• USD 472.14

  • EUR 498.39

  • RUB 7.65

  • CNY 67.93

10 Желтоқсан, 02:42:18
Алматы
-10°

Қазақстандықтар арасында инвестиция салуға деген қызығушылық үлкен қарқынмен артып келеді. 2022 жылғы алғашқы жартыжылдық қорытындысы бойынша Бағалы қағаздар орталық депозитарийінде 367 мың шот тіркелген. Бұл – 1 қаңтардағы көрсеткіштен 64 пайызға жоғары. Ал бір жыл бұрынғы мәннен екі есеге көп. Шоттардың 99 пайызы жеке тұлғалардың үлесіне тиеді. Жастар арасында жылдам таралып қатқан қор биржасына кірерде не туралы білу керек, қандай рисктер бар, алаяқ брокерлерге тап болып қалмаудың жолы қандай? Төмендегі материалда жаңа бастап жатқан инвесторлар мен қор нарығы туралы жалпы түсінік қалыптасқырғысы келетіндер үшін осындай сауалдарға жауап беріледі.

Инвестиция жастар арасында жылдам таралып жатқан сала деуіміз бекер емес. Сандарға қарасақ, 2022 жылдың алғашқы жартысында брокерлік шоттардың 18 бен 24 жас аралығындағы иелерінің үлесі үш есеге артып, 70 мыңды құраған. 25-34 жас аралығындағы инвесторлар саны 110 мыңнан асады. 35-54 жас аралығында 128 мың инвестор, 55-тен асқан 47 мың инвестор тіркелген.

Инвестиция саласының тартымдылығына жаһандық трендтен бөлек, инфляция айтарлықтай әсер етіп отыр. Кей отандастарымыз инвестицияға қымбатшылық қысып, қосымша табыс көзін іздеп келіп жатса, енді бірі қолда бар қаражатты сақтау мен көбейтуді ойлайды. Инфляция депозит бойынша кірісті жұтып қойып жатқандықтан, инвестицияның тартымдылығы да арта түсуде.

ҚОР НАРЫҒЫНА ҚАЛАЙ ДҰРЫС КІРГЕН ЖӨН?

Мамандар қор нарығына қалай дұрыс кіру керек деген сұрақтың нақты объективті жауабы жоқ екенін айтады. Өйткені әр инвестор өзі дұрыс көрген қадаммен бастайды. Десе де енді бастап жатқан инвестор қор нарығы есігін алғаш ашқанда есте сақтауға тиіс кейбір ережелер бар. Қор нарығы бойынша сарапшы Ая Алдабергенова жас инвесторлардың кәдесіне жарайтын 7 кеңес ұсынады.

1) Инвестицияны қарызданып жасауға болмайды

Бастаушы инвесторлар жиі жасайтын қателіктер қатарына несие немесе қарызға алынған ақшаны, кейде соңғы тиынын қор нарығына салып жіберіп пайда күтуді жатқызуға болады. Нарық құбылмалы әрі алдын ала 100% болжау қиын. Бүгін қарызға алған ақшамен акция сатып алып, оның өсуін күтіп отырғанда, ертең акция құны түсіп кетуі мүмкін. Осылайша, шығынға ұшырамау үшін қор нарығына ақшаны қарызға алып кірмеу керек.

2) Нақты стратегия болғаны дұрыс

Биржа арқылы табыс табуды ойлаған адам алдын ала стратегия құрған жөн. Стратегия әдетте ұзақмерзімді және қысқамерзімді болып бөлінеді. Нарықта дағдарыс болып, акциялар қатты құласа немесе керісінше, тез өсіп жатса, дұрыс құрылған стратегия инвесторды шығынға ұшыраудан сақтайды. Ал нарық құбылып жатқанда асығыс шешім жасаудан қорғайды.

3) «Қауіпсіздік көпшігін» жасау қажет

Инвесторлар арасында 4-5 айлық табыстан тұратын ақша көлемін «Қауіпсіздік көпшігі» деп айтады. Ол не үшін қажет?

Биржаға шығудан бұрын қаражаттың белгілі бір мөлшерін бөлек алып қою керек. Алдағы уақытта негізігі табыс азайып немесе инвест-портфель нашарлап кеткен жағдайда «қауіпсіздік көпшігі» инвесторды акцияларды сатудан сақтайды. Қандай да бір акциялар сатып алуға қолайлы болып тұрса да, ол үшін «қауіпсіздік көпшігінен» ақша шығаруға болмайды.

4) 20/20/60 ережесі

Мықты сарапшылардың басым бөлігі бастаушы инвесторларға 20/20/60 ережесін сақтауға кеңес береді. Ол дегеніміз портфельдің 20%-ын ETF (үлестерін биржада сатып алуға немесе сатуға болатын қорлар), 20%-ын ИПҚ-лар (кәсіпқойлардың стратегиясына сәйкес басқарылатын бағалы  қағаздардан тұратын дайын портфель) және 60%-ын акциялардан құрауға кеңес береді. Осындай баланс нарықта күтпеген дағдарыс бола қалған жағдайда портфельді түрлі қатерден сақтайды.

5) Инвестицияны түсінетін салаларға салу керек

Танымал инвестор Питер Линч өзінен бағалы қағаздар туралы кеңес сұрағанда, «өзіңіз түсінетін сала акцияларын алыңыз» дейді. Бұл – қор нарығына енді кіріп жатқан адамдар үшін де пайдалы кеңес. Ғарыш, нейрохирургия немесе блокчейн салалары преспективалы болып көрінгенімен, олар қалай жұмыс істейтінін түсінбесеңіз, одан да өзіңіз күнделікті өнімін тұтынатын, көріп, біліп жүрген компания акцияларын алғаныңыз дұрыс. Өйткені, компания жұмысы алға басып жатыр ма, әлде құрдымға кете ме бәрін байқай аласыз. Ал сізге жұмыс істеу механизмі таныс емес компаниялармен шығынға ұшырау қауіпі жоғары.

6) Қаржы жайлы білімді үнемі арттырып отыру қажет

Қор нарығына кірген соң инвестиция туралы кітаптарды көбірек оқыған жөн. Мысалы, Бенджамин Грэмнің «Ақылды инвестор» атты кітабынан көп пайдалы мәліметтер алуға болады. Кітап оқып, тәжірибелі сарапшылар вебинарына қатысып үнемі білімді жетілдіріп отырған дұрыс.

7) «Көгілдір чиптерден» бастауға болады

Қор нарығында «көгілдір чиптер» деп аталып кеткен компания акциялары бар. Олар әдетте ұзақ жылдар бойы акция бағасы өсіп келетін, тұрақты дивиденд төлейтін және қаржылай жағдайы жақсы танымал компаниялардан тұрады. Мысалы, Nike (#NKE), Coca-Cola (#KO), Wallmart (#WMT) сияқты компанияларды көгілдір чиптер деп атайды. Осындай компания акциялары нарық ауытқып, құбылғанда онша көп шығынға ұшыратпай, дивиденд әкеліп тұрады.

 

ҚОР НАРЫҒЫНДА АЛАЯҚТАРҒА АЛДАНЫП ҚАЛМАУДЫҢ ЖОЛЫ ҚАНДАЙ?

 

Қор нарығындағы операцияларды инвестор өз бетінше істей алмайды. Биржада кез келген құнды қағазды сатып алу үшін делдал қажет. Делдал қызметін брокерлер атқарады. Бағалы қағаздармен жасалатын барлық операциялар брокердің сауда платформалары арқылы онлайн режимде жүзеге асады. Биржада брокерлік қызметпен тиісті лицензиясы бар брокерлік компания ғана айналыса алады. Қазақстанда лицензиясы бар 39 брокер-дилер жұмыс істейді. Оның 19-ы екінші деңгейдегі банктер болса, 20-сы басқарушы компаниялар. Лицензиясы бар брокерлер мен басқарушы компаниялар туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми сайтынан көруге болады. Брокердің лицензиясы туралы ақпарат оның интернет ресурсында жариялануға тиіс. Оның жалған не шынайы екенін агенттік сайтындағы дерекпен сәйкестендіру арқылы білуге болады.

 

Брокер инвесторға биржаға кіруге мүмкіндік беретін брокерлік шот ашуға көмектесіп, қандай бағалы қағаздарды сатып алу керегі туралы тапсырманы орындайды. Әрине, осы қызметі үшін келісілген көлемде комиссия түрінде ақы алады. Түсініспестік тумас үшін комиссия туралы екжей-тегжейлі біліп алған дұрыс. Брокер инвесторға кеңес беріп, нарықтағы жағдай, қолайлы акциялар жайлы мағлұмат ұсына алады, алайда соңғы шешімді инвестор өзі қабылдап, қабылданған шешімнің салдары үшін жауапкершілікті өзі арқалайды. Брокердің қызметіне қатысты аса маңызды нәрсе – брокер ешқашан шотты дереу толтыруды талап етпейді, жоғары кірістер мен төлемдерге де уәде бермейді. Егер брокер пайдаға қарық боласың десе, онда ол алаяқ болып шығуы әбден мүмкін.

ҚОР НАРЫҒЫНДА ТАБЫСҚА КЕПІЛДІК БЕРІЛМЕЙДІ, БІРАҚ...

Акция, облигация, биржалық қорлар болсын, инвесторға табысқа кепілдік бермейді. Алайда жоғарыдағы ережелерді қаперде ұстап қор нарығында шексіз табыске кенелу мүмкіндігі молынан. Сондай-ақ бастапқыда инвестор болу үшін қомақты қаржы міндетті емес. Шағын қаражатпен негізгі жұмыспен айналысып та  инвестициямен шұғылдануға болады. Тек қор нарығына дұрыс стратегия құрып, біршама білім жинап барып кірген абзал. Ал жоғарыдағы ақпараттар базалық білімге жарарлық мағлұмат қана.

Меліс Сейдахметов

Алматы облысы Кербұлақ ауданы Қызылжар ауылында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті философия және саясаттану факультетін бітірген. 2015-2019 жылдары «Президент және Халық» газетінде тілші, шеф-редактор болып істеген. 2019 жылдан бері Қамшы порталында қызмет атқарады.

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір