• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 12:21:06
Алматы
+35°

Президенттікке үміткер 12 кандидаттың қатарында ел біршама біледі-ау, бұған дейін осындай істерімен көзге түсіп еді дейтіндей бірді-екілі адам болса, соның бірегейі "Асар" республикалық қоғамдық бірлестігі атынан ұсынылған Хайролла Ғабжалилов.

Көпшілікке Хайролла Ғабжалилов ұлттық валюта – теңгенің авторларының бірі ретінде таныс. Ал "Алаш" тарихи-ғылыми зерттеу орталығын құрып, қазақ тарихын, оның ішінде ру-тайпалардың тарихын ғылыми тұрғыда негіздеп жазуға күш салып жүргенін жалпақ жұрт біле бермеуі мүмкін.

Біраз уақыт жеке бизнесіне қол салмақ болғандармен алысып, әділетсіздікке ұшырағаны бар.

Ол туралы белгілі тарихшылар руханият жанашыры деп жылы сөз айтады.

Азды-көпті адам білетін, аты былғанбаған, түрлі саяси ойындарда есімі аталмаған, төл теңге авторы ретінде, теңгені Ресейден жасырынып Лондонда қалай қиындықпен шығарғандары туралы әңгімелері арқылы биографиясы жұртқа ұнамды Хайролла Ғабжалилов кандидаттар ішінде халыққа жақын тұлға көрінеді. Алайда кандидатқа қойылатын заң ережелері бар емес пе еді...

Конституцияның ІІІ бөлімі 41-бабы 2-тармағында Қазақстан Республикасының президенті болып тумысынан Республика азаматы болып табылатын республика азаматы ғана сайлана алады делінген. Ал Хайролла Ғабжалилов 1950 жылы 29 сәуірде бүгінгі Өзбекстан құрамындағы автономиялық республика Қарақалпақстанның Тахтақөпір ауданында дүниеге келген.

Орталық сайлау комиссиясы кандидат ретінде ұсынылған азамат конституция мен сайлау туралы конституциялық заң нормаларына сәйкес келетінін я келмейтінін жіті тексеретінін Инга Иманбай мен Жасарал Қуанышалинді заң талаптарына сай келмейді деп үміткер ретінде тіркеуден бас тартқанда көпшілік көрді.

Кеңес Одағы тұсында ҚазКСР-де емес, бірақ одаққа мүше республикаларда туғандарға аталған заң нормаларының қатысы жоқ па  деп "Адам құқықтары хартиясы" қоғамдық қорының атқарушы директоры Жеміс Тұрмағамбетоваға жүгіндік. Сарапшы кандидаттарды тіркеуде заң талаптары бұлжытпай орындалуы керек, кандидат тумысынан ҚазақКСР немесе Қазақстан азаматы болуы керек, Хайролла Ғабжалиловтың мәселесі бойынша Орталық сайлау комиссиясы Конституциялық кеңеске жүгіне отырып, кандидаттың тіркелуі туралы түсінік беруге тиіс дейді.

Қамшы порталы аталған мәселе бойынша Орталық сайлау комиссиясына сауал жолдап,  жауап алуға тырысады.

Толықтыру: Бүгін, 13 қараша күні Орталық сайлау комиссиясы Талғат Ергалиев және Фатима Бизақовамен қатар Хайрулла Ғабжалиловты президенттікке кандидат ретінде тіркеуден бас тартты. Комиссия бас тартуға аталған тұлғалардың мемлекеттік қызметте міндетті еңбек өтілінің жоқтығы негіз болғанын хабарлаған.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір