• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

16 Сәуір, 21:39:33
Алматы
+35°
Ресейдің Украинада соғысып жатқан құрлықтағы әскері шегініп, Қара теңіздегі әскери флагманның апатқа ұшырауына байланысты Мәскеудің әскери сәтсіздіктері өрши түсті. Әскері әлемдегі ең мықтылардың бірі деп саналып келген елді саны мен қуаты жөнінен өзінен аз күш қанға бөктіріп жатқанын аса ыждаһат танытып бақылап отырған бір ел болса, ол Қытай, деп жазады Associated Press агентігі.

Басылым Қытай Ресей сияқты қарулы күштерін кеңестік үлгіде жасақтайтындықтан, Си Цзиньпин Ресей әскерінің Украинадағы басқыншылық кезінде әшкереленген әлсіз тұстарын мұқият сараптайтынын жазады. Сол арқылы мұндай жағдай өзінің Халықтық азат ету армиясының басына келуінен, Тайвань аралына байланысты қарым-қатынасында қайталануынан сақтанғысы келеді.

Массачусетс технология институты қауіпсіздік саласындағы зерттеу бағдарламасының директоры Тейлор Фравел Ресей әскері ондаған жыл бойғы үлкен реформаны, инвестицияны бастан өткергеніне, Грузия, Шешенстан, Сирия мен Қырымдағы сияқты қиылдарға қарамастан, Украинаға басып кіргенде ойсырай сәтсіздікке ұшырап жатқанына назар аударды.

 

Сөзінше, сарапшылар Украинаға басып кіргенде Ресейдің тиісті дайындығының болмағанына, ұрыс алаңында бағдары нашарлығына, әуедегі және жердегі операцияларды тиімді үйлестіре алмағанына таң қалған.

 

Соғыс барысында Ресей жауынгерлерінің тамағы таусылып, көліктері сынған. Үлкен шығынға ұшырап, әскерін Киевтен шегіндіруге мәжбүр болған. Өткен аптада зымырандық "Москва" кемесі суға батып кетті. Украина оны атып түсіргенін айтса, Ресей тарапы апатқа кеме бортындағы өрт себеп болды дейді.

 

Фравел "осының бәрін көріп отырған Си Цзиньпин әскері туралы шынайы ақпарат алып отырмын ба деп ойлануы әбден мүмкін" дейді.

 

АҚШ-тағы мемлекеттік қызмет көрсету бойынша компанияның аға консультанты Дэвид Чен Қытай әскери шеберлігіне баға беретіндей соңғы уақытта ірі конфликтке түспегенін, соңғы ірі қақтығыс Вьетнаммен 1979 жылы болғанын атап өтті.

– Қытай қақтығыс кезінде белгісіз факторлардың күткендегіден де көп болатынын алаңдатарлық сигнал есебінде қабылдап отыр. Ресейдің Украинадағы тәжірибесі Әскери ғылым академиясы мен Ұлттық қорғаныс университетінің қағаздарындағы шынайы болып көрінетін жайттан іс жүзінде айтарлықтай күрделі болуы мүмкін екенін аңғартты, –  дейді Дэвид Чен.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір