арқасында анасы қатерлі ісіктен айығып кеткенін айтып, алғысын білдірді. Ол барлығымызды осы өнімдерді сатып алуға, сатуға үгіттеді. Ал лектор бес жұлдыз деңгейіне көтерілгенде компания үй, одан төмендерге көлік, шетелге жолдама сыйлайтынын айтып, мені одан әрі қызықтыра түсті. Шыққан соң мені жұмысқа шақырған адам өзін менің тәлімгерім атап, ары қарай бірге жұмыс жасауға шақырды. Алайда ол үшін мен компанияның тауарларын сатып алуым керек екен. Тауарлардың жалпы құны шамамен 500 мың теңгеден басталады. Қолымда ондай ақша жоқ. Несие алайын десем, жасым 21-ге толмаған. Несие берілмейтінін айтқанымда, бөліп төлеу арқылы айфон сатып алсам, телефонды қайта сатып, ақша жасауға көмектесетінін айтты. Солай банктен екі телефон сатып алып, ала салысымен Атакентте бардық. Тәлімгерімнің таныстары ол жерде де бар екен, олар бірден екі телефонды сатып алып, ақшасын қолыма ұстатты, ал мен ол ақшаны жұмысқа апардым. Бұның барлығы тез болғаны соншалық, менің ойлануға да уақытым болмады.

– Ары қарай не істедіңіз?

– Келесі күні тауар сатумен және жұмысқа адам шақырумен айналыстым. Тауар сату тренингтегідей оңай болмай шықты. Адамдардың көпшілігі дәрігердің тағайындауынсыз дәрі-дәрмек қабылдай бермейтінін және витамин керек емесін айтумен болды. Компания маған басқа жұмыс жасауға тыйым салды, қолымдағы бар ақшамен сайттарға жарнама беріп, қағазға шығарған жарнамаларымды базарда тараттым. Мен тәлімгерлердің бітпес мотивациясының, тренингтерінің арқасында иллюзияға сенумен болдым.

– Қандай жарнама бердіңіздер?

– Кеңсеге офис-менеджер, админстратор көмекшісі, ресепшионист керек. Жалақы 200 мыңнан жоғары" деп жарнама беретінбіз. Расында да айына бір рет ресепшнде отырып, келушілерді тәлімгерлерге бөліп  отырамыз. Админстратор көмекшісі дегені тәлімгерге көмектесу. Ал офис-менеджер ретінде клиенттерге хабарласып, тауар сатамыз не жұмысқа шақырумыз керек. Бір қарағанда бәрі дұрыс сияқты. Әрі тренингтер жиі болғандықтан, гипноздалғандай болып жүрдім. Әрине желілік компаниялар арасында адал жұмыс істейтіндер бар. Бірақ олардың тауарлары қатты қымбат емес, әрі ә дегенде қомақты қаражат салуды сұрамайды. Егер қомақты қаражатқа тауар сатып алып, оны сата алатыныңызға сенімді болсаңыз, желілік маркетингпен пайда табуға болады. Бірақ тауар алушы өте сирек болғандықтан, клиент базасы тұрақсыз. Компанияға адам тіркеуден басқа жол қалмайды. Бірақ өзіңнен кейін кірген адамның несиеге, я қарызға алған тауары сатылмай қалса, мен ақша тапқанмен менен кейінгілер құрдымға кететінін түсіну керек. Біреудің көз жасына қалудан қорықтым.

– Алданғаныңызды қай кезде түсіндіңіз?

– Тәлімгерім жұмыс іздеп келген адамдар тренингке қатыспай тұрып «сетевой» деп айтуға тыйым салатын. Ақша салу керегін кірген адам психологиялық тұрғыдан дайын болды-ау деген кезде айтуды талап етті. Содан күдіктене бастадым. Базарда қағаз таратып жүргенде сатушы апай қызын жұмысқа алуымды өтінді. Апайдың суық күнде самса сатып отырғанына қарап, жаным ашып кетті. Жұмысқа шақыра тұра оның қызының бізге келгенін қаламадым. Сол кезде алданғанымды түсіндім.

– Содан желілік маркетингпен айналысуды доғардыңыз ба?

– Әкелі құрбыларыммен кеңестім. Олар бірден алданғанымды түсініп, шығарып алуға барын салды. Тәлімгеріме жұмыстан шығатынымды айтқанда, ол үзілді-кесілді қарсы болды. Өзінің тәлімгерін, одан басқа да тәлімгерлерді шақырып, барлығы мені алып қалуға тырысты. Тіпті, бірі "Сіз қазір шығып кетсеңіз бір жылдан кейін басыңызда несиеден басқа ештеңе болмайды. Бізде қалғанда жағдайыңыз жақсы болар еді. Мен, міндетті түрде, бір жылдан соң сізге хабарласып, жағдайыңызды сұраймын" деді. Мен сонда да көнбей, жұмыстан шығып кеттім.

– Бір жылдан кейін хабарласты ма?

– Ол мені ұмытып кететін шығар деп ойлағам. Алайда ол хабарласып, жағдайымды сұрады. Мен қарыздарымнан құтылып, сату бөлімінде жетекші деңгейіне дейін жеткенімді айттым.

– Қарапайым адам қаржы пирамидасын қандай белгілерге қарап тани алады?

– Олар көбіне бизнес орталықтарында отырады әрі адамның көптігінен ол жерде абыр-сабыр болып жатады. Классикалық киімде жүріп, бір-бірін тек аты-жөнімен атайды. Жоғарыда айтқан жарнама бойынша барғанда тренинг, лекцияларға қатыстыра бастаса күдіктену керек. "Алтын квадрат", "бинарлы жүйе", "бес жұлдызды арыстан", "бриллиант директор" сынды ұғымдарды естісеңіз бірден қашыңыз.

Айым Нұрсапа

Айым Нұрсапа

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір