• USD 476.43

  • EUR 479.86

  • RUB 8.07

  • CNY 70

19 Тамыз, 22:45:24
Алматы
+17°

Парламент мәжілісінің депутаты, "Ақ Жол" демократиялық партиясының лидері Азат Перуашев Orda.kz порталына көлемді сұхбат берді. Ол жерде карьерасының басталуы, президент әкімшілігіндегі қызметі, 90 жылдары экс-президент Н.Назарбаев қалай жұмыс істегені, Назарбаев өкілетін тоқтатқанда неге көзіне жас алғаны, неліктен Назарбаев қаңтар оқиғасына жауапты адамдардың бірі деп санайтыны, парламенттегі жұмыс барысы, депутаттардың өкілеті шектеулі екені туралы айтады. Тұңғыш президенттің туған күніне байланысты әлеуметтік желіде Н.Назарбаев хақында жиі жазылып жатқанына орай, оқырманға депутаттың экс-президент жайлы пікірлері қызық болар деген оймен Перуашевтің Назарбаевты тілге тиек еткен тұстарын ұсынып отырмыз.

Депутат Назарбаев әкімшілігінде істеген екі-үш жылда тұңғыш президентті өте ашық, естияр, энергия мен күші тасып тұрған, еркін форматтағы кездесулерге емін-еркін келетін адам болды деп еске алады.

– Талдықорған әкімшілігінде істеп жүргенімде Назарбаев облыстық активпен кеңес өткізді. Жиында кәсіпкерлер салық органдары қысым көрсетіп, бопсалайтынына шағымданды. Сол кезде президент облыстық салық комитетінің бе, қаржы комитетінің бе төрағасын тұрғызып, қазір егжей-тегжейі есімде жоқ шамамен "Сенде облыста қанша салық төлеуші бар? Жеке кәсіпкерлерден қанша салық жинайсың?" деп сұрады. Анау состиып тұр. Есімде 1992 жылғы 4 шілдеде Қазақстан посткеңестік елдер аумағында бірінші болып Жеке кәсіпкерлікті қорғау туралы заң қабылдаған. Президенттің реакциясы көп күттірген жоқ. "Жалқау! Сен тіпті немен айналысатыныңды білмейсің" деп әкімге қызметкерді жұмыстан шұғыл шығарып, өз ісін білетін адамды тағайындауды тапсырды.

Сол жиында кез келген адам шығып сөйлей алатын. Бір кезде жас оқытушы Қазақстан ядролық қарудан бас тартқаны үшін президентті сынай бастады. Назарбаев ол адам немен шұғылданатынын сұрады. "Мен музыкадан сабақ беремін" деді ол. Сонда Назарбаев "Онда сол музыкаңмен айналыса берсеші, ол жерде сен маған қарағанда көп нәрсені білесің" деді сөзіне еш зіл қоспастан, сабырлы, салқынқанды күйде. Яғни, ол жаңа ғана өз қызметін білмейтін шенеунікті сілкіп алды да, қатардағы адамға өте сыпайы жауап берді.

Назарбаев ол кезде ізденісте жүретін. Отырыс басталарда бізге анкета таратылды. Ол жерде "сіз дамудың қандай моделін таңдаған дұрыс деп санайсыз?" деген сұрақ болып, бірнеше нұсқалар келтірілген: Қытай моделі (нарықтық экономикасы бар социализм), өзбек (жоспарлы экономикасы бар күшті әлеуметтік саясат), еуропалық модель және т.б. Елестетіп көріңіз, сол кезде осылай жұмыс істедік.

Оның қатысуымен өтетін іс-шараларға алдын-ала дайындалу, кімге не айту керек, не айтпау керек, кімге және қандай интонациямен сөйлесуге дейін кейінірек шықты ғой. "НұрОтан" съездерінің алдында сөздерін жаттап, репетиция жасайтын. Не күлеріңді, не жыларыңды білмейсің, – дейді депутат.

Азат Перуашев сұхбат барысында Назарбаев отсавкасынан кейін неліктен көзіне жас алғанын түсіндіріп өтті.

–  Сол кезде бүкіл зал, қазіргі президентке дейін толқып тұрды. Ал менен Назарбаев туралы сұрамады. Маған "бәрі қалай басталғаны есіңізде ме?" деген сұрақ қойылған еді. Негізінде басталғанда барлығы қиын болып еді. 1991 жылы, жеті жылдан кейін Ресейден Қазақстанға келген кезім өте жақсы есімде, мұндағы жағдай өте қиын болды. Қалаларды қара түнек басып,  адамдар тамақты аулада қазанда дайындайтын. Зейнеткерлер 6-7 айлап зейнетақы ала алмады. Студенттер, жастар жанбағу қамымен бірі саудагер, енді бірі қарақшы болып кетті. 30 жыл бұрын 24 жаста едің, көзді ашып-жұмғанша 50-ге келіп отырсың. Осы уақыт ішінде, тіпті қазір де, мен күн-түн демей жұмыс істедім. Бір белесті бағындырғанда сен жұмыс жасайсың, ал өмір өтіп жатқанын түсінесің. Ширек ғасыр өтті, осы уақыт ішінде өз балаларын тәрбиелеп отырған тұтас ұрпақ дүниеге келді. Сол күні бәріміз үшін эмоцияға толы күн болды. Көпшілігіміздің жанарымызға жас іркілді, –  дейді ол.

Депутат сондай-ақ Нүрсұлтан Назарбаев жыл басында күллі елді дүрліктіріп, әлем назарын аудартқан қаңтар оқиғасы үшін тікелей жауапкершілік арқалайтынын да айтты. 

– Иә, оның да тікелей жауапкершілігі бар деп ойлаймын. Ол осы нәрсемен шұғылданған үкіметті тағайындады. Қазіргі президент те үкіметті өзі жасақтайды. 2007 жылға дейін үкімет туралы заңға сәйкес, қайта тағайындалған министрлер кабинеті бір ай ішінде парламентке өзінің әрекеттерінің бағдарламасын ұсынатын. Парламент бағдарламаны мақұлдамаса, өзгерістер мен толықтыруларды ескеріп үкімет бағдарламаны жетілдіріп, қайта ұсынатын. Егер парламент екінші рет бекітпесе, үкімет ауысатын. Біз парламенттік республиканың жақтасымыз. Сайлауда жеңген партия үкіметті жасақтап, президентке ұсынғанда ғана партиялар нәтиже үшін, үкіметтің сәтсіздігі үшін жауап берер еді. Ал қазіргідей үкіметті президент жасақтайды екен, онда оның жұмысына да өзі жауапты болуға тиіс, – дейді ол.

Депутаттың сөзінше, Қазақстандағы жүйе атқарушы билікке ыңғайланған. Өкілеттің барлығы үкімет пен әкімдерде. Ал депутаттардың ұсынысы үкімет цензурасына ұшырайды.

Азат Перуашев депутаттардың бастамасы бюджетке келіп тірелетінін, бюджет үкімет қолында болғандықтан, оның жүзеге асуы тікелей үкіметке байланысты екенін айтады.

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: Азат Перуашев

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір