• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 21:27:53
Алматы
+35°
Қамауда отырған саяси белсенді, тіркелмеген Демократиялық партияның жетекшісі Жанболат Мамайдың абақтыдан жазған кезекті хаты жарияланды. Ол қаңтар оқиғасының шындығын ашу, оқиғаға тарихи баға беру мен Қазақстанда шынайы саяси реформаны жылдамдатып жүзеге асыру қажеттігі туралы жазған.
 
Оппозициялық саясаткер абақтыда отыруына байланысты қаңтар қасіреті туралы тыңдауға қатыса алмайтыдықтан, ойын хат арқылы жеткізгісі келетінін айтады.
 
Ол қаңтар оқиғасы Қазақстанның ғана емес, әлем тарихындағы өте сирек кездесетін қанды оқиға деген пікірде.
 
"Бәрінен де ауыр тиетіні, елді қанға бояған, бейкүнә сәбилерді қырып салған жендеттер жауапкершілікке тартылмақ түгілі, биліктің жоғарғы сатысында отыр. Салыстырмалы түрде айтсақ, бұндай қырғынға 1986 жылы КСРО басшылары да барған жоқ. Бейресми деректерге қарағанда, Алматыдағы Желтоқсан бас көтеруі кезінде 168 адам қаза болған. Ал 2022 жылғы Қаңтар қасіретінде тек ресми деректерге сәйкес, 238 адам опат болды. Жүздеген адам азапталды. Қаншама адам нақақ жаламен әлі күнге дейін абақтыда отыр. Алматыдағы жағдайды енді 2020 жылы болған Беларусь бас көтеруімен салыстырыңыз. Лукашенко қазір әлемдегі ең қатты санкцияланған басшылардың бірі. Онымен Батыстың бірде-бір мемлекет жетекшісі қол алыспайтын жағдайда. Ол да өз саяси қарсыластарын түрмеге отырғызып, кейбірін өлтірді, наразыларды ұрып-соқты. Бірақ, бір маңызды нәрсеге назар аударыңыз: Лукашенко халықты тұтас атқан жоқ. Адамдардың өмірі алаңда үзілген жоқ. Осы мысалдардан-ақ, Қаңтар қасіретінің қаншалықты қанды қырғын болғанын бағамдай беріңіз.
 
Десек те, Қаңтар оқиғасына біз қазақ тарихында жоғары баға беруіміз тиіс. Қазақтың тарихы – соңғы үш ғасырдағы жеңіліс пен құрбандықтың тарихы болмауы тиіс. Қаңтар оқиғасы – революциялық процестің маңызды межесі. Оны қазір түсіндіремін. Ал қазір айтатыным, 4 қаңтар күні тек қана құрбандарды еске алу, тағзым ету күні ғана емес, Ұлттық революция күні болып бекітілуі тиіс деп санаймын. Революция деген билікті күшпен басып алу, қырғын жасау емес. Бұл бірінші кезекте Санадағы өзгеріс, Сана Революциясы 4 Қаңтарда жеңіске жетті. Біріншіден, билікке 30 жыл бойы жабысып, елді тонаған Назарбаевтар билігі құлады. Бір адамның жеке билігі құрдымға кетті. Егер Қаңтар оқиғасы болмағанда, Назарбаев әлі де «күн көсемі» болып, оның әулетінің қара құрым мүшелері Қазақстанды билеп-төстеп отырар еді. Екіншіден, Қаңтар қасіретіне дейінгі езгі енді Қазақстанда болмайды. Оған халықтың төзбейтіні әрі көндікпейтіні сөзсіз" дейді Жанболат Мамай.
 
Саяси белсенді қаңтардағы халық толқуы  революциялық процесстің бір көрінісі ғана, егер билік күрделі өзгерістерді жүзеге асырмаса, мұндай жағдай қайталануы мүмкін деп санайды.
 
"Қазіргі билік "орнымызды сақтап қалдық, енді ештеңе болмайды" деп ойласа қатты қателеседі. Себебі, Қаңтар – революциялық процестің бір межесі ғана. ХХ ғасырдағы Ресейдегі революциялық өзгерістерді еске алыңыз. Бұл процесс сонау ХІХ ғасырдағы декабристер қозғалысынан бастау алды. Оларды қудалады, айдауға жіберді, тұншықтырды. Ақырында бұл 1905 жылғы "Қанды жексенбі" оқиғасына әкеледі. Елді қанға бөктірген Николай патша не істеді артынша? Халықты алдаймын деген оймен Мемлекеттік Дума институтын қалыптастырды, аздаған реформаларға жол ашты. Бірақ, бұл Ресей халқының өмірін өзгертуге түбегейлі бастау салмады. Қазіргі тілмен айтқанда, Ресей патшасы саяси реформалардың орнына саяси технологияларды пайдаланып, бәрін сан соқтырамын деп шешті. Алғашқы уақытта, аздаған өзгерістер қоғамға жағымды болып көрінді. Ұлтшылдықты, діншілді қоздырып, біршама уақыт Николай патша Ресей даласында едәуір бедел де жинады. Бірақ, елде басталған революциялық өзгерістерді тоқтату оның қолынан келмеді. Иә, 1917-жылғы Ресейдегі Ақпан төңкерісіне негізгі себептер І Дүниежүзілік соғыс болғаны рас. Бірақ, ол соғыс болмаса, халықтың көтерілуіне басқа да себеп табылар еді. Оның үстіне, 1917 жылғы Петербордағы төңкеріс неден басталды? Нанның жетіспеушілігінен. Бірақ, нан Ресейде молынан бар еді. Нанның аздығы бар болғаны, шенеуніктердің салғырттығынан туындаған проблема еді. Алайда, Петербордағы өртті басу патша билігінің қолынан келмей, ақырында ол құлап тынды. Билікке жалғыз легитимді институттың басшысы Керенский ие болып қалды. Бірақ, бұл да ұзаққа созылмағанын біз тарихтан жақсы білеміз. Билікке келген большевиктер де өз тұғырында аса ұзақ отыра алған жоқ. Себебі, Ресей империясы бір ғана Орыс мемлекетінен тұрған жоқ. Тәуелсіздікке ұмтылған, мемлекеттігін құруды аңсаған ұлттар ақырында жеңіске жетіп, 90-жылдың басында егемендікке қол жеткізді.
 
Қаңтар қасіреті де біздің тарихымыздағы революциялық процесстің бір көрінісі. Егер тарихтан терең хабары болса, жаппай психологияны, ішкі саясатты түсінсе, Тоқаев билігі дәл қазір күрделі өзгерістерді жүзеге асыруы тиіс. Себебі бұл билік революциялық өтпелі шақта тұрған топ" дейді ол.
 
Оппозиционер президент Тоқаевтың алдында екі таңдау тұрғанын айтады.
 
"Қазіргі әрекеттеріне қарағанда, бұл билік те саяси реформалардың орнына саяси технологияларды пайдалануда. Тоқаевтың айналасына жиналған идеолог-сымақтарды жақсы білеміз. Бір кездері Назарбаевтың саяси құйтырқы қызына жақын болып, оның айналасында жүрген, "Асар" партиясының идеологы, саясаттанушы "Жаңа Қазақстан" деп елдің басын қатырамын деп тыраштануда. Бұл адамдар 19 млн. халықты алдаймын, тарихи процесті сан соқтырамын деп ойлайды. Мемлекеттік аппараттағы интрига арқылы миллиондаған қазақты бағындырамыз деп дәмеленсе керек. Осы аралықта әбден байып алсақ, тонасақ деп армандайды. Бірақ, бұл түбі опатқа алып келетін қате түсінік. Елде ешқандай өзгеріс болмаса, халықтың өмірі жақсармаса, ақ иттің орнын көк ит басса, бұған кім көндікпек? Риторикалық сұрақ. Демек, революциялық процесс тоқтамайды деген сөз. Оның ақыры не болатыны, қандай өзгеріс әкелетіні беймәлім. Себебі, Революция – жер сілкінісі сияқты жағдай. Оның қашан болатынын ешкім білмейді. Қайда, қалай басталатыны да беймәлім. Оның алдын алудың бір ғана жолы бар. Халыққа не керек екенін, революциялық процестің қозғаушы күші не екенін түсіну керек.
 
Біріншіден, барлық өзгерісті саяси реформалардан бастау керек. Тәуелсіз ақпарат құралдары, мықты саяси партиялар, ашық, әділ сайлау арқылы іріктелген парламент болуы тиіс. Онсыз баяғы жартас – сол жартас күйінде бола бермек. Экономикалық өсім, бизнестің өркендеуі, жемқорлықпен күресті саяси реформаларсыз бастаймын деу жай ғана елді ақымақ санау не нақұрыстың нақ өзі болумен тең. Саяси реформалар жүзеге асса ғана жаңа идеялар, жаңа толқындар шығады. Саяси бәсекелестікте қазіргі билік сөзсіз жеңіледі. Сол себепті Ақорда саяси реформаны жүзеге асырмай, саяси иммитациямен уақыт соза түскісі келеді. Бірақ, Тоқаевтың алдында екі жол бар: не саяси реформаларды бастап, билікті өз еркімен тапсырған басшы болып қалу, не абыройсыз, қаніпезер диктатор ретінде тарих жазасына тартылу. Оның жанында жүрген қазіргі саяси технологтар мұндай кезде Тоқаевтан бір сәтте теріс айналып, өздеріне жаңа қожайын іздейтіні анық. Сондықтан, олардың саяси ойындарына сенім артса, бұл тарихи қателік болары айқын.
 
Екіншіден, қоғамда әділдік орнауы тиіс. Ол не деген сөз? Әділетті сот, прокуратура, халықтың қауіпсіздігін қорғайтын күштік құрылымдар қажет. Полиция адамды азаптап, прокуратура бұған көз жұмып, соттар әділетсіз шешім шығарса, қоғамда мемлекеттік органдарға сенім еш уақытта орнамайды.
 
Үшіншіден, әлеуметтік реформа қажет. Табиғи ресурс байлығы жөнінде әлемде 11-орын алатын Қазақстанда халықтың кедейшілікте өмір сүруі – нонсенс. Кедейшіліктің шегінде өмір сүріп жатқан 2,5 млн. халықты елемеу, олардың мәселесін шешпеу мүмкін емес. Оны шешудің бірден-бір жолы Назарбаевтардың бар ұрлағанын елге қайтару.
 
Төртіншіден, Тоқаев билігі Қаңтардың тарихи, саяси мәнін мойындауы керек. Қаза болған боздақтардың отбасына көңіл айтып, олардан кешірім сұрауы тиіс. Адам өліміне қатысы жоқ барша азаматтарға амнистия жариялап, түрмелерден босатуы керек. Бұдан бөлек, шетелде саяси себеппен қудалауға түскен барлық саяси эммигранттарға амнистия жариялап, оларды елге қайтаруымыз тиіс.
 
Қаңтардағы сана революциясының негізгі талабы осы. Оны көрмеген болып, түсінбегендей кейіп танытуға болады билікке. Дәл соны жасап та жүргені анық. Бірақ, бұл мәңгілікке жалғасатын дүние емес екені сөзсіз" делінген Жанболат Мамайдың хатында.
 
Жанболат Мамай өзін саяси күрес жолында жүрмін деп санайтын азаматтарға да үндеу жасап, оларды қаңтар оқиғасының шындығын ашу жолында жұмылуға шақырды.
 
"Осы кезеңде оппозицияға да ойланатын тұс келді деп санаймын. Оппозиция дегенде биліктің астауынан жем жеп жүрген топтарды айтып тұрғаным жоқ. Шынайы ұлттық мүддені қорғайтын, Қаңтарда бұғып қалмаған нағыз ұлтжанды азаматтарды айтамын. Олардың кім екенін халық жақсы біледі. Мысалы, 4 қаңтарда осы қоғамдық тыңдауда отырған азаматтардың қайсысы алаңда халықпен болды? Міне, сол азаматтар бірігіп, бірлесіп қимылдауы тиіс. Ендігәрі, назарбаевтық арандатушыларға жол бермей, елдің ермеуіне жауапкершілік алуға дайын болуымыз керек. Бұдан былай, шынайы ұлтжанды азаматтарды қаралайтын топтарды халыққа қарсы адам ретінде тануымыз тиіс.
 
Қазіргі таңда партия құрамыз деген топтар көбейді. Құрсын. Олардың қайсысы шынайы ұлт мүддесі үшін жүргенін анықтай аламыз? Ең негізгі белгі – Қаңтар қырғыны шындығын ашуға деген күресі. Сонымен бірге, Қаңтар оқиғасынан кейін абақтыға қамалған азаматтардың бостандығы үшін күресті ұмытпайық. Бір ғана Алматыда қаншама жастар нақақ жаламен түрмеде отыр. Олардың болашағы не болмақ? Уақыты келгенде бұл азаматтар Қаңтар қаһарманы болып танылады.
 
Бірақ, ол уақытты біз күтіп отырмауымыз керек. Олардың батыр, қаһарман екенін қазір мойындап, тануымыз керек. Осы себепті мынадай бастама көтеремін: барлық тәуелсіз қоғамдық ұйымдар, құқық қорғаушылар, журналистер мен саяси партиялар бірлесіп, "Қаңтар қаһарманы" арнайы атағын тағайындауы тиіс. Ол жай ғана атақ болып қалмай, мүмкіндігінше қаржылай сыйы да болғаны дұрыс. Өз басым бұл атақты қаңтарда көк түтіннің ішінде көк туды көкке көтерген, өз жанынан артық көрген Берік Әбішевке беруден бастауды ұсынамын. Біз өз батырларымызды қазірден бастап танып, мойындауға тиіспіз.
 
Осы орайда тағы бір мәселеге тоқталуымыз керек. Әбір оқиғаның батырлары болатыны тәрізді, оның сатқындары да шығады. 1986 жылы Желтоқсанда жастарды қаралағандарды біз люстрацияға ұшыратып, әшкере етпедік. Назарбаев, Мәми секілділер билік басында болды. Бірқатар зиялысымақтар да жастарға қарсы шыққаны белгілі. Қаңтар тұсында да халықты қаралаған оңбағандар аз болмады. Арасында депутаттар, адвокаттар, жазушысымақтар болды. Олардың да атын атап, түсін түстеу керек. Ол тізімнің көш басында «қоғам қайраткерлерін індерінен суырып алып, соттау керек» деген депутат-сымақ Айдос Сарым тұруы тиіс деп ойлаймын. Ары қарай да тізімді жалғастыру оңай. Оның қазіргі серіктерін де міндетті түрде әшкере етеміз. Түрмеде елдегі жаңалықтарды теледидардан көреміз. Билікшіл, дәлірек айтсақ, Кариншіл саясаттанушылар елдегі "реформаларды" ауыздарының суы құрып мақтап жатады. Бірақ, мұның өтірік екенін дәл осы түрмеден шықпай-ақ көріп, біліп отырмын" дейді белсенді.
 
Хатының соңында Жанболат Мамай саяси реформаны жеделдетіп жүзеге асыру мен реформаны биліктен талап етудің маңызы туралы айтты. 
 
"Бір нәрсені жақсы түсіну керек: реформаны біртіндеп, тасбақаның адымымен жасау мүмкін емес. Реформаны тез, қарқынды жасамаса, ол реформа болмайды. Грузиядағы Саакашвили реформасы – соның мысалы. Бір ғана саланы реформалаймын, қалғанына кейін көшемін деу де өтірік. Сондықтан, биліктен жылдам өзгерістерді талап ету қажет. Ең алдымен, бостандық, еркіндік болмай, елде еш өзгеріс болуы мүмкін емес. Екіге бөлінген бір ғана Кореяны алыңыз. Бірі – демократиялық, еркін, соның нәтижесінде дамыған мемлекет. Екіншісі – тоталитарлы, диктаторлық, оның кесірінен дамымаған, кедей ел.
 
"Қазақ демократияны түсінбейді, бұл бізге жат" деген назарбаевшылардың сөзі бастан аяқ өтірік. Біздің алдымызда екі жол бар: бірі – демократия, даму, қуатты болу, екіншісі – авторитаризм, кедейшілік, артта қалу. Таңдау жасайтын кез келді деп санаймын. Белгілі себептермен дәл қазір сіздердің араңызда жоқпын. Бірақ, ойым, рухым сіздермен бірге. Егер 4-қаңтар айналып келсе, сол күні бейбіт митингіге шығуға қалай үндесем, қазір де сол қадамға қайта барар едім. Назарбаевтың жеке-дара билігін топалаң асырған халықтың бастамашысының бірі болғаныма еш өкінішім жоқ. Әрине, алдағы бірнеше жылды абақтыда өткізуім әбден мүмкін. Бірақ, бұған да дайынмын. Менің өмірім қаңтарда оққа ұшқан, қамалған, азапталған қазақтікінен артық та емес, кем де емес. Жүрегімде Құдайға деген сенім бар. Қазақтың жарқын, азат болашағына да сенімім мол. Түбінде жеңіске жететінімізге көзім жетті. Қоғамның, Халықаралық ұйымдардың қолдауы да қуат беруде. Алдағы сотта басымды иіп, айыпты болып тұрмаймын. Маған қарсы қозғалған қылмыстық істің артында кімдердің тұрғанын, олардың қылмысы туралы ашық айтамын. Қаңтарда қан төккендердің аттарын да ашық айтамын. Сіздерді де бұл сотқа шақырамын. Кімнің кім екенін білесіздер( дейді ол.
 
 
Оппозициялық саясаткер, тіркелмеген Демократиялық партияның лидері Жанболат Мамай ақпан айынан бері қамауда отыр. Ол алдымен қаңтар оқиғасы құрбандарына арналған қаралы митингті ұйымдастырғаны үшін 15 тәулікке, артынша екі қылмыстық іс бойынша екі айға қамауға алынған.  2022 жылғы 10 маусымда уақытша қамау мерзімі 2022 жылғы 9 шілдеге дейін ұзартылған. Оған  "қарабет" дегені үшін құқыққорғау органы қызметкерін қорлады, несие амнистиясына байланысты "жалған ақпарат" таратты деген айып тағылған. Жақында ғана Жанболат Мамайға қылмыстық кодекстің тағы 2 бабы – 272-баптың 1-тармағы (жаппай тәртiпсiздiктi ұйымдастыру) және 274-баптың 4-тармағы (көрінеу жалған ақпарат тарату) бойынша айып тағылғаны белгілі болды. Жанболат Мамайдың жақтастары мен адам құқығы саласындағы беделді халықаралық Human Rights Watch және Amnesty International ұйымдары белсендіні қудалаудың саяси астары бар екенін айтады.
 
"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: Жанболат Мамай

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір