• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 00:44:16
Алматы
+35°

 

Аса Қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын!

Қадірлі жамағат!

Баршаңызды ұлық мейрам – Құрбан айттың келуімен шын жүректен құттықтаймын! Айт қабыл болсын! Сіздерге амандық пен саулық, бірлік пен береке тілеймін.

Құрбан айт – шынайы ниет пен Аллаға деген сүйіспеншілікті паш ететін мейрам. Ұлық мерекенің тәрбиелік мәні мен мағынасы осында жатыр. Қасиетті Құранда: «Ұмытпаңдар, олардың еті де, қаны да ешқашан Аллаға жетпейді. Оған жететін нәрсе – жүректеріңізге ұялаған тақуалықтарың (шынайы ниеттерің)» («Хаж» сүресі, 37-аят), – делінген. Аятта айтылғандай, Құдай жолында жақсылық жасауға ниеттенген пенде бұл амалды риясыз оймен орындайды.

Адам баласы құрбандық шалу арқылы Алланың берген ризық-несібесіне шүкір етеді. Құдай нәсіп еткен нығметтің бір бөлігін көмекке мұқтаж жандарға үлестіріп, олардың да ақысын беріп, қуанышқа бөлейді. Өйткені, Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Парыз амалдан кейінгі Аллаға ұнамды іс – мұсылманның жүрегіне қуаныш сыйлау» деген.

Халқымыз «Бота алғанша бата ал» дейді. Үлкеннің, жалпы көмекке мұқтаж жандардың алғысын алып, батасына бөлену – айт кезінде орындалатын сауапты істің бірі. Мұсылман баласының ұлық күнде шынайы ниетпен құрбан шалып, құрбандық етін мүгедектер мен жетімдерге, көпбалалы отбасылар мен қарттарға таратып, олардың алғысын алуға тырысатыны сондықтан.

Осы ретте еліміздегі барша кәсіпкер азаматтарды Құрбан айттың құрметіне мал құнын қолдан көтермей, халықтың әлеуметтік жағдайын ескеріп, оңтайлы баға ұсынуға, жұрт күнде тұтынатын азық-түлікке мүмкіндігінше жеңілдік жасауға шақырамын. Құрбан айттың негізгі мәні мұсылмандар арасында өзара мейірімділік, жомарттық, қайырымдылық, қанағат сынды адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру екенін естен шығармаған абзал. Алланың рақым нұры төгілетін айтта жұртымызға жақсылық жасап, көпшіліктің ризашылығына бөленейік. 

Құрметті отандастар! 

Бүгінде әлем мұсылмандары екі жылға созылған үзілістен кейін үлкен қажылық жасауда. Солардың қатарында Мекке қаласында қажылық парызын өтеп жүрген 4 мың отандасымыздың ниеті мен дұғасы қабыл болып, елімізге аман-есен оралуын тілейміз.

Алла Тағала еліміз бен жерімізге берекесін жаудырып, шалған құрбандықтарымызды, берген садақаларымызды, айт күндері амалға асырған Аллаға ұнамды әрбір игі істерімізді қабыл еткей.

Айттан айтқа аман-есен жете берейік. Әмин!

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,

Қазақстан мұсылмандары діни

басқармасының төрағасы, Бас мүфти

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: Құрбан айт

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір